Өлең, жыр, ақындар

Кешкі сурет

  • 06.11.2021
  • 0
  • 0
  • 645
Аппақ шуақ шашылғандай шат күлсең,
Көкірегімнен ақ таң болып аттың сен.
Астыңа бір алтын жалды ат мініп,
Кешкі күнге кіріп бара жаттың сен...
Жас жанымды мазалайтын сан сұрақ,
(Қалған көңіл есін жиды қансырап).
Атқан таңым бара жатқан сияқты
Кешкі күнге атын сипай қамшылап.
Ту сыртыңнан толқып тұрдым қуанып,
Сол бір сәтке туған жерді куә ғып.
Сурет көрдім иінағашпен Ақсудан
Үйге қарай қайтқан кезде су алып.
Тұла бойды бойлап кетті діріл жай,
Тұңғыш діріл балалықтың сырындай.
Кешкі күннің шапағына шомылып,
Тура тарттың еш жаққа да бұрылмай.
Шұғылалы ыстық сезім бойды алып,
Жер теңселіп, кетті басым айналып.
Астына бір алтын жалды ат мінген
Сағынышқа бара жаттың айналып...
Табынғандай болдым алау отқа кеп,
Ғашық сезім сияқты екен «соқпа дерт».
Көкжиекке тұрдым үнсіз ұзатып,
Тілім келмей айғайлауға тоқта деп.
Бізден алыс қонған екен бақ білсем,
Қай отаудың от-шырағын жақтың сен?
Күнмен бірге көкжиекпен көзімнен
Көкірегіме көшіп бара жаттың сен...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бір арман

  • 0
  • 0

Асулардан қаншама аман өттім,
Уақыт өзі бергендей маған екпін.
Көктемімді тойлауға шақырып бар
Достарымды келеді қонақ еткім.

Толық

Адамзатпен адаммын бір туысқан

  • 0
  • 0

Адамзатпен адаммын бір туысқан,
Туысқанға болады күлкі дұшпан.
Қайран елім! Айыпсыз аққулардай,
Атылған оқ дауысынан үркіп, ұшқан...

Толық

Кешір, ана

  • 0
  • 0

Кімдер кетіп, бұл өмірге кім келеді,
Тірі жүрмін, өткеріп не күндерді.
Кешір мені, қайран ана, басыңа,
Құламайтын қоймаппын-ау бір белгі?

Толық

Қарап көріңіз