Шаңқай түс
(дастан)
О, ғажап, жарқын дала, жарқын дала,
Ұлылық – ұмтылыс бар парқыңда да.
Тірлікке кештеу келіп қалғаннан соң,
Көремін ұлы көштің артын ғана.
Дүние, даңқы асқанда дариғаның,
Болады ақын менен қарида мұң.
Аралап кеткім келіп тұрады ылғи
Балауса баққа тұнған бар үй маңын.
Ісініп табиғаттың ыссы демі,
Күрсініп қаңтар айдың қысты лебі.
Ақша бұлт аспан жақтан күлімдеумен,
Қарлығаш қанат байлап ұшты деді.
Шартарап шаттықтан бір шаршамаған,
Бақыт боп балқиды ылғи барша ғалам.
Сендерге қарыздармын мәңгі бақи
Жасыл бақ, жазғы дүние, аршалы алаң.
Күн тұрды, ол да маған күлімдеумен,
Дүрсілге толар ма екен бүгін кеудем?!
Қайғысы жапырақтың желбіреген
Тұрады тал басына ілінбеуден.
Желкен де жапырақ боп желбіреген,
Қалмасын секем алып селбір әлем.
Талдардың тербелгені – ол бір ғажап,
Шырылы – бозторғайдың ол бір өлең.
Қыран құс қалқып ұшты көкке барып,
Жаз қалды екі аяғын шөпке малып.
Орман боп ойланады ортада күн,
Шымшығы шырылдаған шетте қалып.
Жалған-ай бұлдырық боп бұлдыраған,
Буынды босатарсың бір күні әман.
Мен Күнді ұнатамын шуақ шашқан,
Ұнатам сұлулықты сырғымаған.
Аман бол, бар сұлулық, сырғыма, сен,
Қаларсың аңыз болып бір күні әсем.
Қонарсың аққу болып бір күні әсем,
Өйткені жайылатын жыр құлашы ең.
Құс болып қанат байлап ұшқым келді,
Қонуға жерге қайта түскім келді.
Алаштың ардақтысын түсінбеген
Аяймын ғаламы тар мүскіндерді.
Жалаулы жастық шақтың жолдауымын,
Толғанай – Жер ананың толғауымын.
Майысқан ақ қайың боп тербелемін,
Тіршілік тоқтатпайды ол Дауылын.
Майысқан жаз айында ақ қайың бар,
Тамызда талықсыған тәтті айым бар.
Дабырлы дүниедегі даңққа келер,
Кенеттен, аяқ асты, дап-дайындар!
Мен бүгін дайын астың иесімін,
Көсем сөз, шешендіктің жүйесімін.
Кеудеме қонған үйдің киесімін,
Ашатын ән есігін, күй есігін.
Сабыр бер, сары дала, сарсыма, сен,
Қыстағы қаңтар айдың қаршығасы ем.
Жайнай бер жамал желге дидар тосып,
Қабығын ақ сүйріктің аршып әсем.
Рас қой, рас, иесі едім дайын астың,
Қапыда паналаған қайың астын.
Жанымда жанашыр жан болмағасын,
Қиналып парасаттан пайым аштым.
Жанымда жанашыр жан болмағасын,
Ақ бұлақ бұрып жатыр ол да басын.
Алаңқай аптықты да, су сұрады
Қызыл гүл құмыраға толмағасын.
Алаңқай аптықты да су сұрады,
Түбінде жылтырады бу шырағы.
Түндерде қалғымайтын ана жүрек
Бөбегін бауырына қусырады.
Паһ, шіркін, мен Бекеттің ұрпағымын,
Алаштың жарқыраған бір таңымын.
Жаңарған Жаңаөзенім, көктемдегі,
Зор үнін өр намыстың шырқа бүгін.
Тұманнан арылғалы Тұран далам,
Қазағым қайда барсам ұрандаған.
Ұқсаған Қорқыт баба қобызына
Ұмсынып келе жатыр бір ән маған.
Сол бір ән жетем деді, келем деді,
Көңілім көкке қарап елеңдеді.
Адамзат, алқымыңның түймесін аш,
Бөлектеп кім алады сенен мені?
* * *
Қызы кетіп қалғанда, ұлы жетіп,
Табаныңның астында жылып етік,
Дүбірлеген көктемнің демі келер,
Қабырғасын көңілдің сылып өтіп.
Дүбірлеген көктемнің демі келер,
Алдағы жаз бітпейді, еріге бер.
Сам құмының үстінде қалып қойған
Сары алтындай жарқырап сері кемер.
Ашыл, көңіл, алқынба, арғымағым,
Араларын ашқанда бар бұлағым.
Мына дүние дүбірлі күй сыйлады
Жарға тимей қойғанда жар құлағым.
Қабылдаймын тірлікті қаным барда,
Дауыл болып соғамын дамылдарда.
Сары ала қаз төбеден саз боп ұшты,
Сағынышым оранды сағымдарға.
Сағынышым төбеде саз боп ұшты,
Махаббатым маздады мәз боп ішкі.
Қысқы жайлау барады қымтанып ап,
Тамшылады жанары, жаз боп істі.
Жадыраймын, өмірдің жалғасы бар,
Арманмын ғой, өйткені, алға асығар.
Аққулардың мамығы бұрқырасын,
Аңқылдаған көңілдің арнасын ал.
Аңқылдаған көңілім, арымағын,
Сен арысаң, жоғалтар бәрі мәнін.
Қозыларым көгенге тірелгенде,
Сарғалдақтан аумады сары лағым.
Қозыларым көгенге тірелгенде,
Қақпаларын ашады бір ел менде.
Орман болып отызым ойланады,
Орамалым қалғанда күрең белде.
Орман болып отызым ойланады,
Ойланғаны – өмірге тоймағаны.
Қарлығыңқы дауыспен өткен күннің,
Құлағымда қалыпты тойдағы әні.
Өткен жылым, өткен күн, өткен апта,
Қызулық бар мәреге жеткен атта.
Жылан жылжып елімнен шығар ма екен
Қандай игі ырым бар төккен ақта?
Көктем болып өтсе екен көңіл деген,
Адам бар ма көктемге емінбеген?
Жібек түсті жып-жылтыр өңіменен
Желмен ұшып барады жеңіл көлем.
Түсін жылдам беретін жібек бар ма,
Бәйшешек гүл жатады түнеп қарда.
Маңайыңды жарыққа бөлей бергін,
Маңдайыңды шуаққа тіреп қал да.
Мүмкіндігі тұрғанда дүр ғаламның,
Жайқаламын, жайнаймын, ырғаламын.
Шермендеге шыланған бір жүрекпін,
Жан анасын сағынған бір баламын.
Шерменде күн, шеріңді тарқатарсың,
Сапқа тұрған талдардай әр қатарсың.
Сұлулыққа сұқтанған сұқ көздер көп,
Сақтанарсың, қарарсың, барлатарсың.
Сағынышпен табысқан сәттерімде,
Еріндерім тигенде тәтті ерінге,
Аққу болып ақ ұлпа әнім ұшты
Алатаудың аялы бөктерінде.
Қайран менің әндерім қар боп жауған,
Қара жердің бетінде тар боп аудан.
Сақта, құдай, азаптан, тағы сақта
Жоқ болудан, тағы да бар болмаудан.
Бармын, бармын, тағы да бола берем,
Жанарыңды жасырма, жаралы әлем.
Табиғатпын, дауылмын бора деген,
Орман – таумын бауырыңа ора деген.
Көлеңкеден кейде осы күдіктенем,
Жүруші едім өйткені үмітпенен.
Түк үндемей, тоң-торыс тұрған шақта
Жарылмасын тыныштық бүлікпенен.
Шалқая бер, шарықта, шаңқай түсім,
Атырау мен арала Алтай ішін.
Мен кез-келген адамға бара аламын,
Бір әлденіп алуға, шәй-пәй үшін.
Тағы әлденіп алармын, әлсірермін,
Жыл құсының күтемін жаршы лебін.
Тұрған ғалам, тербеліп қуанышпен
Жүрегімді тағы да жаршы менің.
Тұр-ау ғалам тербеліп қуаныштан,
Қуанышты жүрекке жұбаныш тән.
Шашыратқы гүліндей шашырарсың,
Сәуле шашқан дүние, шуақ ұшқан!
Жапырақтар жасарсын, бақ таранып,
Арғымақ күн ырғысын, аттар ағып.
Сағыныштың көз жасы кеппей қойды-ау,
Жыл құстары ұшса екен хаттар алып.
Лүпілдесін кенеттен жүрек біткен,
Дірілдеді дүние тірек күткен.
Қызыл-жасыл көктемнің арасында
Қарды күреп барады күрек тіптен.
* * *
Япыр-ай, күншілдік көп, сақта, ғалам,
Күн жаққа шыға алмайды аттамаған.
Заманның жалын ұстап зар жылады
Арынын баса алмаған аппақ алаң.
Мейлі ғой, зымыран жыл зар жыласын,
Қасқыр күн қақпанынан қарғығасын.
Әлеумет, әлі Сізге әңгіме айтам,
Бүгінгім – бастағаным арғы басын.
Аһ, дүние, астаң-кестең астана күн,
Бағатын бейбіт күннің қас-қабағын.
Үміттің тосқауылын талқан қылды
Тарғыл күн қолына ұстап тастабағын.
* * *
Жел іздеп боп ұштастың теңізбенен,
Менің іңкәр пейілім, жем іздеген.
Иыр-шиыр тірліктің арасында
Қиял кетіп барады көп ізбенен.
Тарс жабылған Ханша бар асқабақта,
Дірілдеген күлкі бар қас-қабақта.
Келесі кемел сырға кірдім, білем,
Ендігі айтар сөзім басқа хатта.
Шомылып ай астында, аттар ағып,
Балқыды маусым айы, бақ таранып.
Ай нұры толқып – сырғып көрсетеді
Айнадай ақ дүниені қап-қара қып.
Аһ ұрды, аптық басты алқара күн,
Айтуға арман жүгін арқаладым.
Бөдене былқ-былқ етіп жерден ұшты,
Бадана бидай шашты бар танабым.
Лайықпын Үрметпенен Құрметке мен,
Жүремін дүркін-дүркін дүрмекпенен.
Ақ шеңгел ішіндегі көк құрақпын,
Кеудесін Сырдария – сыр кептеген.
Маржан тіс ақықпын да, дүрмін де мен,
Келеді, жоқ болады бір күн деген.
Есімнен бір сәтке де шықпай қойды
Сауықшыл сайран кездер сүргіндеген.
Толқыны дарияның дірілдеген,
Қармайсың, ала алмайсың бірін менен.
Осынша үркіп қалдың бұрын неден,
Сүйріктей сұлу күнім сүрінбеген?
Қайран-ай, маусым дала, маусым дала,
Сауысқан қанаты боп саусылдама.
Жүрдек жел, жылдамырақ жүгіре бер,
Қалары құлағымда дауысың ғана.
Жүрдек жел, жүгіре бер, жүгіре бер,
Ренжимін жете алмасаң бүгін егер.
Сарайдың салтанатты сырын емел
Мақтауға ат үстінде бүгіледі ер.
Жүрегім, жұлдыз болып аға аласың,
Шамдарым, шырағыңды жаға аласың.
Көрсетіп мына басын, ана басын
Бұлғайды бақытты күн бағанасын.
Бұрқырап бұлаң мырза бұлғындары,
Жылтырап, құлпырады бір күн бәрі.
Таңбаңда сілеусіннің ізі қалды,
Сұрапыл сұрғылт қыстың сүргін қары.
Сіздерге таңнан сәлем жолдап тұрмын,
Тыныштық қаласының тұрғындары!
Сиқырлы сұлу шағым сүргіндеген,
Шамың боп жағыламын бір күнде мен.
Дүние дөңгеленіп жүре берді
Ғажаппын, ғаламатпын, дүрмін деген.
Дүние дөңгеленіп жүре берді,
Өйткені ұлы Шындық түрегелді.
Өткенге өкінбейтін өміршең күн
Шындықпен басқаша өмір сүреді енді.
Жанармын кірпігіне жас қадаған,
Айыбым – шыға алмадым тас қаладан.
Қақпаның қақпағына қайта оралшы,
Бұрылып бара жатқан басқа қадам.
Дүние төңкерілген, көмкерілген,
Ойып бір орын алдым мен төріңнен.
Шұғыласын батар күннің жұтып қойып,
Барады жарық ғалам өртенумен.
Аппақ таң шұғыласын аямасын,
Сары күн самырсынды саяласын.
Теңбіл күн, тебіреніп тұра бермей,
Қалайша көкжиекке таянасың?
Бақыттың басып өтіп баспалдағын,
Құлдырап көз ұшында қашқанда күн,
Бұлдырап қапияда қолға түсті
Саздарда былқылдаған қасқалдағым.
Желегі жастық шақтың желпілдеген,
Жиденің жұпарына елтуменен.
Самал жел саусақтарын жайып алып,
Келеді желпуішін желпуменен.
Дүние теңелгенмен, кенелгенмен,
Дем суып, аспан көшіп, жөнелген дем.
Тағдырым, талықсыдым, ауа жұттым,
Қабылдап жылы лепті сенен келген.
Тағдырға дән риза боп талықсыдым,
Білмейді жабырқауды жан ұшқыным.
Басына қар боп ұшып қонып едім,
Алатау неге сонша алыс бүгін?
Дариға, дүрия – дәурен дүрілдеген,
Ұзамай жүруші еді бұрын менен.
Айыбы қу тірліктің болмаса екен
У қосып ішкізгені шырынменен.
Иегі шығып қалып ақ тамақтан,
Келем деп жанұшырып жатқан ақ таң.
Мен сені сүйіп өтем, сағынышпен
Ағылып толқын бойлап хаттары аққан.
Өрімдей босап қалып өрілмеген,
Өміршең бір күй болып көрінді әлем.
Көгілдір таудың басы нұр жамылды,
Көзіме бұрын қалай көрінбеген?
Көгілдір таудың басы нұр жамылып,
Өйткені шырағы оның тұр жағылып.
Есіне қайта түсіп, мың жаңылып,
Оянып келе жатыр бір жаңа үміт.
Тағдырың таланбасын тіршіліктен,
Қуанып үлгермейсің, күрсініп дем.
Ғұмырың жалған қылар, толғандырар,
Жайқалып қалың орман бір шыбықпен.
Сезімге керіліп те, беріліп те,
Жүрегім масаң күйден жерініп пе?
Дауысын дабылдарда тауысып ап,
Масаң күн сылдырайды серілікте.
Дауысын дабылдарда тауысып ап,
Үнімен сарқырама жаушы, бұлақ.
Қарлығаш әз бақытын іздеп тапты,
Қауырсын қанатына қаусырып ап.
Ғұмырың толғандырар, жалған қылар,
Биік тау, қонар меже – арман бұлар.
Айналып қуыс жерден өте алмайсың,
Басқанда жалпағынан жалғанды бар.
Аңқытып ән айтады армандылар,
Желпінтіп тарау жолдың тармағын бар.
Майысып көтересің, кетер есің,
Таланды маңдайыңа салғанды бар.
Алатау сілкінбесін, арша құлап,
Сенделген сері күннің сарсаңы ұнап.
Селт етіп сарқырама сарқырады,
Сыңғырлап сала берді барша бұлақ.
Шартарап шарқ ұрам деп шаршады ма,
Тап болды қарағайлы қарсаңына.
Ақ жаңбыр селдеткенде жер бетінде,
Жуылып сала берді барша күнә.
Балқыды мамыр айдың барша бағы,
Шалқыды, шыр айналды, шаршамады.
Жаһаннам жадыраған жаңа күнді
Қалайша қабақ түйіп қарсы алады?!
Қалықтап қайда кеттің, қаршыға күн,
Қаңтарды қанатыңмен аршы қалың.
Көлбіреп көл бетіне көктем келді,
Жолдаумен жыл құсының жаршыларын.
Алқынған Арқалықтың ақ самалы
Шырағын қара түнде жақса-дағы,
Маусымын махаббаттың тауыса алмады,
Бал айы балбыраумен бақшадағы.
Көк тұман жарып өтіп қара түнді,
Мақпал кеш масаты боп таратылды.
Тәңірім, қалай ойлап таптың екен
Жаны бар сұлулықты жаратуды?
Құдайым жан береді қаны барға,
Тіл байғұс сүрінеді жағы барда.
Күнбағыс мойнын қанша бұрғанымен,
Алтын күн алқасынан арылар ма?!
Арылмай, күн алқасын таға берсін,
Жер төсі дидарына баға берсін.
Күймелер күмбір-күмбір жолға түсіп,
Сыңғырлы қоңырауын қаға берсін.
Бұлдырап күн ұшпағы, жыл ұшпағы,
Жайменен жарқын жаз да жылыстады.
Қырымда қырық елдің басын қосты
Үлбіреп Гөзел қыздың Гүлстаны.
Қара түн айналғанда қаршығаға,
Алдынан түлкі болып қарсылама.
Сүйріктің саусақтары өсе берсін,
Өскінін суырма да, аршыма да.
Осынау араны ашық аш ғаламда
Қайтемін көлеңкеге қашпағанда?
Көлкітіп көлдің бетін сүртіп едім,
Көз жасым қалып қойды тостағанда.
Көлкітіп көлдің бетін сүртіп едім,
Айналар мәңгілікке бір күн едім.
Жалыным шалқып барып жантайғанда,
Оттығын берер ме екен, шіркін, елім?!
Жалыным жантайып кеп шалқайғанда,
Қамалдың қабырғасы қалқайғанда,
Бұл өмір шолтаңдай ма, қалтаңдай ма,
Жабысып қалса деймін бал таңдайға.
* * *
Қыс келгенде ұмыттың күзді неге,
Жағалауда күтеді бізді кеме.
Желкенінің жағасын жайып тастап,
Өмір шіркін өкси ме, үздіге ме?!
Желкенінің жағасын жайып тастап,
Өзен өткел іздеді қайық тастап.
Ақ шағыл құм қыр жақта демін басты,
Сары алтындай сабырға байып тастап.
Ақ шағыл құм, тоқташы, ақпашы енді,
Сиғыза алмай жатқанда қапқа селді.
Жылы шырай жүзінде жатқаннан соң,
Жақынға да, жүрегім жатқа сенді.
Күреңіте қызарып Сам жамалы,
Алақанның үстінде шам жанады.
Жұлдыздардың дидарын көріп тұр ол,
Таңдай қағып, сондықтан таңданады.
Кешті сүйем мен солай, таңды сүйем,
Көгеремін қария алғысымен.
Ясная поляна алдымда тұр
Толстойдың мұқалмас шалғысымен.
Күресіп ем, бақ іздеп үйтіліп ем,
Бәлкім көптеу ұнатам ұйқыны мен.
Бәлкім бірде ертерек оянармын
Көне тарих арбаның шиқылымен.
Масатыдай құлпырды майса мекен,
Пайғамбар боп қолдады Айса көкем.
Жүк тарта алмай ышқынған жүрегімді
Сақтау үшін қай жаққа қойсам екен?
Жүрек, жүрек, жарылма, көрерің бар,
Ұзақ жолға өмірді, өнеріңді ал.
Шалқы, жалын, лаула, күн, шаңқай түс боп,
Сенің-дағы бір күні сөнерің бар.
Ақ шағала жұтқанда теңіз демін,
Алтай жақтан үмітті тек үзбедім.
Атыраудың жылжыған пойызымен
Сәби күнді шарқ ұрып көп іздедім.
Жетісу боп жайнады жәнат далам,
Әнсіз, күйсіз, бұлбұлсыз таңы атпаған.
Қона алмайтын тұғырға оңайлықпен
Неге биік бітті екен қанат маған?!
Атыраудың жүйткіген пойызымен,
Әйнегінде қалатын ой ізімен,
Ұзатылған қызыма жасау іздеп,
Тағы барып қайтамын той ізімен.
Мәңгі көктем, осынша керім бе едің,
Жөн болмайды көруге ерінгенім.
Шұғыласын төкті де, шашырады
Түкпірінен бөлменің берілген үн.
Көңілімді босатпа, көкпек әлем,
Дыбыс тауып алғанша тоқта деген.
Құлдырасын, семірсін, ойнап жүрсін,
Қозы-лағым өспесін ноқтаменен.
Жарық күндер келеді жарқыраған,
Қуаныш сәт тосады бар күні әман.
Тағат тауысып мен күткен сол бір мезет
Есік қақса, мен қалай тартына алам?
Тартынбаймын минуттан күліп келген,
Қоңыраулы күймемін сүліктелген.
Сүйектердің майы боп бойға сіңді
Соғым айдың рақаты жіліктелген.
Тоғай біткен теңселіп тұрса қалың,
Ертеңгі күн тосқанда нұр самалын,
Кемпірқосақ іздеумен көңілдерден,
Саудыратып айтады Бұршақ әнін.
Беу, шарықта, шашыра, менің күнім,
Айтқың келді бірдеңе сенің бүгін.
Жалғандыққа алданған жалғыздығым,
Керек болды өзіңнің сенімді үнің.
Маржан түсті бадана моншақтарым,
Жібек жіпке тізеді ән шақтарын.
Теңіз болып кетемін тебіреніп,
Жаңқалардың көруге қарсы аққанын.
Шіркін, жаңқа... қайтадан қарсы ағар ма,
Таңдайымды жұтар ем тамсанарда.
Ұясынан алтын күн шығады ертең
Сәлем жолдап жететін баршаларға!
Бұтақ болып еменге қарсы біткен,
Асқақ көңіл алады сарсылып дем.
Ақ жейдемен өмірге іңгәладым,
Өскен жанмын о баста баршылықпен.
Жейде киіп өмірге іңгәладым,
Күлімдетіп қарады күн қабағын.
Жүрегімнің қанына малып тұрдым
Алтын тастан соғылған Мұң қаламын.
Үкі таққан үмітім ырғаларда,
Сыбыр – сыбыр сыр қалды сырғаларда.
Тыныштықтың толқыны ыршып ақты
Іңкәр көңіл құмары бір қанарда.
Тыныштықтың толқыны ыршып ақты,
Самал желдер тербетті сыршы бақты.
Жыл құстары төбеде самғап ұшты,
Алма ағаштың бұтағы бүршік атты.
Көлбеу түтін көк бойлап шұбатылған,
Айтылды ғой айтылып тынатын ән.
Мезгіл ағып барады сөйлеуменен,
Күн атынан, немесе түн атынан.
Кептерлердің күн бойлап көктегі әні,
Әуенінің кетпесін текке мәні.
Гүл қауызы ашылған дір – дір етіп,
Жанарының моншағы кеппеді әлі.
Кептетілген өмірдің кеппегені,
Дөңгелетіп барады текке мені.
Қажет емес басқаның шектегені,
Ептегені немесе жетпегені.
Дүрілдеді даланың жанды әлемі,
Қауын жарған күндердің қалды әлегі.
Алаш атқа мінді де, атой салды,
Қиын екен қазақы қан дегені.
Қан оянса, ұйқыдан күдеріңді үз,
Лақтырғанбыз асаудың шідерін біз.
Албыраған алқызыл алма бетпіз,
Нәзіктігін тістеген гүл ерінбіз.
Қан оянса, ұйқыдан ән оянар,
Оятады басқаны талай олар.
Мен жүремін, кез емес тоқтайтұғын,
Мен сөйлеймін, кез емес, жан аянар.
Айдау жолдың ақ шаңы бұрқырады,
Сәйгүліктің сүйегі сырқырады.
Сол жолменен бір жаңа хабар келер,
Сүйіншісін алады ол бір күні әлі.
Сүйіншісін алады ол, қақпа қолын,
Көкпар ойын бастаймыз атқа қонып.
Желкенімді жел кермей тұра алмаймын,
Сөгітіліп кеткенде ақпа көлім.
Сам құмында сақ ғұмыр қалып қойған,
Бұлтқа жалын көшеді жанып бойдан.
Есігіңді жақсыға ашсаң екен,
Қазақстан! Ей, менің алып қоймам!
Қазақстан! Шалқыған өзен елі,
Саған біреу сұқ көзін кезенеді.
Өзің барда секірдім тосқауылдан,
Алпыс асқар, жетпіс тау межедегі.
Өзге пана іздемей басқа ауылдан,
Әлі де өтем сан асу, тосқауылдан.
Барған жоқпын шетелге шекпен іздеп,
Айналып-ақ кетейін тастағыңнан!
Өзен-көлдің бетінен көк тал ағып,
Ормандардың ойына от қадалып,
Шыршаларға шашырап шаңқай түс кеп,
Ай нұрының астында қара жолдың
Көрінеді бұлдырап соқпағы анық.
Орамалы бет сүртер көп қаралық,
Ғарыш жақта қолына шоқтар алып,
Қазақстан – үйіне қолын бұлғап,
Көк жүзінде барады Тоқтар ағып!
Айды қара, оның да соқпағы әсем,
Айдың елі, арманның көп қаласы ең.
Қазақстан күтіп тұр гүлін алып,
Мұсабаев Талғатжан, тоқтама, сен!
Ару қыздар жол тосты гүлін алып,
Сіз ескермей жүргенсіз мұны нағып?
Көкшіл аспан ақша бұлт жамылып ап,
Жер-Ананың барады мұңын алып.
Жер-Ананың бір мұңы Толғанайда,
Ол Ананың қолында болған айна.
Жоғалтпасын сәбиін бауырынан,
Ұқсамасын аналар солған айға.
Аяқ асты ақпа сел тасқындаған,
Аппақ жалау бұлғады жас күн маған.
Желбір тағып көпірлер қонған кезде,
Алқа көлдің амалы асқынбаған.
Қуандырмай қоймадың, сыршыл аспан,
Аппақ қайың тағы да бүршік ашқан.
Дариға-мұң ілініп қанатына,
Өтіп кетпей, дәуренім, тұршы бастан.
Үкі жүрек самалдан үлпілдеген,
Балапанның көмейі бүлкілдеген.
Мақтымқұлдың термесі Маңғыстауда
Мұңын жолдап жатады мың тілменен.
Жүрдек жылдар, қадымы жылдамдаған,
Аққу құсын ұшырды жылдан маған.
Айдын болып мөлдіреп тұрармысың,
Тұңғиық гүл ішіне тұнған ғалам.
Алды-артыңа қарама, шарықта, құс,
Қарамайды нарық пен парыққа қыс.
Алтын көшті көміліп сары құмға,
Су түбінде жылтырап арықта мыс.
Алтын жатыр көшпелі сары құмда,
Айдың жұмсақ нұры бар жарығында.
Біздің елдің намысы керемет-ақ,
Қылышы да, кездігі бәрі қында.
Құтырмасын әкімдер дүрмін деген,
Даурықпасын саясат сүргіндеген.
Жүрегімді қолыма ұстап шықсам,
Оятамын халықты бір күнде мен.
Мен өлмеспін артымда Халық барда,
Жетелейді ол мені жарықтарға.
Кемпірқосақ керіліп тұрады екен
Көңіл құсы аспанға шарықтарда.
Дүниенің дүбірлі дүрбелеңі,
Сандығына сары алтын сыр көмеді.
Ай дөңгелеп сырғыды Күнді ұста деп,
Жаңа ғана жанымда жүрген еді.
Ай дөңгелеп қашады Күнді ұста деп,
Оны ұстаудың жолында мың нұсқа көп.
Барлық дыбыс қосылды жаңғырық боп,
Әуез бақта болғанда, үн құста деп.
Намысы бар керемет біздің елдің,
Жанында оның сары алтын күзді көрдім.
Алтын күздің теруге жапырағын
Уақыт таппай, сүрнігіп, үздігермін.
Сырдария саусағын сылаңдатты,
Ынта қойып қараңыз бұған қатты.
Тынық көлдің толқыны дөңбекшіді,
Иірімін үйіріп бұлаңдатты.
Жайық өзен... бойында құрағы бар,
Алатауда кір шалмай тұрады қар.
Тебіреніске түседі, тербеліске,
Талаптар мен ұсыныс, сұранымдар.
Тіршілігім түскенде тербеліске,
Қанаттардың бақыты сермелісте.
Арғымақтың табыны шырқырады
Бағы менен бабы оның енді өрісте.
Мен қайтемін тау басын құшпағанда,
Мосы тұрса асылып үштағанда.
Әупілдектің үкісі үлпілдеді,
Ақ саусағым бір шетін ұстағанда.
Сағыныш боп сыңсыды зырлап алып,
Қара аспанның тамшысы тұрған ағып.
Табанының астында бір сүйем жер,
Адамзаттың басында бір ғана бұлт.
Толғаныстар түскенде таспа құмға,
Байлықтың да құны жоқ, басқаның да.
Шаңқай түсім шалқайып келе жатыр
Туған жердің жазира аспанында.
Арғымақтың табыны шырқырады,
Жұпар иісі жусанның бұрқырады.
Селтең етіп, өскіндей елпең етіп,
Тамыр жайып кетеміз бір күні әлі.
Арғымақтың табыны шырқырады,
Жайсаң далам қайтадан құлпырады.
Ертеңгі күн алдыңнан ертегі боп,
Қайда барсаң құшақта гүл тұрады.
Аппақ лайнер ұшқанда бұлт ішіне,
Сыңғыр дауыс түскенде кілт ішіне,
Тоғыз балға толқын боп жетсем дедім,
Жарық нұрдың қарамай түр-түсіне.
Аппақ лайнер ұшқанда бұлт ішіне,
Сыңғыр дауыс түскенде кілт ішіне,
Дұшпанның да шамына тимес едім,
Қалмас едім туыстың күлкісіне.
Аппақ нұр боп құйылып әр саладан,
Бақ боп сәлем жолдайды барша ғалам.
Сағатымның тілдері сыртылдайды,
Пендеміз ғой күтуден шаршамаған.
Сағатымның тілдері тырсылдаған,
Тыным тауып несіне тұрсың, ғалам?!
Ей, тіршілік, жап-жарық таңбасы бар,
Тамылжыған көктемгі нұрсың маған.
Тіршілікте іңкәрлік таңбасы бар,
Ән басы бар өйткені, жалғасы бар.
Аппақ лайнер адасып қалмау үшін
Үмітпенен үнемі алға асығар.
Ән қосқанда аққуға аспандатып,
Ұшпаса деп тіледім бастан бақыт.
Жүрегіме ескерткіш құйсам деймін
Алтын қосып, мыс қалап, тастан қатып,
Құламайды ол бірақ, жасқанба түк!
Мендік жүрек тұғырдан құламайды,
Сан өткізді ол басынан сынақ айды.
Бұрқырайды, бұлғайды бұлағайды,
Дүркірейді жаңбыры, жыламайды.
Қуанамын, жадырап тұрса ғалам,
Мың күй ақты, өйткені, бір сағадан.
Адамдарға доспын-ау жаны тыныш,
Құрсаулары кеудесін құрсамаған.
Алқымыңды кептесе аппақ алаң,
Махаббатты еліңе сақта, балам!
Жаным деген жып-жылы жан сырыңды
Анашым! деп жазып қой хатқа маған.
Тау басынан секіріп аппақ елік,
Алқымында кетпесін аптап өліп.
Жаз айына жап-жасыл сағынышын
Тамыз айы барады баққа көміп.
Жазға деген жап-жасыл сағынышым,
Жыл құсы боп келесің тағы, құсым!
Кеудемдегі баса алмай жарылысты,
Мен жүрермін аралап сағым ішін.
Шаңқай түсім, шарықта, шалықта, сен,
Жанарыңа қараудан жалықпас ем.
Дүниенің деміне мас болайын,
Сала көрме әзірге қалыпқа, сен.
Алтын судың ғажайып жарқылына,
Құлаш ұрсаң, болмайды тартынуға.
Даналық та жетеді, балалық та
Қазақ деген халықта, қарт ұғымда.
Балалығы ұштасқан даналықпен,
Қара жолда келемін Ән алып мен.
Жақындарды қуантсам деп ойлаймын,
Бір жып-жылы жақсылық, жаңалықпен.
Тарам-тарам жолдарым тоқтамаған,
Бұл ғұмырда өттім мен көп қаладан.
Жер бетінен жан іздеп таба алмадым
Жауқазынын жастықтың жоқтамаған.
Жауқазынды жастықтың мұңы бар ма,
Жүрек керек дәл соны ұғынарда.
Көлеңкелер қалқиды күн көзінде,
Бұғынарға жер таппай, тығыларға.
Өмір керек, қашпайды бақыт менен,
Күнге жүзіп барады жақұт кемем.
Жүзіктің де көзінен өтер ме екем,
Жылдам аққан ілесіп Уақытпенен.
Қызыл түлкі жортқанда қансонарда,
Қызық сонда секілді, ән соларда.
Құс базарын жартастар тарата алмай,
Өкінер ме, өксумен сан соғар ма?
Қызыл түлкі жортқанда қансонарда,
Қызық сонда секілді, ән соларда.
Жәрмеңкесін жалғанның жаппайды ешкім,
Айту үшін осыны баршы оларға!
Ұлағатын ұлының ұлықтаған,
Жарқын шағым қарайды күліп маған.
Жаз келгенде найзағай оянады,
Жөн болады осыны ұмытпаған.
Атақ-даңқты қайтемін сұрап келген,
Хабарласып жүргенде тұрақты елмен.
Өз дегенін көздесін, тайсалмасын,
Нысанасын бермесін, бірақ, мерген.
Ұрпағым бар, не керек басқа маған,
Тартынбаймын кез-келген бастамадан.
Сүрінсе де немесе түңілсе де,
Жолдан бірақ шықпайды асқақ адам.
Аспан, аспан, жұлдызың жымыңдаған,
Найзағай боп жетеді үнің маған.
Жалт қаратты жай оты таң алдында,
Құлағымның түбінде шыңылдаған.
Іңкәр түннің қойнына шырақ тіреп,
Алтын қайық жылжыды құрақ күреп.
Адамзаттың бәрінде бір-ақ арман,
Адамзаттың бәрінде бір-ақ тілек.
* * *
Қадау жолдың тарамдары таралған,
Жолаушыны жетелейді жан арман.
Қоржын ұстап жолға шық деп өтінем,
Мырзалардан, орта буын, сараңнан.
Қоржын ұстап жолға шық деп өтінем,
Керек емес жадау тірлік, жетім өң.
Жаз жұпарын жұта алмасаң болмайды,
Шегірткесі шырылдаса шетінен.
Жаз жұпарын жұта алмасаң болмайды,
Жаз келгенін көрмей қалу – сол қайғы.
Гүлдер жайнап, бақтар сайрап, тал билеп,
Рақат кешіп жүреді адам, тоңбайды.
Шекпен киген шенділер-ау шетінен,
Сіздерден де көп нәрсені өтінем.
Бақ ішінде серуендеп жүргенде,
Таныс көрсең, сүйсеңдерші бетінен.
Маусым, шілде, аялдаңдар, тұра тұр,
Өздеріңе айтып қалам бір ақыл.
Таңертеңгі шықтың мөлдір көзінде
Нәзіктік бар сондай ғажап сұрапыл.
Жолаушылар, бақыт іздеп сарсылған,
Бақыт тосып тұрған жоқ па бар шыңнан?
Дәмді-дәмді ас күтіп тұр алдыңда,
Сүйріктердің саусағынан аршылған.
О, адамзат, бақыт тосып тұр алда,
Сеніңіздер құдай айтқан Құранға.
Тәубаңа кел, тілек тіле Алладан,
Ешбір жанға жағдай айтпа, сұранба.
Бір пендеге жағдай айтпа, сұранба,
Бір сілкінсе, қанат бітер қыранға.
Елдің рухы көкті шарлап барады
Тарау тағдыр жосылғанда Тұранда.
Зырылдайды зерін таққан зығырың,
Басыңдағы шаңырағың – тұғырың.
Жамандарға тәрк етуге болмайды
Жаратқанның сыйға тартқан ғұмырын.
Тұран дала, тағдырымсың сен менің,
Жақсы көрдім, ол да саған сенгенім.
Мұражайға мұра қылып кетермін,
Шешендіктің сыңғырлаған шөлмегін.
Сыңғырлатам шешендіктің шөлмегін,
Шөлмек сынса – демім бітіп өлгенім.
Жаңбыр болып жауған күнді тосамын,
Қанаттарым отқа күйді, шөлдедім.
Қайран дала қызғалдақтан өртенген,
Қызғалдағын күйге салып шертем мен.
Сұлулықты айнасынан қараймын,
Шелек алып, суға барып ертеңмен.
Сұлулықты айнасынан қараймын,
Қараймын да, қолаң шашты тараймын.
Сенің-дағы өмірге өкпең жоқ шығар,
Армандарын айта келген арай күн!
Сенің-дағы тірлікке өкпең жоқ шығар,
Желбіреген жол бойында көк шынар!
Өмір – өзен өксіп кетіп жүрмесін,
Өмір – өзен, өткелдерден өтші, бар!
Өмір – өзен өксіп қалып тұрмасын,
Сәуір лебі тыраулатса тырнасын.
Тоғжан – ғұмыр тербелумен барады,
Сыңғырлатып қоңыраулы сырғасын.
Бәлкім, бәлкім, сыңғырлайды шолпысы,
Күнге күйіп ақық маржан он тісі.
Махаббаттан ғазал оқып жатқан кім,
Жігіт Абай боп жүрмесін сол кісі?
Аспан, көлім жел көргенде тербелген,
Бесік тербеп жүрсеңші енді белдерден.
Аққу біткен мамық жастап ұйықтасын,
Қанаттары ай астында сермелген.
Жұпар иісін аңқытады жусан бел,
Қайығына ескек салып мың сан көл.
Жастығымды жел көзінде желпінген
Жете алам ба мая мініп қусам мен?
Жел көзінде жастық қалды желпініп,
Билеп, шырқап, екі иықтан ентігіп.
Жүрегімді жарар ма екен жел тымық,
Көңілімді көншіте ме көл тынып?..
Саралаумен сап алтынның сарасын,
Гүлдария-дәурен, қайда барасың?!
Керегенің көзіне кеп тірелген
Киіз үйдің басқұрында жарасым.
Жылдарды іздеп қадамына гүл біткен,
Сұлу ойлар сығалайды түндіктен.
Сирағыңды қайда апарып қоясың,
Сырдың суы асып кетсе кіндіктен?..
Қайта оралған мазасыз күн маусымы,
Шынар бұлғап, көзге түскен тау шыңы.
Бау орнына кең далаға бақ орнап,
Бақ орнына жеміс тұнған бау шығы.
Қайта оралған мазасыз күн маусымы,
Сәтті күндер, қала көрме таусылып.
Ашқарақтық арандатып кетпесін
Арылмаған аузындағы аусылы.
Теңіздерім көмілгенде тасқынға,
Сәби күнім жылағанда жас құмда,
Шабытымды пырақ қылып мінемін
Шаңқай түсте, сары күннің астында.
Аспан – ғұмыр көгілдір түс теңіз боп,
Желкен жайып келеді ылғи мені іздеп.
Ақша бұлттар, тербетілген сағымдар
Бара жатқан секілді ғой жоқ іздеп.
О, пырағым, көсіле бер, көсіле,
Көсілмесең, жаратылдың несіне?
Екеумізге келер пәле жоқ шығар,
Пешененің пісіп шыққан пешіне.
Пешененің пеші неткен ыссы еді,
Бір белгісіз алып шықты күш мені.
Қарлығаштар қанатымен су бүркіп,
Ләйлек құсы тұмсығымен тістеді.
Піскен кезде ыстық күннің піспегі,
Бір белгісіз сақтап келді күш мені.
Барын түгел айтып бітсін деген ғой,
Жан сырымды тауысқам жоқ іштегі.
Мен айтамын, тағы да айтам, айтамын,
Берекенің бесігін көп шайқадым.
Қайда барсам маған орын табылар,
Қазақстан, сен аман бол, байтағым!
Ашылғанда көлеңкенің пердесі,
Оянғанда зейіндінің зердесі,
Сұңқылдаған сұқ көздерді ысырып,
Сұңқар құсым, қанатыңды сермеші!
Серме, құсым, қанатыңды, тартынба,
Қауырсының қалар бір күн артыңда.
Шар үрлеген шаңқай түстің астында
Жарқын шағым, барабан соқ, жарқылда!
Шар үрледі шаңқай түстің аясы,
Сыбдыр қағып жасыл бақтың саясы.
Өртеңдерге өртенген гүл қаулады,
Өртенген гүл, күл болмашы, аяшы!
Шар үрледі шаңқай түстің аясы,
Сыбдыр қағып жасыл бақтың саясы.
Будақ-будақ суын жұтқан қауыздар,
Сүмбіледе жаныма сәл таяшы.
Ұлы Сенім, мен өзіңе сендім бе,
Алыстаумен кеткенің бе сен мүлде?!
Шаңқай шақтың шашу шашып жолына,
Тойларына шақырады ел күнде.
Піскен кезде ыстық күннің күлшесі,
Қызарғанда ескі шамның білтесі,
Шоршығанда жүгерінің дүмшесі,
Нанның иісі анаң қолмен пісірген
Ұмытылып қалған жоқ па, білші, осы?
Уыз дәмі... анаң қолмен пісірген,
Еттің наны ескі ошақтан түсірген,
Қар лақтырған балаң күнім, қайдасың,
Ойнап жүріп, саусақтарын үсірген.
Қар лақтырған балаң күнім, қайдасың,
Бір көрінші, қара көзім жайнасын.
Балаң күнді алып кетіп ертерек,
Айлакер жыл асырды ғой айласын.
Айлакер жыл асырды ғой айласын,
Қар лақтырған балаң күнім, қайдасың,
Дірілдеген жарық іздеп жүр ме екен,
Күнге қарсы қойып алып айнасын?
Дірілдеген жарық іздеп жүр ме екен,
Балалық та, даналық та бір мекен.
Айдың толқып ақ дидары тұрғанда,
Күн дөңгелеп жүрген кезде бір маңда,
Қалай ғана көңілімді кірлетем?..
Дір-дір еткен жарық, қайда барасың,
Сырлы ойлардың сапырумен сарасын?
Жыпырлатып шамын іліп барады
Жап-жасыл жаз, сұп-сұлу күз – жарасым.
Жердің түгі масатыдай құлпырып,
Сарғылт тастың бедеріне сыр тұнып,
Тұнық судың иректеткен толқынын,
Тыныштығым қалмаса екен жыртылып.
Тұнық судың діріл қақты толқыны,
Сөгілгенде аппақ сеңнің қолтығы.
Мен ғашық боп қалған едім сол таңда,
Сен сүйем деп айтқан едің сол түні.
Көгілдір су, дірілдеді толқыны,
Толтыруға орны толмас олқыны.
Көшіп келді жолдағысын қиратып,
Жүрегімде жер үстінің солқылы.
Бөденелер бетегеге беттеген,
Тұрып-тұрып қып-қызыл боп кетті әлем.
Жаз боп жайнап, тал бұлғады дүние,
Жанартауы әз жүрегін кептеген.
Шымшық қонып, әнге тұнды тал басы,
Ол да болса тірлігімнің жалғасы.
Дауылпазда дыбыс болып дүңкілдеп,
Тасқа түсті табиғаттың таңбасы.
Шымшық қонып, әнге тұнды тал басы,
Ол да болса тірлігімнің жалғасы.
Қайран көңіл, алаңсыз бір самғашы,
Дүрсіл қақсын дүниенің балғасы!
Кірпияздау талғамыңды талғашы,
Қайран көңіл, алаңсыз бір самғашы!
Онсыз-дағы арқалаған жүгі ауыр,
Жер-Анаға салмағыңды салмашы!
Жер-Анаға салмағыңды салмасаң,
Құйқылжиды көкіректе ән қашан?!
Қанатына ұшқан құстың ілесіп,
Жоқ іздейсің, ұмтыласың алға сан.
Қанатына қарлығаштың ілесіп,
Қарсы алдыңнан ашылады мың есік.
Ашылады көмейінде бұлбұлдың
Гөзел қыздың еліндегі гүл есік.
Ашылады көмекейі бұлбұлдың,
Дүбірлейді тұяқтары дүлдүлдің.
Қызғалдақтың батып кетті суына
Құмырадан көрінбеген құмбыл күн.
Қараңғы үйдің қабырғасын қаптама,
Қаптағанмен ағармайды аптада.
Сауықшыл ел, тойдан шаршап оралған,
Сарқытыңды қап түбіне сақтама!
Шашбау ұстап, шашу теріп жүргендер,
Төрге қарай есік жақтан кіргендер,
Қақпаны ашсам, үйге бері жүр деңдер,
Көктем болсын, көңілдерді бірлеңдер.
Оттан ыстық сағынышын жолдаған,
Жолды көрдім топырағы тоңдаған.
Үкі байлап Ұлытаудың басына,
Ұлар ұшты, ұнап жатыр ол маған.
Ғаламат қой менің ғажап тағдырым,
Бауырына баса білді барлығын.
Мен мүлтіксіз қабылдаймын, өйткені,
Жаратқанның басқа салған Жарлығын.
Асау күндер арғымақтай ақ табан,
Өз нәсібін қайда барып таппаған?
Мені жолдан бұрғызбаған Сабырдың
Сандығында сары алтын бар сақтаған.
Серігі боп қалғаннан соң Сабырдың,
Көр азабын тарта қойман қабірдің.
Бөлінбейтін бөлшегімін қаны бар
Жер бетінде лүпілдеген тамырдың.
Мен тамырмын бойында ыстық қаны бар,
Табиғатпын тылсым күші танылар.
Шешек гүлдер шекшек байлап жүзіне,
Самал желге айтатұғын әні бар.
Шыр бітпеген, тер шықпаған шырайға,
Көмек қолын соза алмайды бір айна.
Зарыққан шақ запыранын жұта алмай,
Зәмзам берсең, басқа сусын сұрай ма?!
Аласа боп кетпесін деп бетегем,
Парызым бар ел алдында өтеген.
Бауырына еміреніп басады
Құшағыма симай қалған жеті әлем.
Көктем келсе көкірегін күн басып,
Ай астында сырласады мың ғашық.
Шаңқай түстің қоңырауы соғылды,
Көк тұманға сіңіп кетті мұң қашып.
Шаңқай түсте мың қоңырау соғылды,
Қоңырауды ұнатамын көп үнді.
Мынау ғажап тіршіліктің сағаты
Көктемдегі каникульдай көңілді.
Тоқтамасын тіршіліктің сағаты,
Таусылмасын адамзаттың тағаты.
Есік ашып мені тосып тұрғандай
Көп үйлердің шамы жанған қабаты.
Есік ашып мені тосып тұрғандай,
Қонақ біткен маған мойын бұрғандай.
Ана жүрек ақ батасын берем деп,
Жарқырайды топ ішінде бір маңдай.
* * *
Гүлдерге Гүләйім қыз беттегелі,
Шыдамын жасыл шақтың шектемеді.
Барады құс ұшырып, қыран баптап
Өмірдің сайран құрған отты өлеңі.
Тыраулап көз жазбайды топтамадан,
Тырналар үмітіне шоқ қадаған.
Ананың жүрегіне сия алады
Сондықтан бас тартпайды ол көп баладан.
Тасқындап бойда күшім асқаралы,
Тау жақтан талай асу бастар әлі.
Барады көше бойлап жарасымды
Жырлаған махаббатын жастар әні.
Шаңқай түс қай бағытқа беттемеді,
Шабыты шекараны шектемеді.
Жарығы шаңқай түстің шағылысып,
Кеудеге жасыл көктем кептеледі.
Бойына жапырағын тізбектеген,
Мен кейде қоңырқайлау күз боп келем.
Жанымда жанға жайлы жұбаныш бар,
Өзгені, басқаларды іздетпеген.
Жарлыны деп жүргенде жарытамын,
Сағыныш жанға салды сары табын.
Жас ғалам, жаңа дүние, тосын тірлік
Күтуден талмайды екен кәрі таңын.
Қоржындар елпең қағып қаптамада,
Қамшылар басын тіреп саптамаға,
Қызымды абыроймен ұзатқанмын,
Келіннің бетін ашшы, Хақтағала!
Нәресте нәзік күнім іңгәлаған,
Саусағын созып жатыр мұнда маған.
Сауығың басылмасын, сен аман бол,
Шаңқай түс, маңдайына күн қадаған.
Шуағы шаңқай шақтың шашылғасын,
Сауығың басылмасын, басылмасын.
Үйіне ешкімді іздеп бара алмаймын,
Өйткені, бәрің менің қасымдасың.
Жүрегім, жақыныңды талға бері,
Дінінен адасқан көп алға кері.
Қалтқыны ішкі дауыс қарма! деді,
Барамын деген жерге барма! деді.
Жоғары көтеріліп Бармақ елі,
Таралып бара жатыр тармақ ені.
Жылынып жағалауда жатқанымда,
Әкетіп қалмаса екен арна мені.
Жылынып жағалауда жатқанымда,
Алланың сыйға берген ақ таңында,
Мезгілмен бірге көшсін дедім бе екен,
Жазылып атым қалды ақпа құмда.
Дүние, шұғылаңа сүрінгелі,
Белдеуі белестердің түрінгелі,
Соққанда қырмызыдай Қырым лебі,
Болмады толғантпасқа сырың мені.
Қоймады болмасыма, толмасыма,
Аз емес күліп жүру ол басыма.
Кемелің талықсиды, толықсиды
Торқаны іліп қойсаң тон қасына.
Қиялың жүйткігенде жол басына,
Болмайды дос үйіне қонбасыңа.
Түлкімен жүргеніме өкінемін,
Қасқыр да қас қылмайды жолдасына.
Жаратқан жақсылыққа бастағанда,
Аяққа ақ мамығын тастағанда,
Алтын күн күліп тұрса қайтеді екен,
Ай нұры қайтеді екен қашпағанда.
Ақшыл нұр шүпілдесе тостағанда,
Көңілің қошеметті қоштағанда,
Үкісі Ыбырайдың үмітімде,
Қайтемін аққуға әнді қоспағанда.
Үкілі Ыбырай бар үмітімде,
Төзімім жібек жіптің түбітінде.
Айнасы мөлдіреген айға қарап,
Ұлағат жырын айттым ұлы түнде.
Бір үміт тостырады, сарылтады,
Тояды, ашығады қарын тағы.
Жатқандай Сақ дәуірін бастан кешіп,
Сананың түбіндегі сарын табы.
Бір арман жетелейді, сарылтады,
Сәттер бар қайтаратын қарымтаны.
Құбылып қиыршықта құт ойнады,
Себіліп жақұт тастың бар ұнтағы.
Сары күн сарғалдағын сақтамаған,
Арғымақ ажырамай ақ тағадан.
Таңдарда демін баспай тұрады ылғи
Жаңбырдың астындағы аппақ алаң.
Ақ алаң жаңбыр демін баса алмаған,
Дидарың ақшыл тартқан ашаң маған.
Сәуірде сыңсып қалған сен боларсың,
Салютін салтанаттың шаша алмаған.
Оқшау күн оқшантайға от салады,
Өйткені оның сыйы көп салалы.
Толқыған түндер алтын топсадағы
Жай бүркіп, су себелеп, шоқ сабады.
Дөңгелеп жүйрік желдің қос табаны,
Еркіндік баурайынан дос табады.
Түсімде көрмесем деп армандаймын,
Жаны жоқ, жарығы жоқ бос қаланы.
Бұл өмір үнге толы жәрмеңке еді,
Жәрмеңке тірлігіңді әрлентеді.
Ханшамын ханға лайық бір басы бар,
Тарта тұр кебісіңді әрмен, тегі.
Қызғалдақ қыр басында ырғалады,
Күн нұры жылтырады, сырғанады.
Түсімде көргім келіп тұрады ылғи
Дуылдап думан толған бір қаланы.
Дыбыс бар дауылдардың дабылында,
Болмайды жабығуға, қамығуға.
Шектілік сызығынан жаңылуда,
Тектілік таңбасынан танылуда.
Қарттығың сағына ма дархан кезін,
Ноқталар есіне алар арқан кезін.
Тау – тастың шыңылтырлау шатқалында
Қадайды лағын іздеп арқар көзін.
Іздесін арқар лағын, тапсын әлі,
Тоспа су, тербетілсін тасқын әні.
Тілінген кең даланың шөлі қансын,
Астауға төңкергенде тас тұманы.
Жер мен көк бір – бірімен астасуда,
Шығуға жол таппайды басқа асуға.
Жылнама жүк көтеріп бара жатыр
Жазылған шежіренің таспасында.
Жылнама, жүгің қашан жеңілдеген,
Алатын айғағың көп сенің менен.
Ей, өмір, жетелеумен жүрсің бізді,
Жылытып қаныңменен, деміңменен.
Жылнама, жүгің қашан жеңілдеген,
Келесің көтеріңкі көңілменен.
Тағы да жаңа Мезгіл келе жатыр-
Бозбала мұрты жаңа тебіндеген.
Тұрғанда жылыұшырап күн қасымда,
Ғаламның шуақ қалды тұлғасында.
От байлап орайына орман қалды,
Тоқташы, орамалын бұлғасын да!
Ақтарып Атырау мен Алтай тысын,
Аралап ақыраптың алты ай қысын,
Шалқытқан, шабыт беріп шарықтатқан,
Қашан да сен аман бол, шаңқай түсім!
Ілесіп кептер ұшты қарлығашқа,
Ұясы биік қонған арғы баста.
Арғымақ ақ тағасын сілкіп қалды,
Болмады шапшымасқа, қарғымасқа.
Арғымақ болмай қалды қарғымасқа,
Дегенше құздан құлап, жарды баспа.
Байшыкеш мұрнын көкке шүйіреді,
Шапанын иыққа іліп жарлы қасқа.
Сапсыған сәуір айдың сарсаңында,
Көшенің өмір жанды бар шамында.
Дүрия киген шырша дөңгеленді,
Айналып билегенде арша мұнда.
Дүрия киген ғалам дөңгеленді,
Өйткені айналасы кең көлемді.
Жамалы жадырады жаһаннамның,
Желпіді желпуішін жел боп енді.
Жамалы жаһаннамның жадыраса,
Тағат қып, сақтамайсың сабыр аса.
Біздің ел-қамал алған батыр халық,
Қақпасы жараспайды қаңыраса.
Арнасын көк өзені тарта білген,
Сүйемін сары дәнді Арқаны мен.
Өзіңе мәңгі-бақи қарыздармын
Бидайлы, жүгерілі, арпалы кен!
Қазақы ел – байлық көзі, бақыт көзі,
Жұмылмай жанарында жақұт кезі.
Тезірек теңестіріп кетсе деймін,
Бебеулі безбеніңді Уақыт тезі.
Бебеулі безілдеген безбенің бар,
Айнам-ау, айтшы, нені сезгенің бар?
Сиғызып алақандай жүрегіңе,
Жинайсың қасиетін өзгенің бар.
Шілдесін сары күзі сақтамаған,
Абыржып жете алмайды апта маған.
Жаз айын жадыраған бауырға бас,
Кеудеңе аппақ гүлді тақ та, ғалам!
Шардара айдынына шар байлады,
Қол бұлғап Алатаудың қарлы аймағы.
Толқынға ұя салды Каспий теңіз,
Бүлкілдеп бетіндегі бар қаймағы.
Шағала сол ұяға қона ала ма,
Нәзіктеу үміті әлде тонала ма?
Сиятын ақша бұлтқа арманы бар
Ақ желкен желбірей ме, жоғала ма?
Ақ желкен ақша бұлтқа бара ала ма,
Өтінем, әз арманын жаралама.
Иірімде ирелеңдеп жалғыз үйрек,
Бояды сағынышын сары алаға.
Шаңқай түс, шуағың шаш, шалқы да, сен,
Арайлы таңың туды алтыны әсем.
Ақ шатыр төбеме әкеп көтермесең,
Осынша рақат кешіп, балқымас ем.
Арайлы таңың туды алтыны әсем,
Маған сен, ардақтайтын халқыңа сен.
Жолыңда жалпылдаған жалпы көпте,
Кетпесін қапияда жалқыға есең.
Соттаған да жоқ ешкім, ноқталаған,
Судан аман келеміз, оттан аман.
Қара жерде дүрсілдеп ана жүрек,
Дөңгелегі мезгілдің тоқтамаған.
Жер Ананың жүрегі дүрсілдейді,
Қандай ана, айтыңыз, күрсінбейді?..
Адамзаттың адалы аққа тойып,
Бала біткен аман-сау жүрсін дейді.
Жүрсе деймін аман-сау бала біткен,
Бата берсін қария даналықпен.
Сүйіншісін тәңірдің әкеледі,
Басын соғып көк толқын жағалықпен.
Періштем, тастап кетпе, қасымда жүр.
Дәуренім гүлдария басымда бір,
Көкжиек көркем болмай қайтсін енді,
Бояуын құйған шақта жасынға нұр.
Бояулар құйылғасын, жиылмасын,
Селдірі Сам шамының сұйылмасын.
Ақ құмды қызғалдақтар басады әлі,
Жаңбырдың жұпар иісі тиылғасын.
Аппақ құм, қызыл түсті қызғалдағым,
Сендердің бақытыңды қызғанбадым.
Батқаным – балдыр шөппен кездескенім,
Жүзгенім-судан ирек сызғандағым.
Аралап жапан түзді жаңғырығым,
Көк теңіз иісін жұттым балдырының.
Алдында терезенің көп телмірдім,
Сағынып жұпар дауыс жаңбыр үнін.
Аралап жапан түзді жаңғырығым,
Арт жағы жеңіл болар тағдырының.
Өмірге өкпе айтпайын өкінішпен,
Өтеуі өтелгенде барлығының.
Жиналып жер бетіне барлық ұғым,
Қарынын ақ түйенің жарды бүгін.
Доспенен дұшпанымды ажыратқан
Сен енді қош аман бол, жарлы күнім!
Доспенен ажыратқан дұшпанымды,
Дүние, қоя тұршы ұстанымды.
Ұнатам омырауға басқаныңды,
Қалаймын көкірекке қысқаныңды.
Аспанда аққу ұшып бара жатқан,
Біржан сал ән жолдады Сара жақтан.
Сырнайлы Майра қыздың дауысымен
Ырғағы жердің бетін аралатқан.
Сырнайлы әнші Майра ырғағында,
Дүние, сауық-сайран құрмадың ба?
Басында Айқарагөз – Мәдинаның
Ей, ғұмыр, ұзағырақ тұрмадың ба?
Суықтық сезілмесін жат қабақтан,
Айтылмай ән қалмасын ақ тамақтан.
Тағы да не жақсылық әкеледі
Жия алмай қанаттарын жатқан ақ таң?
Адамзат тыңдағасын, таң қалғасын,
Көмейде айтылмаған ән қалмасын.
Тағы да шаталмасын аңғал басым,
Шамшырақ жылтыратып шамдал қасын.
Қанатын жинайды ақпан, жияды әлі,
Шулайды құс базары қиядағы.
Қараңғы қойнау бойлап қалады ылғи,
Табылмай тыныштықтың тиянағы.
Төгіліп ақ қағазға сия дағы,
Балапан шырылдады ұядағы.
Домбыра шанағынан шаң боратып,
Төгіліп төңірекке күй ағады.
Жұта алмай жұтқыншағым жұмыр дәнін,
Сиқырлы сұлу желге сыбырладым.
Қатал күн маңдайымнан шертпесін деп,
Әйтеуір қыбырладым, жыбырладым.
Қалжырап қақпалары қарт қаланың,
Найзағай дыбысына жалт қарадым.
Тас қашап, егін ектім, кен шығардым,
Толғантып жомарттығы мәрт даланың.
Қарт қала қақпалары қалжырады,
Топсасы шиқылдады, зар жылады.
Мазасыз маусыммын мен, мамыр іздеп,
Жастыққа тимей қойған жар құлағы.
Ей, менің құдіреті асқан далам,
Әлемде атақ-даңқы аспандаған.
Бабамның шежіресін соғып кеттің,
Сөйлеген сүгіреті тастан маған.
Қарлығаш ұшып жетіп Қырымдағы,
Қара түн қауырсыны сырылғаны.
Ақ қайың аясында ойға батты
Бойжеткен тербетіліп бұрымдары.
Шолпысы сылдыраған, сыңғыраған,
Түндігі шаңырақтың күн құраған.
Топырағы Есік қала есілгенде,
Алтын боп шыға келді мың бір адам.
Бұл күнде толғанымда, болғанымда,
Шаңқай түс, сені әдемі толғадым ба?
Күз күні қойнауыңда күреңітті,
Ойлы орман бұлбұл тұнған ол да мұнда.
Шаңқай түс шуағымен шығандадым,
Кеңістік, тәуба айтамын бұған да мың.
Құбылып кемпірқосақ керілмей ме,
Жарқырап шыға келсе тұманда күн?
Жанымды жұбатарсың, жырақ қала,
Өтінем, шартарапқа шырақ қада.
Білемін, айтатұғын жауабың көп,
Мендегі қалатыны сұрақ қана.
Шаңқай түс, Сіз жеткенде асқа байып,
Көтермей шашбауыңды тастамайық.
Кешіккен асабасы ұлы той бар,
Күтейік, Тойбастарын бастамайық.
Өмірде реніш те бар, ұлы той бар,
Тірі адам кеудесінде үміті ойнар.
Мені де бір күн тастап кетемісің,
Қыз – жылдар, жеңгетай – күн, жігіт – айлар?
Мені де бір күн тастап кетемісің,
Межелі сызығыңа жетемісің?
Артымда апалайтын ұрпағым көп,
Аралап қызыл қышты кетек ішін.
Ұрпағым, өкпеңді ұмыт, алға қара,
Қонады қызыл гүлге балдағы ара.
Шындық аз, өтірік көп жарнамада,
Жоқ іздеп қараңғыда қармалама.
Үйім бар қонатұғын әр қалада,
Сарқырама Үміті сарнамада.
Жолымды неге кесіп өте шықтың,
Иманың ұятыңмен бар ма, бала?
Жазамын сәлемімді хатқа қалың,
Қайтемін ұғындырып жатқа мәнін?
Түндерде шамым жанса – жатпағаным,
Күлгенім – есігіңді аттағаным.
Бірімін ақ жаулықты тәтті ананың,
Бұйырған жақыныма сақтағаным.
Саған да, сіздерге де дәм қоямын,
Дос болсаң баласымен ақ маманың.
Алыстан құлағыма ән көрінді,
Көлбеді, ұшты, қонды, сәл керілді.
О бастан іргемді аулақ көтерейін,
Мен жөнге сала алмаспын тар көңілді.
Тар көңіл, одан сайын тарыла бер,
Келсеңіз, ұнатпаймын жаныма егер.
Өзіңнен құтылуға зарығады ел,
Біртіндеп сарқыла бер, сарыла бер.
Қызарып қызыл оттың шақпағымен,
Ауылдан ұзақ жолға аттанып ем.
Біртіндеп желең есіп, келем өсіп,
Елімнің құшағы ашық ақ таңымен.
Жүрегім, жаһаннаммен сырласа бер,
Басыңда гүл дәуренің тұрласа егер.
Гүлдерге жанып кеткен шара бар ма,
Қауызын қызғалдақтың ұрласа бел.
Қызғалдақ ерте жанса, шара бар ма,
Тарағын ұмытқан-ау таранарда.
Қауызын көрем деген үмітім бар
Күлімдеп алаңқайды араларда.
Қызғалдақ тұрған жайнап салады өркен,
Құлдырап ойнағанда ала бөртем.
Жүзгенде тұңғиық гүл көк айдында,
Қамығып қамыс басы қалады ертең.
Қызғалдақ күн көзінде таранғанда,
Ұйықтады Барсакелмес Арал маңда.
Өмірде көп нәрсені түйсінерсің
Тірлікте адам болып жаралғанда.
Өмірде көп нәрсені түйсінерсің,
Күйініп, қуанарсың, сүйсінерсің.
Рақатын саусағының күйші көрсін,
Зейнетін қимылының биші көрсін.
Өмірде көп нәрсені түйсінерсің,
Ренжірсің, уанарсың, сүйсінерсің.
Ботаңды бауырыңа қақпайлай бер,
Әйтеуір жүріп-жүріп исінерсің.
Ботаңды бауырыңа қақпайлай бер,
Сүйінші әкелгенге ат байлай бер.
Терезең биік болса шегең жақсы,
Еденің сықырласа тақтайдан көр.
Сұлусың дәл осынау қалпыңда да,
Шаңқай түс, шағала боп шаңқылдама.
Күттірмей маған қақпа ашамысың,
Жалтырап күн астында, Алтын қала.
Төбемде бұлдыраған ақпа құсым,
Ыссы өмір аптабысың, бақ таңысың.
Тағдырға, өміріме қарыздармын
Маған да ұшар қанат таққаны үшін.
Шаңқай түс – алтын қала жарқыраған,
Ұнайды бұл қаланың арты маған.
Беу, көңіл, жадырамай жүрсің неге,
Жүзгенде жылы жүзбен жарты ғалам.
Аппақ ай, дидарыңды тос алдыма,
Түсейін қос алдына, көш алдына.
Жанымда бәйек болып жүргеннен соң,
Ұнатам мықтыны да, осалды да.
Үміттің гүлі қайда көктемеген,
Тағы бір жетелеші, көктем әлем!
Қалауын тапса Жер мен Көк бірігіп,
Және де ұйқасады от пен өлең.
Қалауын тапса Жер мен Көк бірігіп,
Жатады ернеуінен шоқ түріліп.
Қасқырлар тас шайнады қаршылдатып,
Көк бөрі ай ішіне кетті кіріп.
Қасқырлар тас шайнады қаршылдатып,
Арманын өлшеу үшін аршындатып.
Жемтігін қаға берсін, аға берсін,
Басына қасқырдың да барсын бақыт.
Білмеймін, досың ба екен, туысың ба,
Барлығы тіршіліктің уысында.
Келетін шаңқай түс боп күн іздеңдер,
Қалмаңдар көлеңкенің қуысында.
Ашып қой есігіңді есің барда,
Жаныңа жақын – жуық жуысын да.
Алдыңда қайта көрер адам тұрса,
Болмайды салқын сөйлеп суысуға.
Күз айын шын жүректен өпкен едім,
Содан ба, суымады көпке лебім.
Боз түспен, бақбақ гүлі, назын айтқан
Басымнан ұша көрме текке менің.
Бақбақ гүл, назын айтқан, базына айтқан,
Жырмысың Хикметұлы Назым айтқан?
Өзіңнің Шахнамаңды тыңдар едім,
Қоңыр күз құшағында жазы қайтқан.
Біртіндеп желге ұшады бақбақ гүлі,
Көзіне шағылысып аптап күні.
Қайыңын бұлғап жатыр Қарқаралы,
Басынан қарағайлы қаптап түні.
Қайыңын бұлғап жатыр Қарқаралы,
Арқырап тау басынан арқар әні.
Аптықпа, арда күнім, Арқадағы
«Сенен мұң, менен қайғы тарқамады».
Аспаны ақша бұлттан асқақтаған,
Қазақтың намысы бар қас қақпаған.
Сағыныш сарғалдағын теру үшін
Барады орамалын тастап маған.
Жаз келіп жалпағынан орағасын,
Ашпайды оңайлықпен орамасын.
Сары аласын немесе торы аласын
Жемістің не көкесін тере аласың.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі