Өлең, жыр, ақындар

Курстастар, қайдасыңдар?

  • 17.01.2022
  • 0
  • 0
  • 1423
Курстастар!
Бұл күнде қайдасыңдар?
Қай ауылда,
Қай мекен-жайдасыңдар?
Уақыт – ұры жасырып жүздеріңді,
Алып кетті-ау, асырып айласын бар...
Студенттік
Думаны мол шақтарым,
Қайда қалдың?..
Жүрмін мен аңсап бәрін!
Жіпке қайта тізер ме ем жиып алып,
Шартарапқа шашылған моншақтарым?!
Студенттік
Алғашқы күзім күткен,
Шырын жеміс үздірген жүзімдіктен.
“Шелектегі” келтіріп кештің сәнін,
Қайда, сол бір сыбызғы үн үзілдірткен?
Уыздай ғып ұсынып жырымды ұдай,
Тыңдатушы ем...
Болар ма бұрынғыдай?..
Шырынымен үйіріп бізді өзіне,
Жүздестірген
“Шелектің” жүзімдігі-ай!
Өтер-ау деп
Бес жылым
Бес күнгідей,
Мазалаған жоқ еді ешкімді үрей.
Енді, міне, еске алып сол кезеңді,
Сезім селін мен бүгін кештім дүлей!
Отыз бес жыл!
Қанша қыс, көктем өтті...
Өз әмірін
Уақыт өктем етті.
Тұс-тұсыма жүремін құлақ түріп,
Сендер жайлы білсем деп көп деректі...
Шешен сөзге Хақ ием шебер еткен,
Өздерің ең,
Сәулелі ой себелеткен!
Қалып еңдер көбісің астанада,
Ғылым іздеп,
Һәм өнер керек еткен...
Ілім қусаң,
Қашан да жүзін жарық.
Ізгіліктің шырағын білім жағып,
Бұл күндері, білемін,
Біразыңның
Жүргендігін
Ғылымның түбін қазып...
Істеріңе үлгілі сүйінемін,
Үміт артар
Сендерге дүйім елім.
Ел-жұртымның мерейін үстем қылып,
Қуанышым болыңдар жиі менің!
Студенттік әлемім
Ертегі еткен...
Сағыныш боп
кеудемді өртеп өткен...
Сендер ендер,
Ортаңда жыр оқытып,
"Ақын қыз" деп
Мені әр кез еркелеткен.
Соның бәрі айналып естелікке,
Отыз бес жыл өткенін ескеріп пе?
Әкім болған бір кезде,
Хакім болған,
Дұғай сәлем, Тоққожа ЕСТЕНОВКЕ!
Емес едік курстас оған бөтен,
Бұл күндері мәрт, жомарт, адам да кем.
Өз курсын жиып ап басын қосқан,
Құл-Мұхаммед Мұхтардай болар ма екен?!
Курстастар!
Бұл күнде қайдасыңдар.
Қай ауылда,
Қай мекен-жайдасыңдар?
Өмірімнің өшпестей өрнегі боп,
Көңілімнің төрінде жайғасыңдар!
Курстастар, қайдасыңдар?..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Анашым

  • 0
  • 0

Анашым, қалмай қатардан,
Ғайыпқа батып жоғалдың.
Тұңғыш рет ұзақ сапардан
Өзің жоқ үйге оралдым.

Толық

Кел, махаббат!

  • 0
  • 0

Жанарымды арбамай
Сағым болып,
Сорым емес,
Жанатын бағым болып,

Толық

Қыздарға тілек

  • 0
  • 0

Мезгіл жетпей
Гүл қауызын жара ма,
Уақыт – қатал,
Аяйды деп қарама!

Толық

Қарап көріңіз