Бір ғашыққа – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Бір ғашыққа» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 11.11.2021
  • 0
  • 0
  • 636
Ежелден бір жігіттің сөзі қанық,
Жазады-ау ақ қағазды өрнектеп-ақ.
Шалғайда шала-жансар өзі қалып,
Жүрегін жібереді конвертке орап.
Сөздерін баяндап мен тізе алмаймын,
Тым құрса көрсетпеді түрін бір кеп.
Күніне сол жігітті жүз ойлаймын,
Қалайша жүрексіз ол тірі жүр деп...
***
Сүйем деп айғай салып сүйме мені,
Оны айтсаң, жаным жаман күйге енеді.
Айтпашы, ғашық жарым, өтінемін,
Сол сөзді басқа біреу үйренеді...
***
Көңілге жыр ғып құйып дала сырды,
Қиялды қай-қайдаға жол асырды.
Шаттықтың дауылымен үйіріліп,
Кеудемнің теңіз күйі аласұрды.
Алдымда жатыр әне, түрлі асулар,
Күлкішіл күміс бұрым, жылға-сулар.
Жатқандай далам маған сырын шертіп,
Па, шіркін, қандай жақсы сырласулар!
Сонадан көз тартады көл де терең,
Көл болсам мен көбіңді шөлдетер ем.
Сыйса кеп бір кеудеме бар табиғат,
Бесік қып қыз жанымды тербетер ем.
Жанымнан жарып шыққан ыстық лептей,
Егін гүл жатыр әні құшып беткей.
Сабырды қайдан алдың, тентек жүрек,
Кеудемнен аққу болып ұшып кетпей!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері