Өлең, жыр, ақындар

Алықұл аға

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 428
Алықұл аға, сөз сөйлеп тұрмын тойыңда,
Найзағай ойнап, бұлттар күркіреп ойымда.
Байтақ даладан тұйғындай ұшып жеттім мен,
Бүкіл қазақтың сәлемін артып мойынға.
Алдыңа келіп, ағалап тұрмын міне енді,
Тудай көтеріп жырыңнан алған жігерді.
Бішкекке елім жіберген жоқ қой ішпекке,
Ұлы ақынға тағзым етуге жіберді.
Аспаннан кенет періште үні жеткендей,
Табынам саған, Тәңірге тағзым еткендей.
Аранын ашып, ақырған ақ бас бурадай
Тағдыр да бүгін алдыңа келіп шөккендей.
Жаныңды сенің жегідей жепті ел мұңы,
Мезгілсіз босап өмірдің алтын белдігі.
Өткенді қозғап, кеткенді қуып қайтемін,
Дала мен таудың тарихы саған белгілі.
Асыл ағатай, жарқын жүзіңді көргем жоқ,
Құлатыпты ерте қаскүнем ажал мерген боп.
Сенің ғұмырың жетпеген жерге кешегі
Жырларың жетті Алатау асып, керуендеп.
Жатыпсың жалғыз, таңдайың кеуіп қаталап,
Көзіңнің жасы мөлдір жырыңдай боталап.
Сенетін досың өлетін сәтте табылмай,
Қасыңнан безіп кеткені жанға батады-ақ!
Өлімнің мәңгі орына сені түсті деп,
Сүйінші тілеп, қарғалар шулап ұшты кеп.
Арам ниетті ол байғұстардың сорына,
Сен шықтың бірақ ажалдан-дағы күшті боп.
Отырсаң бүгін қасқайып тойдың төрінде,
Тарқайтын еді шемендей қатқан шерім де.
Қазақ пен қырғыз талантты туған ұлдарын
Жүндегіш келер, күндегіш келер тегінде.
Алықұл аға, осыған кейде таңғалам,
Не қылған жұртпыз қорықпайтын тіпті Алладан?
Өлердей болдық жүрекке түскен жара мен
Өшпестей болып сүйекке түскен таңбадан.
Ежелден біздер ел емес пе едік тамаша,
Күн туса басқа, түсетін досқа араша.
Қырғыздың тауда күшігі жатты қыңсылап,
Ой жақта бөрі қазақтың итін таласа.
Ел емес пе едік бөліскен көңіл тұнығын,
Құзғынға қимас қыранға лайық тұғырын.
Сарыарқадағы сырқырады өгіз мүйізі,
Алатаудағы мүйізі сынса бұғының.
Ақ туын ұстап ұрандап шықсақ Алаштың,
Қосылды қырғыз суындай тасып Таластың.
Тауымыз да ортақ, жауымыз да ортақ халықпыз,
Пір тұтқан атын Қобыланды менен Манастың.
Аяулы аға, сен де айттың кеше осыны,
Ұлан ойларың үріккен еліктей жосыды.
Екі елді бірдей емірене сүйген жүрегің
Сұрқай заманның сұсынан қатты шошыды.
Арман мен үміт көп еді алдан сен күткен,
Отыз бес жаста өмірден көштің ерлікпен.
Үніңді дереу жартастар түгел жаңғыртып,
Ізіңді дереу әкетті жалғап жол біткен.
Зарыңды айтып, барыңды айтып жасырмай,
Жарқ етіп ақтың аспанды тілген жасындай.
Қырғызға біттің Алықұл Осмонұлы боп,
Қазаққа біткен Аманжолұлы Қасымдай.
Алықұл аға, рухыңа сенің мұң шағам,
Бауырың едім жырыңа жастан сусаған.
Ағаңның тойын атқарып кел деп жіберді,
Қалың қазағың осында мені жұмсаған!

1987



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ана дауысы

  • 0
  • 0

Құлыным­ау, анашың қалды қайран,
Естідім деп осынау әнді қайдан, әнді қайдан.
Шырқалғанда «Жас қазақ» сені ойлаймын,
Көз алдыма елестеп қанды майдан, қанды майдан.

Толық

Ойлар, ойлар ортаға ап қамалады

  • 0
  • 0

Ойлар, ойлар ортаға ап қамалады,
Ойсыз жандар опық жеп қалады әлі.
Көкірегімді қыздырып, жүрегіме
Күннің қызыл кірпігі қадалады.

Толық

Бас сүйектер

  • 0
  • 0

Уақыт!
Сенен озамын деп айта алман,
Cен бiр жүйрiк желдей ескен майталман.
Есебiңнен жаңылмайсың ешқашан,

Толық

Қарап көріңіз