Санына садақ ілдірмей – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Санына садақ ілдірмей» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 22.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1011
Санына садақ ілдірмей,
Сағым боп ақты күндерім.
Сақтадым сабыр білдірмей,
Сырымды ұғар кім менің?!
Жарқылдап түссе жай қырға,
Жарыса жастан жырладым.
Арқамды тостым жаңбырға,
Алмаққа содан бір жалын.
Тілініп төзім табаны,
Болдырттым атын ақ таңның.
Бал үміт – рахат табағы,
Таулардың қойнын ақтардым.
Үзілген жұлдыз түймесін
Іздедім иірім түбінен.
Қиялға кезек тигесін,
Қиянда кездім түнімен.
Шаттықтан тігіп шатырды,
Алмадым көздің шырымын.
Алқызыл гүлдер шақырды,
Алдыма тосып шырынын.
Аққуға алқа тақтым да,
Айдынды әнмен желпідім.
Жаһаннан жаннат таптым да,
Жел болып шолдым жер түбін.
Табиғат көркі арбады,
Сұлулық – семсер тіл кесер.
Таусылса адам арманы,
Тірліктің өзі құр бекер...

1973


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері