Күлкі болмай кетті білем, күлкім де – Әлия Дәулетбаева

Бұл бетте «Күлкі болмай кетті білем, күлкім де» атты Әлия Дәулетбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 16.01.2022
  • 0
  • 0
  • 1392
Күлкі болмай кетті білем, күлкім де,
Қарашаның қабағынан мұң сауып.
Қайтем енді... Ертелі-кеш бұл күнде,
Есіл-дертім сіздің жаққа тұрса ауып.

Есіл-дертім сіздің жаққа елеңдеп,
Үмітсіздік уын жұтып үлгергем.
Айтқым келген сізді жақсы көрем деп,
Маған ондай батылдықты кім берген?...

Сеземін ғой барлығын да, жарығым,
Сынық мұңды кеудеңізден құлаған.
Сіздің болмыс неткен жұмбақ, тәңірім,
Мені осылай сақтап тұрған күнәдан.

Соншалықты болармысыз сабырлы,
Сырыңызды сыртқа бермей келесіз.
Сорға малып менің есіл жанымды
Сол қалада қап қойдыңыз неге сіз?...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері