Волейбол – Темірхан Медетбек

Бұл бетте «Волейбол» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 2802
Төзiмдi қамап қамалға
өзiңе ендi абай бол!
Алақандай алаңда
қызады келiп волейбол.
Өртенiп,
жанып күйiктен,
ауаға қалқып, асылып,
соғады допты биiктен
құрулы тордан асырып.
Тағы да бiр доп соғылды
сiлтi ауаны сiлiккен.
Серпедi керi добыңды
ауаға сүңгiп жiгiттер.
Қорғағандай қамалды
қорғайды жерiн сан құлап, –
екi жақ жатыр алаңды
кезекпе кезек бомбалап.
Ұмтыла ұшып сабылып,
серпедi допты iзiнше, –
доп емес,
бомба жарылып
кетердей жерге түсiрсе.
Жiгiтiм,
ендi жасқанба!
Сенетiн болсаң күшiңе
қайта соқ допты,
аспандат!
Түсiрме жерге, түсiрме!
Өртенiп,
жанып күнiне,
алаулап, шалқып оттардай,
торларын құрып дүние
қорғайды жерiн «доптардан».


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері