Өлең, жыр, ақындар

Жібек жолы

  • 26.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1483
Сүйреткен жібек арқан телқоңыр тай.
Халық өлеңінен

Ешкім жоқ түгел түстеп білдім деген,
Кім жортып, бұл далада кім жүрмеген?
Кім білсін, қанша керуен келіп­кетті,
Қоңырауы күндік жерден күмбірлеген?
Шежіре – атамекен шартарабы,
Сан тарау сайрап жатыр жол сорабы.
Сөйлейді көне қала, көне қорған,
Көміліп құм астында қалса­дағы.
Ойлаған ерлер елдің болашағын,
Түгендер типыл болған қала санын.
Секілді талай шаһар тірлік кешкен:
Отырар, Сайрам, Қойлық, Баласағұн.
Жоқтайды іштен тынып шерлі дала,
Байға да, мекен болған жарлыға да.
Қайнаған қанбазарлы қалалардың
Томпайып жатыр енді орны ғана.
Құл болған қайда барса пұлға ғана,
Саудагер таңсық емес бұл далаға.
Тоздырып керуенсарай босағасын,
Сырғыпты бір қаладан – бір қалаға.
Батыры бес қаруын күнде асынған,
Даланы ол заманда кім басынған?
Жусаннан аласа боп жібек сатқан,
Шыққандар керуен тартып Шын­Машыннан.
Бабалар түсіне енер ұрпағының,
Тұрманы алтын­күміс тұлпарының.
Келгенде тебінсініп қас дұшпанын
Сыйдырған қауызына бір тарының.
Аңыз ғой айта берсең бұрынғыны,
Айменен шағылысқан туырлығы.
Оң жақта аялаған аруының
Жібектен желбіреген шымылдығы.
Жібектен шашбауы да, орамалы,
Сан ақын оралады оған әлі.
Қызынан қазақ асыл аямаған,
Кетсе де алдындағы қора малы.
Шығыстан жібек судай ағылыпты,
Торқаға байтақ дала малыныпты.
Батысқа бет түзеген керуендерді
Еуропа базары да сағыныпты.
Керуендер аман өтіп сан дауылдан,
Сабылып Батыс­Шығыс сауда қылған.
Өшірген Жібек жолын келе­келе,
Замана көк теңіздей аударылған.
Өзендей тынбай ағып сарқыраған,
Жетіпті осы күнге халқым аман.
Түбіміз асыл текті сақтар екен,
Патшасы алтын киіп жарқыраған.
Өткенім ұмытылмас енді өмірі,
Тұрғанда аталардың төрде жыры.
Ғасырлар қойнауынан кісінейді
Сүйреткен жібек арқан телқоңыры.
Тарихым Жібек жолмен бірге өрілген,
Тамырын тани алмас кім көрінген.
Түгендеп дәуірлерді өткен­кеткен,
Ақынға жырлау үшін тіл берілген.
Бұл жолда сыры бұққан мың жылдардың,
Ізі бар қандыбалақ қырғындардың.
Астында топырақтың тағдыр жатыр,
Үңіліп қарар болса бұл күнде әркім.
Әлемге ойран салған атысып сан,
Қадірін асыл бұйым Батыс ұққан.
Шыңғыстың жорығы емес, ең әуелі
Шығыстың шым жібекпен аты шыққан.
Сауданың небір сиқыр сырын ашқан,
Керуен Қырым асқан, Үрім асқан.
Түйенің табанымен Жібек жолы –
Жазылған жер бетіне Ұлы дастан!
Өзегі ұлы жырдың менің далам,
Төсінде сансыз керуен дамылдаған.
Жасай бер, Көк байрақты байтақ жұртым,
Ешқашан көкжиегі тарылмаған!..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бүктетіліп атыларсың...

  • 0
  • 0

Адасқанның көрген күні күн емес,
Қаңғырған жан қайда барып түнемес?
Қайыршының күркесінің шамындай,
Жер түбінен жылтырайды бір елес.

Толық

Таулардың алып батасын

  • 0
  • 0

«Қараймын көкшіл далаға,
Толқимын іштей, ойланам.
Ұлы ғой Кавказ, жан аға,
Өзіңе жету қайда оған!»

Толық

Көкірегім – бақ, жүрегім – бұлбұл менің

  • 0
  • 0

Көкірегім – бақ, жүрегім – бұлбұл менің,
Енді маған мойныңды бұр, күндерім.
Шалдықтырмас жанымда кәусарым бар,
Шаң жұқтырмас шашама бұл бір кезім,

Толық

Қарап көріңіз