Өлең, жыр, ақындар

Емен

  • 22.09.2021
  • 0
  • 0
  • 840
Өркен жайған, еңсесі көк тіреген,
Көктем сайын жапырағы түлеген,
Жолаушылар көлеңкесін саялап,
Жыл құстары бұтағына түнеген,
Мекен етті долы өзеннің жиегін
Ұзақ жылдар мейірімді бір емен.
Қайсар еді, қайратты еді не деген,
Не көрмеді ғұмырында сол емен?!
Шыдап бақты сақылдаған аязға,
Жонын тосты дауылдарға тебеген.
Құлап барып... қайта бойын түзеді
Жайдың оғы ұрғанда да төбеден.
Таң атты да, шыр айналып батты күн,
Өтті жылдар баса алмастан аптығын.
Өзен шулап тойлады өз шаттығын,
Ал еменнің өзегінде жатты мұң.
Тентек өзен күні-түні ұрғылап,
Бара жатты жарлауытты ұңғылап.
Тамырларын толқын тістеп кемірді,
Қайран емен қасарысып тұр бірақ.
Өмір-өлім қақтығысып, күресіп,
Теңселеді толқындармен тіресіп.
Тамырларын ұстап тұрған топырақ
Тоз-тоз болды... ағынменен ілесіп.
Қалмаған соң тамырында дәрмені,
Қалтыратты дүлей толқын пәрмені.
Құлады емен өкіріп кеп өзенге,
Таусылды да тірлігінің бар демі.
Түбірімен төңкерілген еменді
Таудай толқын қағып ала жөнелді.
Соқты апарып жағаға да, тасқа да,
Мыңқ етпестен аға берді ол енді.
Жапырағы сыбырласып желменен,
Баяғыдай сыңсымайды енді емен.
Қош айтысты ол ғұмырына өткерген,
Қош айтысты ол күндеріне көрмеген.
Күн нұрымен көріктеніп көк пен жер,
Әлі талай келер жарқын көктемдер.
Ұмыта алмас бұтағына қонған құс,
Ұмытса да олай-бұлай өткендер.
Есіл емен салындыға айналып,
Ағыспенен кете барды айдалып.
Ұға алмады...
Қай қиырға бет алды,
Көк толқындар бара жатыр қайда алып?!
Қайтсін енді,
Қолдан келер жоқ түгі,
Көрді өлердей көресіні, тепкіні.
Шырқ үйіріп жағаға атып жіберді
Буырқанған асау өзен екпіні.
Байғұс емен сол жатқаннан мол жатты,
Қурап-солды,
Қатал тағдыр сорлатты.
Балта келіп бұтақтарын отады,
Отын болды –
Бәрінен де сол батты...
Арпалысқан алыса алмай өліммен,
Сонда да емен түңілмеді өмірден.
Бір күндері қайта көктей бастады
Бұтақтары топыраққа көмілген.
Көк шыбықтар саусақ жайып тұр шығып,
Өксіді емен іштей ауыр күрсініп;
Осы екен-ау астаң-кестең дүние,
Осы екен-ау арпалысқан тіршілік...

1977



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Барады баппен аяңдап

  • 0
  • 0

Барады баппен аяңдап,
Төбемнен алтын ай аунап.
Үркерім түсті жамбасқа,
Жұлдызым сөнді баяулап.

Толық

Өз қолыңмен өрт салма

  • 0
  • 0

Қаз қаңқылдар көлінде,
Құлан ойнар шөлінде.
Тарылмасын тынысың,
Қазағым, өз жеріңде.

Толық

Іргем бүтін тұрғанда...

  • 0
  • 0

Байтақ елмін басынан сөз аспаған,
Өз өлеңім өзіме – өз астанам!
Илеуіңе қашанғы көне берер
Қазақ жыры зорлықтан көз ашпаған?!

Толық

Қарап көріңіз