Өлең, жыр, ақындар

Шыңырау

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 918
Әбiш Кекiлбаевқа

Шыңырау – өлең,
Шыңырау – күй,
шыңырау – аңыз!
сусап қаңсып жатқан соң құм даламыз
шөлдеп өткен өмiрден түздiк үшiн
шыңырау – өлең,
шыңырау – күй,
шыңырау – аңыз!
Айдаса да қу тағдыр мың iзбенен,
ертеңiнен үмiтiн бiр үзбеген
алтын емес,
басқа емес,
жер астынан
шыңырау қазып қазағым су iздеген.
Екпесе де қылтитып бiр шыбықты
үмiтi оның мың көктеп, мың сыныпты...
Жер астына үңiлiп көзiн сүзiп,
жер астынан iздептi тiршiлiктi.
Суы болмай өмiрден жаза көрген
өрiсi де халқымның тоза берген.
Сонан кейiн бiр белдi таңдап алып
апта қазған,
ай қазған,
қаза берген.
Күйiп тұрған шiлденiң аптабында,
ақырында шаптырған атты ауылға,
дертiп тұрған қара жер желiнiнен
ағыл-тегiл су шығып ақтарылған.
Су-су – деген сол сөздi қалықтаған
қайталаудан адамдар жалықпаған.
Бәйге берiп,
палуан күрестiрiп
той жасаған ғажайып алып далам.
Қуаныштан кемпiр-шал құрақ ұшып
кеткен құс та оралған жырақ ұшып.
...Қара бұлттай қара нар алған екен
кiшiгiрiм көл суын бiр-ақ iшiп...
Табиғаттың таусылмас сазын алған
халқым менiң –
тұратын қазынадан –
осылайша шаттығын,
тiршiлiгiн
жетi қат жер астынан қазып алған!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Өзгеріс

  • 0
  • 0

Не боп кеттi азып-тозып өңiрiм.
Не боп кеттi бұрқап, түтеп өмiрiм.
Iше-iше қасiрет пен құсаны
Уға толы ыдыс болды көңiлiм!

Толық

Шекарадағы торғайлар

  • 0
  • 0

Батыста, шығыс, күнгейде,
Жүрсе де қиыр шалғайда
Шекараны бiлмейдi
Шекарадағы торғайлар.

Толық

Сансырау

  • 0
  • 0

Бір күні мен
Өмірден безініп
Өзімді өзім
Жерледім.

Толық