Сырдария
(дастан)
Армысың, Сырдың елі, жырдың елі,
Төбеңде қалықтайды нұрдың өңі.
Дүрсілі жүрегімнің діріл қағып,
Өзіңе еріксізден бұрды мені.
Дария дүрілдетті ағысты әнін,
Айтумен ғашықтардың табысқанын.
Ағыстар азаматтық әнін айтты,
Абыржып, ұсынумен пәк ұстамын.
Батқан күн ұясында қызарды шын,
Көңіл-тау, қас-қағымда ұзарды ұшың.
Тасбөгет, тепсінумен, өксік үнмен
Мен келдім, бөгетіңді бұзармысың?
Көтердің келген сәтте шоқтығымды,
Лақтырып мен де кеттім оттығымды.
Шайқалған ұлан тойдан туған өлке,
Баса алмай жатырмысың тоқтығыңды?
Перзенті туған жерсіз жүре ала ма,
Мен келдім сағынышпен Сыр-анаға.
Ақынды аялаған алтын елі,
Соқпаса алақанын тұра ала ма?
* * *
Қызылорда, жайлаған ен қонағын,
Танысайық, Тәтеңіз мен боламын.
Жолаушысы бір айда он қаланың,
Ұшамын деп қанатты қомданамын.
Толғау күткен тоқсан ел толықсиды,
Ойланамын, өйткені, толғанамын.
Қоңыраудың күмбірлеп бір сыңғыры,
Терістіктің тамылжып тылсым қыры,
Айқас кірген алаңға айтыс келді,
Жүректердің жылжумен жүрсін нұры.
Сәйгүлігі танаптың барады ағып,
Сүйретіліп қалмасын құр шылбыры.
Парша, жібек маталар пәршеленген,
Жылу күтіп тұрғанда бар сәлемнен.
Бас көтере алмаған бақбақ гүлің
Үлпілдегі ұшады барша әлемнен.
Шетте жүрген тілеулес қызың едім,
Аппақ таңды өзіңде қарсы алам мен.
Тон бар ма екен арулар оранбаған,
Сусамыр боп тұрғанда сораң далам.
Алыстағы ауылдар, сағыныппын,
Ақ сарай боп көрінді қораң маған.
Сырдария толқынын бір көрем деп,
Шағаласы Оралдың оралмаған.
Шаңқылдады шабыттың шағаласы,
Балқантаудың биіктеп бағанасы.
Қорқыт ата қобызы сарнайды ылғи,
Табылмастан қойғанда баламасы.
Роза бұлбұл тоқсанда қош бол деген,
Жан сарайлы қазақтың ақ анасы.
Сен артықсың «Самара-городоктан»,
Шілде күйді, ақ түсті борады аспан.
Төл өнердің төріне шыға келді
Мәдина қыз ән шырқап қора жақтан.
Қарашаның қақпасын орап ақпан,
Тоқсан жолдың бойынан торап аққан.
Талғам, шіркін, оп-оңай табылар ма,
Елің болса өзіңді сағынарға.
Қою түнде құс жолын көп көремін,
Әз арманның арнасы ағыларда.
Астанаға ең алғаш орда қылған
Шіркін, біздің қазақтың бағы бар ма?!
Қызылдардың жерісің о басынан,
Жаңылмаған «алласы», «тобасынан».
Жайындарың өзенде мұзды жұтқан,
Жырып алып қамыстың қоғасынан.
Жаңбырлардың ішінен жұлдыз жауып,
Кемпірқосақ жылжыды доғасынан.
Елді ел қып, қазақты халық қылған,
Бір кетпейді көкейден алып тұлғаң.
Келіп қалып кенеттен көп сөйледім,
Жан емеспін ешкімді жалықтырған.
Тамырымды аулаққа жайғаныммен,
Сәби күннен бейнеңді танып тұрғам!
Өскен елге не дерсің, көшкен елге,
Оңайлықпен түспейді бөстек ерге.
Бәйтерегін биік қып орнатқанмен,
Бәлкім, Сізден Астана сескенер де?!
Арал-теңіз толықсып қайта оралып,
Ағыстары шалқысын бес кемерде.
Жылы жүзді елімнің түстігінде,
Мен мінетін ұшақтар ұшты күнге.
Жауқазындай әз қалам, жанып кетпе,
Жаһандану дәуірі істігінде.
Нұр-ағамыз жаңадан бұйрық берсе,
Қайта астана боламыз біз түбінде.
Қызылорда, қарама, сұсты күнге,
Төбеңдегі қиясың құсты кімге?
Жерлесімді іздеуші ем жол үстінде,
Жаз боп жайнап жүретін қыстыгүнде.
Мұратбаев елінің мұраты мол,
Шежіресі көмілген қыш түбінде.
Тарантасы жүретін тырсылы ағып,
Сейфуллині жүретін жыр шығарып,
Темір жолдың бойында қара түтін
Революция тынысын тұр шығарып.
Ең алғашқы тас таңба қайда қалды,
Көзбен көріп кетейік, білші барып.
Арда күндер бүлкілдеп ақ тамағы,
Білсең егер шалқиды, шаттанады.
Ойда-жоқта кеп қалды Жыр елінің
Жетісудан жүлде алған сәтті адамы.
Алтын елдің алтынын сәл ағытып,
Күміспенен келгенмін қаптағалы.
Ақын адам сөйлесе, таусылар ма,
Кім болса да шырқасын даусы барда.
Тәжібаев есімін айтып қалды
Құшағына қалың ел қаусырарда.
Мезгіл, шіркін, осылай толықсиды
Дауылдардың ішінен дау шығарда.
* * *
Қызылорда. Алаңда қырмызы гүл,
Жеңіл көлік барады жүргізіп ұл.
Таныдың ба, өткінші? Танымадың,
Саңқылдатып сөйлейтін Сыр қызы бұл.
Күн көрінді, қарасаң, аумақтардан,
Шуақтары алысқа саулап барған.
Ғасырымнан айбынам, неге екенін,
Ғимараты өсетін қаулап, қарғам.
Данышпандық танытса даналығын,
Еске түсіп кетеді бала күнім.
Қызылорда, таңертең келдім саған,
Есту үшін ел жақтың жаңалығын.
Көңіл күйі құйқылжып көп теректен,
Қанаттары сусылдап кептер өткен.
Нартай ақын сырнайын созып тұрды,
Мақамының шертіліп шектері еппен.
Ол күйлерге бұл күйлер ауысты енді,
Құлағыма сол тұстан дауыс келді.
Дыбыс, дыбыс... бейне бір жатқан сынды
Сауысқандар сабалап сауыс көлді.
Жастық күндер, қайдасың шамшырақты,
Кімге қойсам болады сан сұрақты?
Таң лебіне, күз ғой бұл, тоңазыдым,
Жаяу жүрдім аралап жаршы бақты.
Дидарымды салқын жел өбіп ағып,
«Өлмегенге... жолықса өлі балық».
Қызылорда, мен саған келіп қалдым,
Дарияңнан кетуге көбік алып.
* * *
Бақилықтың қайтеміз көк тақтасын,
Ақын жүрек соғуын тоқтатпасын.
Сыр өзені, өзіңе келіп тұрмын
Отыз түсті орманым от таққасын.
Бақытты екен адамзат мұңы барда,
Үндемессің жанарың жұмыларда.
Қанжығасы майланған қайран өмір
Ертең ұшақ. Кеше есек. Бүгін арба.
Тұңғиықтан тербелген тылсым әнім,
Нысанаға назы бар құлшынамын.
Аярлықтың тезіне жүз берілмей,
Сатқындықтың өзіне мың шыдадым.
Қайнайды өмір бу ұшып қақпағында,
Алтын жүзік жатады ақпа құмда.
Асфальт көше бойында бір Бақыт жүр
Сәбилердің шимайлы шатпағында.
Елім қайтқан «алқакөл, ақ табаннан»,
Соның бәрі қанатты қақпағаннан,
Көкте бұлттың бөгеліп тұрғандығы,
Ақша қарды аямай таптағаннан.
Аппақ күміс құйылса ақ самайға,
Шешен көңіл шер айтып қақсамай ма?
Менің мұңым мұнартып бара жатыр,
Басылмаған толғағы тоқсан айда.
Көшелерге бұрылып қапылыстан,
Аққуымын Аралдың жатып ұшқан.
Былқылдаған саздарға батып кетсем,
Керек болар секілді батыл ұстам.
Соқ, соқ, жүрек. Лүпілде, ауырмағын,
Жүрек тұсы сыр берсе-бауырға мұң.
Ақын кеуде шынайы сөз сөйлесе,
Жайсаң күндер шырқатса сәуірлі әнін.
* * *
Ауылды аңсап келдің бе,
Дауылды аңсап келдің бе?
Қабылдап жылы қол соққан
Қауымды аңсап келдің бе?
Жүрегім менің, жүрегім,
Жүрегім менің, жүрегім.
Қол созды таныс жағалау,
Жағалау бізге бағалы-ау.
Сен қайда жүрсің, апам-ау,
Сен қайда жүрсің, ағам-ау.
Жүрегім менің, жүрегім,
Жүрегім менің, жүрегім.
Көзіме қайта ұшырап,
Кездеспей кеткен көп бейне.
Көрдім де мәз боп қуандым,
Осы да маған жетпей ме?
Жүрегім менің, жүрегім,
Жүрегім менің, жүрегім.
Қона алмай жүрген құстарым,
Қанаттарыңды қағып ұш.
Сарғайтып әзер жеткізді
Сарытап болған сағыныш.
Жүрегім менің, жүрегім,
Жүрегім менің, жүрегім.
Қарамай оң мен солыма,
Жармастым аттың қомына.
Өзіңе жеттім, оқырман,
Жүрегімді ұстап қолыма.
Гүлдері жайнап тұрғанда,
Көзкөрген болды көп белең.
Қалың ел, сені көргенде
Арманға жеттім деп келем.
Жүрегім менің, жүрегім,
Жүрегім менің, жүрегім.
* * *
Қалып қойды тұмарым таныс елде,
Таныс елде, бойында қамысы өнген.
Көңілімнің түбінде сығырайған
Ескі бір үй, қайдасың шамы сөнген.
Шамдар жанды, жұлдыздар жарқырады,
Баса алмады жаңғырық бар тұманы.
Арман елі алаулап тұрғанында
Арғымағым несіне тартынады?
Қалып қойды тарағым көл басында,
Қалып қойды шәркейім жол қасында.
Ішігімді іздедім іннен шыққан,
Тіршіліктен, білмеймін, тоңғасын ба?
Күрең айғыр кісінеп күрең белде,
Меніменен анасын бір емген бе?
Бауырымды емшектес көрейін деп
Жол-тарауға тіреліп тұр ем мен де.
Қалып қойды тұмарым таныс елде...
* * *
О бастан құмар емен атаққа мен,
Шайырмын, жақын емен шатаққа мен.
Мейірбан жүрегімнің арқасында
Достастым патшамен де, жатақпенен.
Медальға толтырмадым омырауды,
Онсыз да өмір бізде қоңыраулы.
Жадырап тау үстінде жүргенімде,
Күн озды, Апта жылжып, Өмір ауды.
Кеткенмін жалауымды қадап тауға,
Сондықтан кенде емеспін мадақтауға.
Бауырында көкшіл түсті кеңістіктің
Арманым алты алашты адақтауда.
* * *
Бас тарта ма есті адам бастамадан,
Тоқтай көрме, алға бас, саспа, қадам.
Күндер өтті, апта өтті, айлар өтті,
Жұмсақ көпшік басына жастамаған.
Жел өтінде жүргенде желбіреумен,
Жолдар, саған ризамын тастамаған.
Қыс та жетер күртігі күртеленіп,
Жылу іздеп кетерміз күркеге еніп.
Күзге қолым жетті ғой енді ғана,
Желтоқсаннан қайтеміз үрке беріп,
Бағы аунаған басынан бақ едім мен,
Жұпар көңіл қайтадан тұр көгеріп.
Баққа ұқсаймын басынан бағы аунаған,
Оған куә жұлдызды анау ғалам.
Сәби күнді аңсаумен жүргенімде,
Бүлдіршіндер жүгірді сан ауладан.
Аппақ таңның ақ жібек қанатында
Арман күндер барады алаулаған.
Жүрем, жүрем, қайтадан кері кетем,
Менің барлық қылығым серіге тең.
Атқа міндім жалы бар, құйрығы бар,
Күміспенен күптелген, ері бөтен.
Ай мен Күнге телміріп шаршап жүрсем,
Олар маған мәңгілік Серік екен.
Талмаусырап естіліп көктем әні,
Күз айының жолда жүр өкпегі әлі.
Қарашаның ешкімге реніші жоқ,
Жетер, жетер бір күні көпке мәні.
Бұл әлемде булыққан әуен бар-ау,
Саусақтарым, жақында шекке, кәні.
Соқпақтарым, сен де көп соқталама,
Ойлы өзендер, сөйлеуге оқтала ма?
Қалықтаудан қанатым шаршамады,
Мені көріп тұрмысыз топтан, аға!
Білесіз бе, көбіне жаным жалғыз,
Жолдар жатыр бөлінген көп қалаға.
Үмітімнің үкісі бұлғақтады-
Жеткізуге жан сырын тіл қатқаны.
Кірпігімнің түбінен жыл аунады,
Жанарынан жанымның жылға аққалы.
Жүреді ылғи қалықтап бұл мекенде-
Сұлулықтың сезімтал сымбатты әні.
* * *
Сыр бойынан су ішкен сұңғыламын,
Домбыра деп қалыппын Мұң құлағын.
Жасыл шырша құрылса желтоқсанда,
Мен болармын жеткізер жылдың әнін.
Арыстандар ақырып айға шауып,
Білмей әлі жатқандай бұл күн әлін.
Шымшық күндер, сезімді шымшылаған,
Қабақ түймей сен де бір күлші маған.
Мінеуменен жүреді міншіл әман,
Сынауменен жүреді сыншыл ағам.
Бақыт барын аяулы бақ ішінде
Серуенде жүргенде білсін адам.
О, күндерім, сен-дағы күреңітпе,
Сан мың садақ иілді бір елікке.
Ойын-сауық ішінде миллион сомдық
Жадырап та қарайсың, түнеріп те.
Балқантаудың басынан тас домалап,
Көкшетаулы көңілдің кірі еріп пе?!
Қайран кештер, өтінем, қызармағын,
Басын бұрып алайын жүз арнаның.
Бала сүйіп, жар құшып жүргеннен соң,
Айтпай жүрген жандармыз біз арманын.
Қысқы күннің тәулігі секілденбей,
Қызу күндер, жақсы еді ұзарғаның.
Толса деумен дүние ізгілікке,
Отырғанбыз жігіттей біз күлікке.
Қарашаның қанаты қалқығалы
Тырналардың тармағы тізді нүкте.
Салқын аспан көгіне көп қарадық-
Жапырағын байлаған күзгі үмітке.
* * *
Ана-жүрек келеді толғамын ап,
Аттағаным арық деп ол да бұлақ.
Ауа жұттым астында ақ аспанның,
Жатпасам деп кенеттен жолда құлап.
Өз көзіммен көрейін деген едім,
Суреттегі Сыр бойы сондағы ұнап.
Арман қылдым, әз өлке, ақ тасыңды,
Қазыналы қойнауың қақпа сынды.
Ақын ғой деп қадірлеп төрді ұсындың,
Жағарымды білмедім, жақпасымды.
Ыбыраев бабаның ізі өшпеген
Ауыл, саған бұрайын ат басымды.
Қызылорда, дауылы көп бораған,
Жанса деймін төсіңде оттар әман.
Жүрегімді сен менің ұғармысың,
Жолаушымын жол жүріп жоқ қараған.
Желмаясы қазақтың-түйе боздап,
Шұбат ішкен қазақтан тек тараған.
Жүзіп келдім мұз жарған кемелермен,
Шоқ бөлінді суыған денелерден.
Қанжығасын майлауға асықты ма,
Садағына сұқтанды көне мерген.
Құм ішінде аттасаң кесене көп,
Ата-баба неге ерте өле берген?!
Самал желдің лүпілі самсыратты,
Ғажап өлке ғаламат ән сұратты.
Өгей өмір өксітіп өшкен едім,
Жылтыратып жағайын жан шырақты.
О бастағы қазақтың ордабасы,
Жол бойында өз қызын қарсылатты.
Саябақта орындық бос қала ма,
Жалғыздығың жақсы емес достан ада.
Мәз боламын, осылай жаз боламын,
Келгенімде ежелгі Астанаға.
Шарап толы бокалды көтерейін,
Сен де қосыл, сығалап, баспалама.
Есті күндер, ессіздеу еттің мені,
Ентелеген көңілім екпіндеді.
Достарыңмен сүйіскен ғажап екен,
Сәл қызарып тұрады беттің лебі.
Тұла бойым тіксініп қалады ылғи
Қазақы тіл бұралса шет тілдегі.
Тұла бойым тіксініп қалады ылғи,
Қобыз біткен сарнайды, салады күй.
Мезгіл, саған жасайтын бар ма амалым
Қоятұғын абызға баланы би.
Қаратаудың басында қарағайлар,
Қара бұлттай жамырап талады ми.
Бүршіктері бүр жарып көк талдардың,
Мамыр айдың көгінен отты аңғардым.
Арғымақты аңқытып бара жатам,
Арасында қызулы көкпарлардың.
Әй, жігіттер, жігіттер, абайлаңыз,
Бірі басқа соқпасын шоқпарлардың.
Ошағымды, ойымды қастерледім,
Қаламаймын жанарды жас кергенін.
Айдау жолдың бойында адасқан көп,
Күмәніне күдігі басты өрнегін.
Ей, ақиқат, аңырып тұрып қалмай,
Бетіндегі жамауын аш перденің.
Талай сыр бар құпия перделерде,
Қонбайтұғын, симайтын зерделерге.
Күмілжіген дүние күңгірт тартып,
Қайта айналып аяғы келді өнерге,
Сайтандарға алдырмас ішкі сырын
Өреліктің ерлігі енді өлер ме?
Мен қалайша серпіліп сілкінбейін,
Қолға ұстатпай кетеді бұл күн кейін.
Шаң қондырма, ағайын, Шахановқа,
Ұлағатын ұстансын ұлтым дейін.
Қызыл туы желбіреп тіл тұрғанда,
Жорғалайын, шабайын, бүлкілдейін.
Қасиет көп тектілік тұмарында,
Сырғалардың жұмбақ бар сыңарында.
Қамажай күн тербеліп ән салып тұр,
Маңғыстаудың ең биік мұнарында.
Ұлан дала өрлігі қайда дейсің?
Шың басына қонатын ұларында.
* * *
Жүз жыл өткен, жүз жиырма, мың жыл өткен,
Қызыл түсті мекенге жылжы, көктем.
Алма гүлі бұрқырап аппақ таңда
Ұсынайын бұл жырды шын жүректен.
Самалыңа тосқанда жамалымды,
Бір жібектер ұшады бір жібектен.
Асқар ақын жырындай шумақтағы,
Кернейлердің түтіні будақтады.
Мен Сіздерге келгенмін көрсем деумен,
Махаббаттың бойымда тулап қаны.
Келер сапар... жылдам-ақ жеткізеді
Дауылдатқан күндердің шулы ақпаны.
Бас қоюға келгенмін ақ тұмаға,
Қаршыға қыз, сен бекер шапқылама.
Шиелінің тойына барамын деп,
Етегіңді, Қатира, қаққылама.
Жылы жүзбен жылына кездеспесең,
Жүрдек мезгіл біздерді жат қыла ма?
Көңіл аңсап дулы кеш, шапалақты,
Шөліркетті бұл өмір, қаталатты.
Бүк пен шігі бойында қатар тұрған
Асықтарды құлатты сақа қатты.
Шаңырағын шағын ел көтергенде,
Сенен тапты алдымен шапағатты.
Жарқыраса шешіліп күн тұмағы,
Әлденеге көңілім ұмтылады.
Жұмырығын ашпады жұмбақ ғалам,
Таба алмай тұр ойланып кілтін әлі.
Мамырлайды аққудың мамығында,
Сылаңытқан күндердің сылқым әні.
О, ғажап сәт, сен неткен ғаламатсың,
Саулығыңды тілейді саламат сын.
Кезікпейін кездейсоқ кедергіге,
Керек болар қарынға қанағат шын.
* * *
Шейіттерге толғанда жер бедері,
Бейіттерге тұнғанда жер кемері,
Тыныштықтың қанаты сермеледі,
Тербеледі дүние, тербеледі.
Сәлем жолдап тұрғанда ақпа құстан,
Берекелі баулардан бақбақ ұшқан.
Қарағайлар бауырын қаптап ұстам,
Шартарапқа жарқылдап шақпақ ұшқан.
Желке шашын сәнқойлық тарақтаған,
Арық көрдім сулары әрі аттаған.
Езуінде ұлы өмір ен Тірліктің
Күліп келе жатады қарап маған.
Ақ нұрымен дария дірілдеді,
Толқу көрдім толқынның біріндегі.
Сайын дала сүрленген Сыр бойының
Сәйгүлігі қашан да сүрінбеді.
* * *
Гуілдеші, көңілдің күзгі алаңы,
Аралайық асықпай біз қаланы.
Тыншымады бір құсым тұғырында,
Қайран жүрек сыр беріп сыздағаны.
Жүрек, жүрек, сен енді жүк көтерме,
Күрсініс көп көңілді күпті етерге.
Тағдырымның кигенмін ақ жейдесін,
Өлең жазған парағын бүктетерде.
Жүрек, жүрек, қайтадан сыздамады,
Ағытылып кеткенде Мұз бағаны.
Ұғармысың, алдымнан шығармысың,
О, даланың жайқалған ізгі алабы.
«Жақсы қылыш» – көрсем деп Тұз қаланы,
Табанымның жөн бе еді қызбағаны?
Ержеткізген өлкеге, тербеткізген
«Бес!» деп қана қоямыз біз бағаны.
Сұрапыл күн, сұңқылдай бердің неге,
Барымтаға барымды бердім деме.
Бойды тіктеп, құлашты кере жайып,
Күншығысқа қолыңды кердің, дене!
Соқпай кеткен қаншама туысым көп,
Көрдім деме сен мені, көрдім деме!
«Құмкөл» тұсы естіртті майлы дыбыс,
Майлы дыбыс, жаныңа жайлы дыбыс.
Мұнайыңды түгенде, Қызылорда,
Алақанға түскенде айлық ырыс.
Жағалауда тамырлы тал шұбады,
Күй деп тыңдап көргенім ән шығады.
Жанарымның аумағын жарық тіреп,
Жиде ағашы жұпарға малшынады.
Қызылорда, не деген пәк қаласың,
Таңырқадың қақпаңды қақпағасын.
Дарияның дірілі тарқамады,
Сыр бойына сырыңды сақтағасын.
Қызылорда, не деген ақ қаласың,
Көп қаладан көп болар бақталасың.
Мен өзіңнен қалайша кеткем ұзап,
Қалың ойдан қара бұлт қаптағасын.
Жырау қала, сал менен сері қала,
Саған арнау айтамын, бері қара.
Бар байлығы қазақтың жүрегі мен
Бар байлығы қазақтың жері ғана.
Тұлпарым ең сен менің, сұңқарым ең,
Мың сауалдан қай кезде бұлтарып ең?
Кең көшенің бойында көп жолықтым
Майқанова апамның ұрпағымен.
О, не деген көп еді жарық шамы,
Жұлдыздарға қосылды барып саны.
Өзіңде өткен, ей қала, өзіңде өткен
Ғашықтардың ынтызар ғаріп шағы.
Дәл осындай іздегем бір қаланы,
Сені көрсем жүрегім нұрланады.
Сәулетіңе сән қосқан бұл шағыңда
Көңілімнің сарайы сырланады.
* * *
Туған елім, тұрмысың тұғырыңда,
Көп айналдың Уақыттың шығырында.
Сенің мың сан ұйқысыз күндерің бар,
Жыбырлаған құмырсқа қыбырында.
Күріш елі, мәңгілік Көктем елі,
Жүрегінің мәрттігін шектемеді.
Содан болар, өзіңе келгенімде
Асқақ ойлар аспанға кептеледі.
Қарсы ағады көліктер көше беттен,
Болашақ пен Келешек өседі еппен.
Көшербаев Қырымбек көш басқарған-
Елеу аға ұрпағы кешегі өткен.
Жарқын жолдар жарығын төседі еппен,
Көсемі өктем, бұл жердің шешені өктем.
Қырымбегің қыран боп сілкінгелі
Неше күндер өтіпті, неше көктем?!
Ойлы өзені тірліктің от қабады,
Сырдария ағысы тоқтамады.
Арғымағы даланың аласұрып,
Маңдайына қып-қызыл шоқ тағады.
* * *
Сырғанама, алтын күн, сырғанама,
Біз екеуміз жолықтық бір қалада.
Бақыт құшып басыңда балбырасам,
Менің тәтті түстерім ұрлана ма?
Жылжымағын күміс ай, жылжымағын,
Соғылар деп бұлттарға қынжыламын.
Сырдария, өзіңе ұқсағасын,
Шын мұңайдым, шын күлдім, шын жыладым.
Жарқырама, жұлдыздар, жарқырама,
Бозғылт түсті таң келер артын ала.
Тегіс бойлап, жайлаған егіс бойлап
Сырдария дегенім-сарқырама.
Жол беріңдер, мен тағы кезектемін,
Айтарымды айтпасам-өзекке мұң.
Шилі өзеннің бойында сыңсып қалған
Сол бір бала күндерім-сөз еткенім.
Бозторғай боп таңдарда безектедім,
Менің сәби шағым ғой сөз еткенім.
Ошағына Отанның үңілемін,
Танауымды қытықтап тезек менің.
* * *
Шыңғысхандай жаулаған семсерімен,
Алтын адам-Есікті еңсеріп ем.
Жауқазындар ұшқанда жатып алдым,
Аумай қалып Сал менен мен Серіден.
Айман-сөзім жазылды алақанға,
Күн боп кіріп келгенмін ала таңда.
Жұпар иісі аңқыған жусанды өлке
Ықтасының жарайды балапанға.
Толғауымды айтайын, тоқта, ғалам,
Байқоңырға сәлем де оттағы аман.
Жапалақтап мезгілдің қары жауды,
Соқпақтары тағы да соқталаған.
Ала құсым кеудемді тепкілеген,
Ағытылып абайсыз кетті менен.
Өскен өлке, білемін қадіріңді,
Қызым аман болсыншы деп тілеген.
Толқынында балшықтың сұры басым,
Бұраң өзен, сен қайда бұрыласың.
Қазыналы елімнің бал қаймағы
Құтты мекен қойнында құрымасын.
Шуақтарың шашақты шашыраған,
Айдының бар алашты асыраған.
Ақ маржаның тізіліп қамбада тұр,
Мойын создың ғаламға бас Ұрадан.
Дүниеге келгенде сен деп келдім,
Бал шарабы судырап шөлмектердің.
Кілем тоқып, бір кезде киіз басқан
Өлкесіне иілдім өрнекті елдің.
Қызыл қала, бірісің келбетті елдің,
Көпірісің нық тұрған белді өткелдің.
Көбелектей осынау кеңістікте
Бара жаттым үстінде көлбеп көлдің.
О, қоңыр шақ, осынау томсырайған,
Жылу күтіп тұрмысың оң шырайдан.
Пейіліңді пендеңе ұсынбасаң,
Жақсы болып қонады көрші қайдан?
Қыдырыстап көп жүрдім бақта нұрлы,
Сырдың талы, сұлусың ақ тамырлы.
Көзбен көру маңдайға жазған болар
Тамылжыған осынау шақтарыңды.
Тырс-тырс тамып тереңнің тамшылары,
Қыран өлкем, құлыным, қаршығалы.
Жаһаннамның қол бұлғап бар шығаны,
Тағзым еттің рухыңды аршығалы.
Күмбір үні құлақта сырғаның да,
Өмір әні тамылжып тұр бағыңда.
Ақ маржаны жайқалған сені көрдім,
Кең әлемге мойнымды бұрғанымда.
Арғымақтың жалында кісінеген,
Қызыл болды іңірдің түсі неден?
Ай астында өзіңе самғап келдім
Аққулардың қанаты ұшыменен.
Ару қыздың тәжіндей алты басты,
Дабыралы дүниеге даңқың асты.
Қазыналы қойнауда жеті қабат
Ен дәулеттің қолтығын халқың ашты.
Бұлақтарың бұрым боп өрілгесін,
Ән мен тойдың құрметті төріндесің.
Бір соқпастан өзіңе кете алмадым,
Ыстық болып көзіме көрінгесін.
Жұмбақ болып жанымда жұмақ қала,
Қорқыт ата қобызы құлақта ма?
Қоңырқайлау ауылда күй кешетін
Әлі солай Байқоңыр сынақта ма?
Інжуіңді жібекке тізбектедім,
Моншағыңды мойылдай іздеткенің!
Ұшынан да сүюге батпады ма,
Саусағымнан ұстады күз кеп менің.
* * *
Базына айтып, тұлғасын бұлдамаған,
Желмен ағып барады жылдам адам.
Жамыраған сәмбі тал жапырағы
Жаңалығын айтады жылда маған.
Түнектерден жайғанда Түн құлашын,
Төбесіне ғаламның ілді басын.
Ынтызарлы дүние ыңыранды
Қағып салып бір сәтте күндік асын.
Ынтызарлы дүние ыңыранды,
Қорыта алмай қоймалжың қымыранды.
Ғасыр, саған ризамын шын көңілден,
Күні қызық, күлкі көп, ғұмыры әнді.
Күні қызық, ғұмырдың күні қызық,
Барған сайын үдеген үні қызып.
Сайын дала төсінің сәйгүлігі
Бара жатыр бас жібін жұлып үзіп.
Шаршы ғалам, сен-дағы шаршамағын,
Жолым түссе, жарыққа қарсы ағамын.
Сыр бойына қалайша риза емеспін,
Жамалыма желпісе бар самалын?
Жихан кезіп шарықта, шалқы, желім,
Күміс айдар таққанда алтын елім.
Жер үстіне естіртіп бар дауыспен
Бірдеңе айтқым келеді жалпы менің.
Қына тастың бетіне түк тамады-
Құпиясын қойнаудың құптағаны.
Сыр бойында шешілді қазағымның
Шежіреден тараған түп тағаны.
* * *
Тағы да бір күн келді, қар борады,
Басылмады іштегі жан бораны.
«Балғалары тықылдап бесжылдықтың»,
Қап үстінде қалқаның қалды орағы.
Алматыда тербеліп ақ бағандар,
Шалқаяды шамасын сақтағандар.
Қар лақтырды жүрегін орап алып,
Махаббатын кірлетпей сақтағандар.
Ақ сәулесін самалдың бояп ішіп,
Иығыңа ұсынып қоям ішік.
Сыр бойынан жөңкіген бір тасқынмен,
Жапан түзде жөңкіді қоян ұшып.
«Ах Самара» – Қызылдың қаласында,
Қоян ұшты, қол жетіп аласың ба?
Қызық түсті Қызылға келіп кеткен
Арман бар ма қазақтың баласында?!
Қыр басынан құлдырап қоян ұшты,
Қоян болып күн кешу аянышты.
Қоянботқа жасалды қар жауғанда,
Жантайғандар Сыр суын таяп ішті.
* * *
Бегім ана бейнесі сұлбаланып,
Аңыз айтты тереңнен тұлғаланып.
Қызылқұмның қырына су тасыды,
Қарлығаштар қанатын бұлғап алып.
Құмдар қарсы жылжыды бар ағынға,
Қия тұсы қарайған Қарақұмда.
Балдәуренді бал шақтың елесі бар,
Танаптағы жолдардың тарабында.
* * *
Әнің қалай, Шиелі, сәнің қалай,
Жақын едім о бастан жаныңа бай.
Ат терлетіп алыстан келгенімде,
Қыдырыстап кетіпсің, жаным ағай.
Айдын көрдім мен сенен ақтарылған,
Құсни сәлем оқыдым хаттарыңнан.
Күле қарап алдымнан тұра қалдың
Күн сәулесі қонақтап бақтарыңнан.
Жан жамалы жаныңда жиектелген,
Иықты елсің ернеуі иектелген.
Жүрек тұсың жабығып тұрған сәтте
Мен емес пе ем бір жақтан сүйеп келген.
Сыр бойының елі едің сырың асыл,
Кенеріңе сен бәлкім ұрынасың.
Бетпақдала беткейін бетке алғанмен,
Жырақтарға бір күні жырыласың.
Жырақтама, өтінем, жырақтама,
Арна тауып беремін бір аптада.
Қазақы елдің мінері пырақ қана,
Тұран таудың басына тұрақта да.
Өтіп жатқан өмір ғой, жыл баяғы,
Мезгіл атты құм сағат кімді аяды?
Сені көрсем, Шиелі, ұйықтаған
Сағынышым тағы да ұлғаяды.
О, Шиелі, шиеңді сақтадың ба,
Жемісіңді татайын ақпа құмда.
Жылы жүзбен келдің де, жөн сілтедің,
Жол үстінен жол іздеп жатқанымда.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі