Өлең, жыр, ақындар

Аққу махаббат

  • 26.11.2015
  • 0
  • 0
  • 5836
Жазушы Хамза Есенжапов пен оның зайыбы дәрігер София Тастемірованың рухтарына бағыштаймын

Ит тұмсығы өтпейтұғын ну орман,
Құлаққа ұрған танадай боп тұрар маң.
Таңмен талас төңірекке жан бітіп,
Тіршіліктің дыбыс-үнін шығарған.
Алаңқайда жапыр-жұпыр жертөле,
Қыбыр-жыбыр оянады ертемен.
Құр сүлделер - көлеңкелер ілбиді,
Сан өкініш өзектерін өртеген.
Қиын кезде кім тағады ерге мін,
Құп аласың, бір алланың бергенін.
Қатал тағдыр тәлкегіне түскен соң,
Домалайды жұмыр басы пенденің.
Жайсаң жазды қас қағымда қыс қылып,
Билік құрды «айтулы аяз» үскірік.
Солды гүлдер сорлы күндер пендесі,
Зар замана танытқан соң күштілік.
Қос аққудың бір сыңары тайгада,
Екіншісі?.. Мекені оның айдала.
Кеуде бөлек болғанменен, тілек бір,
Куә бұған көктегі Күн, Ай ғана!
Өмір, өлім таразыға түсіп тұр,
Мұндай сәтте сенім деген күш ұтқыр.
Бір жыл жүріп, әрең жеткен жар хаты,
Қанат беріп, кетер ме еді ұшып бір!
Қасқыр иттер абалайды жын ұрып,
Қызыл қанға кеткендіктен құнығып.
Тайгадағы әр теректің түбінде
Арыстардың жатыр көзі жұмылып.
Күн қызарып ұясына батқанда,
Жүрек, шіркін, әлсіз соғып жатқанда,
Болар-болмас жыбырлайды еріндер,
Үміт артып бір кележақ ақ таңға...
Аққу жатыр жертөледен шыға алмай,
Халі де жоқ не болғанын ұғардай.
Жан азабы, тән азабы қойсын ба,
Өз-өзінен кетпейді ғой бұлар жай.
Аққу жатыр әбден сарқып үмітін,
Оның қазір түні түгіл, күні түн.
Асыл жардың бір жарқ етсе ақ жүзі,
Туған жердің болса ауасы бір жұтым.
Аққу жатыр, әйтеуір бір тірі аруақ,
(Көрген азап қашан, кімнен сұралмақ?..)
Әділеттің ауылына жеткізбей,
Жалған тірлік өткенің бе құр алдап?!.
Аққу жатыр, ойлап жатыр сыңарын,
Біліп жатыр, ұзамай күрт сынарын.
Осы сәтте, осы сәтте тұр еді
Сүйген жары жерде ғана бір адым!
Сыңары үшін жан аямай күресіп,
Өтті жылдар. Ашты-жапты жүз есік.
Сүйген жүрек жалынына шыдамай,
Жібіп еді қатқан мұздар сіресіп...
Алты ай жүріп, әрең жетті тайгаға,
Тағдырымыз бір болсын деп қайда да.
Ажалдан да арашалап алатын,
Ей, жас ұрпақ, махаббатпен ойнама!!!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Біз сыр ашқан...

  • 0
  • 0

Қоштасқан соң қызулы шақтарыммен,
Елтімейтін болыппын бақтағы үнге.
Бірақ сонау қызығы мол күндерді,
Көкірегіме мәңгілік сақтармын мен.

Толық

Құлан едім...

  • 0
  • 0

Құлан едім құлдыраған далада,
Еркіндікке ерке көңіл қана ма?
Аяғыма тұсау түсер деген ой,
Еш уақытта кірген жоқ-ты санама.

Толық

Текті болсаң

  • 0
  • 0

Көп адамдар мақсат тұтып биікті,
Осы жолда тоқыпты да, күйіпті.
Барын салып, жанын салып жүргенмен,
Ел-жұртына болмас бәрі сүйікті.

Толық

Қарап көріңіз