Өлең, жыр, ақындар

Арман сыры

  • 13.09.2021
  • 0
  • 0
  • 386
Қайтсам дедім гүл теріп қырға барып,
Жатты жонын қамқа бел нұрға малып.
Сол қырат мың құбылған келбетімен,
Тәнті етіп өзіне тұрғаны анық.

Алтын тәжі кимеген гүл қалмады,
Сол қырқаға құйылған нұр баурады.
Асық болдық жеткенше біз барғанда,
Ғажайып нұр келесі қырға аунады.

Келесі қырға түскен аударылып,
Қуып бердік сол нұрды баурады үміт.
Әрең зорға ентігіп біз жеткенде,
Ғайып болды ғажап нұр тауға кіріп.

Бұл не ғажап, жеткізбес биік пе екен,
Гүлдерімен бұл мекен сүйікті екен.
Не болмаса өзіне ғашық етіп,
Жеткізбей жанда қалған күйік пк екен?!

Ғажап зат па жаралған үміттерден?
Жеткізбеді жандарға үміттенген.
Кешқұрымның алдында қырға шыққан,
Жасырды ма жүзін қыз-жігіттерден?!

Сәулесі жоқ қайтеміз кешін майда?
Жеткізбеді бұл сәуле шешімді ойға.
Күйің жетсе тауға шық деп тұрғандай,
Қара таудан ары асып кету қайда?!

Жігеріңді тастамай күресінге,
Кейде осылай арман деп жүресіңде.
Сол сәулеге қош айтып кете бардым,
Қар таумен дәрмен жоқ күресуге.

Келмейді екен мезгілмен мұңдасуға,
Талғамыңды бұл тағдыр тыңдасын ба?
Есіл шақты сол сәуле еске салды –ау,
Қалып қойған арман боп шың басында!

Қайда жүрсің жан сезбес нәзік сырым?
Кінә менде, бәріне жазықтымын.
Елесің кеп шертеді ауық-ауық,
Жүрегімнің ең сырлы нәзік қылын.

Жаным менің сені ойлап жылады іштен,
Бұла мінез, өр кеуде бұла күшпен.
Аққуы жоқ айдындай толқып кәңіл,
Көкірегімнің арнасын ұрады іштен.

Қосылмады арман-ай, тұнық арна,
Алыстадық күн көзі жылынғанда.
Сағынғанның өзі бір ғанибет-ау,
Оңашада сездірмей тірі жанға.

Қасыңдамын жаным-ау ұмытпағын,
Жақтырмаймын адамның ұмытшағын.
Сары күзджей сарғайып жүргеніңде,
Бұлт боп ұйып басыңа жылыстадым.

Ұмытпаймын, несіне жасырамыН?
Айтып өтем арманның асыл әнін.
Қатал қыстай қатайып жүргеніңде,
Қарғалдақ ьоп тауыңнан ашыламын.

Сыр жеткізген айтпай-ақ таныс жанар,
Кеудемдесің мейлі сен алысқа бар.
Көл жағалап көктемде жүргеніңде,
Аққуың боп хаттарым барып қалар.

Алыстаты бұл тағдыр қауышарда,
Ғазез жүрек арманын тауысар ма?
Маған аса көңілді бір хат жазғын,
Көктемеден шілдеге ауысарда.

Көкірегіме сен деп сыр жия білдім,
Жүрегімді сол сырға ұя қылдым.
Тұрса сусап аулаңда бір түп шынар,
Ерінбей тұнық судан құя жүргін.

Бәрі өкініш, жеткізбей барады арман,
Бір шыңым ең, өзгеден дараланған.
Үркітпегін тауыңнан марал көрсең,
Өмірдегі өзімдей жараланған.

Қалайша сені ұмыт қалдырайын,
Сені іздеп қанатымды талдырайын.
Түніменен сені ойлап көз іле алмай,
Таң алдында сені ойлап қалжырайын.

Мен өзіңді қай кезде аңсамадым,
Жете алмай таусылды қанша амалым?
Жолыққанда сені ойлап қарсы алмасам,
Сол мезет сені ойлап шаршағаным.

Өтті күндер өзеннің ағысындай,
Ақ жүзіңнің жүрсе екен сағы сынбай.
Қуанысып жолғасар шақтарыңда,
Амандастым жай ғана танысыңдай.

Басыңды ійіп тағдырға тұзақ құрған,
Алыстадақ қаладан, ұзап қырдан.
Қуаныштың жүзімде табы қалмай,
Жаным іштей сездің бе жылып тұрған.

Қимайсың ғой көңілден сезіп сырды,
Қайтып жаның бұл күйге төзіп тұрды?
Қоспайтыны бар екен мына тағдыр,
Бізді қайта несіне кезіктірді?!

Тағы сенмен өлең боп жүздесейін,
Өткен күннің елесін іздесейін.
Сенің қоңыр шашыңды тарау үшін,
Самалың боп көгіңнен күзде есейін.

Жазарым жыр өзің деп, саларым ән,
Шықпай қойдың ешбір кез назарымнан.
Тәтті елеске еләтіп қалғып кетіп,
Сағыныштың оянам азабынан.

Сағыныш мұңын сезбесінші деп жамалым,
Құлыптап едім сезімнің заңғар қамалын.
Жаңбырдан соңғы даладай тыныш күйде едім,
Кездестім дағы от болып кетіп барамын.

Әйел жүрегі сездірмеу үшін жаралған.
Сезілген шақта аласарады бар арман.
Қоштасар шақта шықтардың ұқтым сезімін,
Мөлт етіп тамған жапырақ дейтін жанардан.

Таныс сол дауыс құлақта тұрды жаңғырып,
Саусақтың ізі оң білегімді талдырып.
Алапат сезім алысқа алып жоғалды,
Армансыз кезді мәңгілік артта қалдырып.

Түсіңе кірер ұйықтайын десең дұрыстап,
Ауада жүрер отырсаң еркін тыныстап.
Ұзақ жолдарда, қарбалас тіпті сәттерде,
Үзілмес сезім тастасаң дағы қылыштап.

Жүдетіп бітер ғажайып сезім астарлы,
Өмірде ән көп біреуі ғана жатталды.
Осының бәрі ең алғаш сәлемдескенде,
Шып-шымыр қолдан өрбіген оттан басталды…

Ойдан азат баларсың бұдан былай,
Мені алып есіңе жүрсіңбе ұдай?
Домбыраңның үзілмес шанағынан,
Бір ән болып өтерміз жылай-жылай!…



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Таудан биік

  • 0
  • 0

Сезіміңді жасыру да бір мұң ғой,
Кірпігіме асылуда бұл күнде ой.
“Көзің талса тауға қара” дейсің сен,
Таудан биік саған қарап жүрмін ғой!

Толық

Бәлкім

  • 0
  • 0

Қуанышым құлдилайды еңіске,
Бұрымымдай иығымнан құлаған.
Мөлдір әлем кіргізбейді мені ішке,
Келмегелі көптен күткен бір адам.

Толық

Көкпар

  • 0
  • 0

Ат керек ауыздығын шайнайтұғын,
Бап керек сол тұлпарды сайлайтұғын.
Қайратты ерге мықты жігіт керек,
Сол аттың құлағында ойнайтұғын.

Толық

Қарап көріңіз