О дүниеден хат
Нұр тұнған, сыр тұнған,
Бір сырдаң, бір бұлғаң.
Апыр-ау, болсамшы
Жолыңа мен құрбан!
“Наз”. Оралбек Сарбасов
Сен – тірісің!
Бұл күнде мен – өлікпін...
Кетпедім бе
Жадыңнан көнеріп тым?
Бар ғұмырды жолыңа құрбан қылып,
Өле-өлгенше мен сені неге күттім?
Күттім сені
Көз салып көкжиекке,
Келмесең де,
Артпаушы ем мен жиі өкпе...
Ойып тұрып
Атыңды жаздың неге,
Онсыз-дағы дімкәсі көп жүрекке?
Сатқындықты сезінген
Мен емес пе ем?
Сүйіп тұрып безінген
Сен емес пе ең?
Жылдар салып араға
Ұмыта алмай,
Құтыла алмай жүрмісің
Көп елестен...
Шының ба бұл,
Апыр-ау,
Наз қылғаның?
Жазмышты емес,
Өзінді жазғырғаның...
Бірге өзіммен,
Көміліп көрге кеткен
Күйігімді
Несіне қаздың жаным?!
Ән жазыпсың
Сен маған назыңды айтып,
Назыңды айтып,
Жан-жараң жазылмай түк...
Мәңгі ұйқыға кетсем де
Сезінермін,
Жер-бесікті тербетпес сазың қайтіп?..
Айдай сұлу жасымнан
Айман едім,
Арманыма кең құлаш жайған едім.
Наз айтуға хақылы
– Мен едім ғой,
Сен сарғайтқан жастығым қайда менің?..
Тап болып ең сорыма қайдан маған?
Қаттылыққа сендегі қайран қалам!
Құласам да,
Сен маған жете алмадың,
Құлын даусың шырқырап “Аймандаған!..”
Айырық жолға
Біз солай тақап бардық,
Өзімізге жағымсыз атақты алдық...
Мені құртқан –
Қызға тән жіңішке жол,
Сені құртқан –
Кеудемсоқ тәкаппарлық.
Үзбесем де өзіңнен күдерімді,
Құп алмады-ау,
Құдайым, тілегімді.
Бұрылмастан
Сен солай кете бардың,
Басқа аруға ұсынып жүрегіңді.
Ғашықтарға көп болар тосқауылдар,
Ортамызға түсті кеп дос-бауырлар.
Бұзып-жарып
Өткелден өте алмадың,
Келер күнді
Қайтейін, тосқанымды әр...
Сезіміміз қамалды торға барып,
Өзімізді құлаттық орға нағып?
Бірімізді-біріміз сүйіп тұрып,
Махаббатты неге біз қорғамадық?
Сен – Естай да,
Мен – Қорлан бола алмадым,
Хош болып тұр!
Хош, енді, жан арманым!
Жалқы келіп дүниеге
Жалқы кеттім,
Махаббатым өзімде – саған, жаным...
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі