Өлең, жыр, ақындар

Суретші күз

  • 10.07.2022
  • 0
  • 0
  • 584
Бұлтты күз, буалдыр күз манаураған,
Аулақта әлдекімдер аң аулаған,
Бұтақтан желге үзілген жапырақтар
Астында аяғымның сан аунаған...
Түн суып, жұлдыз сүңгіп таң қойнына,
Кіреуке қырау қонып тал бойына,
Сәскеде әлсін-әлсін әлдиленіп,
Ақ тұман оралады тау мойнына.
Аударсам жанарымды таудан ойға:
Безентіп бау-бақшаны мың бояуға,
Ғажайып суретші күз салған өрнек
Ұқсайды жерге көрме орнағанға.
Қыз лебі алмалы бақ алаңынан
Қып-қызыл алманы үзіп сабағынан
Жинаса – күздің қызыл маржандарын,
Алатау бұлт ойнатқан қабағынан!
Сұрғылт күз, сылбыр жаңбыр
жауатындай,
Сарғайып терек басы сары алтындай, –
Сары ала жапырақтары тұр салбырап, –
Таранған тоты құстың қанатындай...
Қыр бейне бұлтты күзде түксіз кілем,
Мөп-мөлдір көлдері де мүлтсіз дер ем,
Көрікті күз бояуын дәл түсірер, –
Келеді жазғым ылғи бұлтсыз өлең!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жолдағы ой

  • 0
  • 0

Түйді дағы ойларын: —
«Елсің қазақ көшпелі!»
Деді — «Менің арманым:
Жаңарып ел өскені!

Толық

Чапаевтың қылышындай

  • 0
  • 0

Қызыл тіл Чапаевтың қылышындай,
Жарқылдайды жауға оқталсам қыры сынбай;
Қаз-қатар командамен тізген өлең
Әскердің қызыл қыран тұрысындай.

Толық

Ләйлі Мәжнүн

  • 0
  • 0

Тізілтті әңгімеші сөзді бастан.
Өзінің хикаясын етіп дастан: –
Араптан туған екен бір ғазиз жан
Артықша болыпты, – деп, – жұрттан асқан.

Толық

Қарап көріңіз