Үрейлі болып мен кей күн – Серік Тұрғынбеков

Бұл бетте «Үрейлі болып мен кей күн» атты Серік Тұрғынбеков жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 17.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1259
Үрейлі болып мен кей күн,
Өзіме өзім сенбеймін.
Кемедей тартқан жүрекке
Кеудеме жүкті теңдеймін.
Осынау фәни дүниеге
Мыңдары келген мендейдің.
Ажалым жетер бір күні,
Бәрібір оны жеңбеймін.
Өлгенше менде тыным жоқ,
Өзіме маза бермеймін.
Қырылдап даусым қалғанша,
Үніндей ескі кернейдің.
Біреуге шалқар көлдеймін,
Біреуге асу белдеймін.
Көктемім келсе көксеген
Көкорай көңіл көгіне,
Көшіп бір қонған елдеймін.
Басыма қысым – қыс түссе,
Қаңтарда жауған қардан соң
Қымтанып қалың көрпесін
Жатып бір қалған жердеймін.
Ағымнан бір күн жарылсам,
Ағыны қатты дариядай
Ағыл да тегіл селдеймін.
Бәрібір, Тағдыр, мен сенің
Алдағаныңа сенбеймін.
...Тәлкегіңе де көнбеймін!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері