Замандасым, құлақ салып тыңдашы – Шәмшия Жұбатова

Бұл бетте «Замандасым, құлақ салып тыңдашы» атты Шәмшия Жұбатова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 15.01.2022
  • 0
  • 0
  • 765
Замандасым, құлақ салып тыңдашы,
Жамырайды бағанада жыл басы.
Бесік болып адамзатқа тербеліп,
Жер-ананың бітпей қойды іңгәсі.
Желбірейді тал басында жапырақ,
Елбірейді сағыныштан атырап.
Жыртықтары жер бетінің жамалып,
Тігіс біткен бара жатыр қақырап.
Жыртықтары жер бетінің жамалған,
Әлсіз шырақ жылтырайды қамалдан.
Әйтеуір бір ататыны анық қой,
Аппақ нұрын сауылдатып таң алдан.
Терезесін жудың ба сен, көңілдің,
Ара жігін айырдың ба көп үннің?
Көк айдынға құлаш ұрып шықтың ба,
Ал мен болсам, ақ көбікке көмілдім.
Сеземісің, өмір қандай тамаша,
Жаңа ғұмыр барады ағып жаңаша.
Тал менен тал өсіп жатыр жанаса,
Қуанады қайран дүние балаша.
Мынау өмір өзге түспен көктеген,
Жұлдыз біткен жарысады отпенен.
Қаңтар келіп, аппақ қарға бөктірді,
Көктем келіп, көгілдір түс төкті өлең.
Қаңтар келіп, аппақ қарға бөктірді,
Бөктірді де, жан азабын шектірді.
Нұрланумен сырлы ғалам тұрды да,
Наурыз айға жаңа көшет ектірді.
Замандасым, құлақ салып қараңыз,
Өмір ғой бұл. Бәрі ертегі, бәрі аңыз.
Қара бұрым төкпесе екен қара күз,
Жер бетінде қалмаса екен жаралы із.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері