Балалықпен қоштасу
Кеудемнен бір бұлқынған сазды көрем,
Қанатты қаққан аққу, қазды көрем,
Теңіздің жағасында тұңғыш рет,
Жалғаннан жасырынып жаздым өлең.
Ұят деп біреу білсе ел ішінде,
Теңізге қойып кеттім сол үшін де...
Батылым әзер жетіп жолдап едім,
Өлеңім жарық көрді он үшімде!
Құшақтағым келгені-ай ұлы көкті,
Ғажайып сезім кештім құдіретті.
Бейнем тұр!
Не де болса көрейін деп,
Өлеңмен сала салғам суретті.
Почтальон әкесі бар досым жетті,
Күт өтпей, газеттен соң тосын кепті,
Төтеннен келді бір телеграмма,
Мен түгіл, әке-шешем шошып кетті.
– Қарап жүр, – деп едім, – құлақ қойып,
Көбейді ата-анамнан сұрақ қойыс...
Атыма күтіп ал деп біреу берген,
Ауылға тоқтайтұғын бір-ақ поезд!
Ақын жүрек әкем жүр дүлейленіп;
– Бүлдірдің-ау, – дегендей бір ой келіп,
Қорқа-қорқа перронға шықтым әрең,
Күтіп алар адамнан үрейленіп.
Ауыл тұр қара табан шаруамыз деп,
Құмында жалаң аяқ қалған із көп...
Күткен поезд сәл тоқтап жүріп кетті,
Мен тұрмын бейтанысты шарлап-іздеп!
Кіріскем күтіп алар шаруама,
Мазасыз бір тыным жоқ жаныма да;
Перронда бейтаныстан жалғыз адам,
Оның өзі менен жас сары бала!
Басқаға әлгі бала алаңдамай,
Келеді қолын созып маған қарай,
Қол созған күлімсіреп жұмбақ жанға
Қол алып, қол бермеске шамам қалай!?
– Ақынбыз! – деп танысты жақын ғана,
Шынашақтай түрімен батылдана,
Облыстық газеттегі өлеңімді,
Кетіпті құттықтауға ақын бала!
Келеміз Қамбаш көлдің бойыменен,
Оралып әлгі ақынның ойына өлең,
– Ақындар шарап ішеді... – деп қояды,
Бір қарыс шынашақтай бойыменен!
Келгелі көңіл деген кетті ме өсіп,
Сөйлейді шарапқа да екпін қосып;
Арақты ішкендерден қорқатынмын,
Ақынның бұл сөзінен кеттім шошып!
Көкейде өрт сезімдер өртеп өтіп,
Болжадық болашақты көркем етіп,
Ақын ғып кәдімгідей толқынымен
Көл тұрды екеумізді еркелетіп.
Ал қазір еске оралса күлер ме едік,
Жанға ұсап, жасайтындар бірер ерлік,
Сұранып үйімізден біз екеуміз,
Теңіздің жағасында түнеп едік.
Еске алып, еске алмай да өтерміз бе?
Көк теңіз шуламапты бекер бізге
Балалықпен қоштасу екенін біз
Сол кезде аңдамаппыз екеуміз де!
Жүрегім сол баланы досы білді,
Жырладық өмір жайлы қосып үнді,
– Ақынмын! – деп танысқан әлгі бала,
Жарасқан Әбдірашев осы күнгі.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі