Өтпелі, бір сәтпен дос, өлшемегін – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Өтпелі, бір сәтпен дос, өлшемегін» атты Қанипа Бұғыбаева жазған достық туралы өлең берілген.

  • 07.11.2021
  • 0
  • 0
  • 602
Өтпелі, бір сәтпен дос, өлшемегін,
Жүрекке жолаушыдай жол шегемін.
Адамның ақшасы емес, ақылына
Апаннан ап шығардай мен сенемін.
Сенгенге, сезіктенбей мен сенемін,
Айныман, сол мінезден келсе де өлім.
Ақша емес, ақылымды сәл азайтсам,
Қурайдай желді күнгі теңселемін.
Өтпелі өтіп жатыр өмір ағын,
Көңілдің іліп-тартып қоңырауын.
Білсең дос, алтын-күміс сыңғыры емес,
Бұлақтың сылдырына шомыламын.
Жарығын түсіргендей жолыма күн,
Сәулеге жүрген сайын жолығамын.
Әлдилеп жан жүректі тербетеді,
Баяғы қоңыр тірлік, қоңыр әнім.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері