Өлең, жыр, ақындар

Хат

  • 23.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1439
(Тілеуберді Тынымбайұлына)

Ағажан,
Көкпар қайда, торы ат қайда?
Будақ шаң енді қайтып боратпай ма?
Соңына сопаң етіп шыға келер,
Бұл ғұмыр барады ұқсап шолақ сайға.
Жылдардан жүйрік мініп озған ба адам?
Тарғыл тас тәуір одан қозғалмаған.
Шапқанмен Шұбартауды шыр айналып,
Көк сағым жеткізер ме көзді алдаған?!.
Бұл қырда кім жортпаған, кім шаппаған?
Бұрлыққан небір тұлпар тың сақтаған.
Құйғытып желге қарсы жөнелгенде,
Талайдың көзден жасы бұршақтаған.
Сағынтса сонда қалған бозбала күн,
Тереңнен толқын атып қозғаламын.
Шоқтанып ұшқын шашқан қоламтадай,
Көрер ме ең көкіректің қоздағанын.
Жүрегім ботасы еді боз даланың,
Жетер ме құлағыңа боздаған үн?
Айтсаңшы, көрген бар ма бұрын-соңды
Болаттай бүтін тұяқ тозбағанын?
Жетсек те өзімізше кісі болып,
Өмірді сендей қайтіп түсінелік?
Қойнында көк өзендер көбік шашқан
Тұра ма асқар таулар түсіңе еніп?
Өзіндей табиғаттың таза қайда,
Бірауық бабаң келіп мазалай ма?
Сілкініп баяғыдай шығамысың,
Жанып ап жігеріңді нажағайға?
Үнемі көкейіме бір ән келіп,
Тұрады өткен мезгіл қылаң беріп.
Білмеймін, қоңыртөбел тіршіліктің
Қай күні жотасына шығам желіп?..

1980



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Іңгәлап жатқан едің

  • 0
  • 0

Іңгәлап жатқан едің жөргегіңде,
Айғайлап келдің, міне, сен де елуге.
Көп шығар алдыңда әлі көрмегенің,
Аз емес ал бірақ та көргенің де.

Толық

Ән-шашу

  • 0
  • 0

Домбырамды алайын,
Қанат қағайын!
Шырқап әнге салайын,
Тыңда, ағайын!

Толық

Кіре алмай дулы ортаға

  • 0
  • 0

Кіре алмай дулы ортаға,
Жүрегім лүп-лүп... бөгелдім.
Сөзімді орап торқаға,
Тойына келдім өлеңнің.

Толық

Қарап көріңіз