Жылдар – Тайыр Жароков

Бұл бетте «Жылдар» атты Тайыр Жароков жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 10.07.2022
  • 0
  • 0
  • 925
Өтті айлар, өтті жылдар,
Өтті талай мезгілім,
Өтті алуан отты жылдар.
Өсірді өмір өз гүлін.
Жылжып алға жыл жарысты.
Жылдар жалқы өткен жоқ,
Жылдар бізбен жыр жазысты,
Жер де жай гүл төккен жоқ.
Жылдардан жыл туып жатты,
Жайнай түстік жыл сайын;
Тұл даланы туындатты
Түлектерім күн сайын,
Қанат қаға құстай ұшқан
Жылдарды алға өңгеріп,
Туған елім Қазақстан
Тұл өлкеме өң беріп.
Елім биік тұғырда тұр
Екі жиырма жас жасап,
Аспандайтын бір қырда тұр,—
Алтын аптап, тас қашап.
Өтті айлар, өтті жылдар,
Өтті талай мезгілім,
Өтті алуан отты жылдар,
Өсірді өмір өз гүлін!
Таң-тамаша әлі алдымда
Тұр туашақ жылдарым,
Жараса, шын, жоралғыңа,
Жұртым, талай жырларым!

1960


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері