Күлімдеп күн түседі көк кемеден – Шәмшия Жұбатова

Бұл бетте «Күлімдеп күн түседі көк кемеден» атты Шәмшия Жұбатова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 13.01.2022
  • 0
  • 0
  • 651
Күлімдеп күн түседі көк кемеден,
Құяды жан шуағын шеттегі әлем.
Бір биді бастап алып біте алмай тұр
Желбіреп етек-жеңі кеткен әлем.
Тамсантып таныс көше, таныс баған,
Біртіндеп үзіледі алыстағы ән.
Сәтбаев көшесімен бара жатыр
Қамығып әлденеге Қаныш бабам.
Тербеліп күй шанақтан төгіледі,
Әуені тебірентеді Сені, Мені.
Күн болып жаңа ғана күлген едім,
Жаңбыр боп жаным енді егіледі.
Асығып ағыс жүзді арналарда,
Арманын есіне алды толғанарда.
Қос көзін тарс жұмды да, құлдилады,
Сорлы құс шыңырауға сорғаларда.
Сарнайды сабыр таппай мұң шанағы,
Қобызға Қорқыт баба үн салады.
Ашады бұрқыратып жан сарайын
Қырмызы иісі аңқыған қыр самалы.
Қырмызы аңқытқанда жан сарайым,
Билейін, қуанайын, ән салайын.
Іздеумен күн сүйреген көк кемені
Кетті өтіп сарайларда қаншама айым?!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері