Суырылып кеудеден дара тыныс – Шәмшия Жұбатова

Бұл бетте «Суырылып кеудеден дара тыныс» атты Шәмшия Жұбатова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 13.01.2022
  • 0
  • 0
  • 943
Суырылып кеудеден дара тыныс,
Қызық болып құбылды жаратылыс.
Аспанның ар жағында аппақ астар,
Астардың қабатында қара тігіс.
Күлімдеп күн өтеді көшеменен,
Қанаты қуанышын еселеген.
Жасыл бақ жайқалады жол үстінде,
Жолына жапырағын төседі әлем.
Тағы да көшеменен күн барады,
Бұрылып жанарына мұң қарады.
Қайыңды ормандардың қапталында
Құлпырып қаншама гүл ырғалады.
Шығар ма сағынышым, сәулем, естен,
Тынады жыршы құстар әу деместен.
Қайықтар алға сырғып қалтылдайды,
Зырлаған Зуһра күн, Зәуре кешпен.
Қайықтар алға сырғып қалтылдайды,
Толқында күміс теңге жалтылдайды.
Қуарып құр сүлдері қалған дүние,
Айығып өз дертінен ән тыңдайды.
Қуарып құр сүлдері қалған ғалам,
Секілді ешқашан да толғанбаған.
Мамырдың мамыражай мезгілдері
Қарайды жапырақ төгіп алдан маған.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері