Алтынай (немереме) – Ханбибі Есенқарақызы

Бұл бетте «Алтынай (немереме)» атты Ханбибі Есенқарақызы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 23.01.2022
  • 0
  • 0
  • 1724
Жылап келдің өмірге сен,
Келе сала жерінбе сен!
Өзіңсіз мен үш ұрпақтың,
Өкілі боп көрінбес ем!

Жаңа – келер, көне – кетер,
Мылқау тірлік елең етер.
Бір-ақ рет берілетін,
Бұл өмірді деме, бекер.

Басымды исем бұрылмайсың,
Сөзімді айтсам ұғынбайсың.
Мен жыласам – бар себебі,
Ал сен неге шырылдайсың?

Досы да бір, жаты маған,
Еңбегі – еш, татымаған.
Өзіңдей көп жылайтұғын,
Әжең сенің ақын адам...

Жығылу бар, сүріну бар,
Жанған отқа ұрыну бар.
Өткендерден дүние – жалған,
Деген, ботам, бар ұғымдар.

Пендесің бе, құдайсың ба,
Шыңдайды өмір, шыдайсың ба?
Соның бәрін сезіп, біліп,
Жылайсың ба, жылайсың ба?

Өмір деген осы, ботам,
Періштенің досы, ботам.
Жыламашы, жасытады,
Көздерінің жасы, ботам.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері