Есенинге – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Есенинге» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 08.11.2021
  • 0
  • 0
  • 659
Төрімде суретің тұр гүл ұстаған,
Бет – бейнең неткен ыстық туыс маған.
Толқындай жирен сары бұйра шашың,
Өлкеңе ұқсайды екен күн ыстаған.
Біледі бір мен емес атыңды әлем,
Кеудеңнен күміс таңды сапырған ең.
Өре алған «фарсы сазын» келістіріп
Таңданам бір өзіңдей ақынға мен.
Айналған аты аңызға өлең гүлі,
Тіл қатқан арманына келер күні.
Бере алған бір сәтіңді келістіріп,
Ғажап-ау, суретшінің шеберлігі.
Қадалам келбетіңе күнде ойланып,
Көркіңе теңеу таппай, тіл байланып.
Шарбаққа сүйеніп сол тұрған күйі,
Кетіпсің өзің де бір жырға айналып.
Ұқсайсың бір өзіңнен өзге кімге,
Дарасың, даусың қалған өз көгіңде.
Кезгендей сезімімнің ирімдерін,
Сиқыр бар сырға толы көздеріңде...
Жас балғын қиял-ойға беріліп тым,
Кеткенің көрер көзге көрініп тұр.
Сұр костюм түймелері салынбаған,
Дәуренін паш еткендей серіліктің...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері