Алтын ай – Әбділдә Тәжібаев

Бұл бетте «Алтын ай» атты Әбділдә Тәжібаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 03.02.2016
  • 0
  • 0
  • 6837
Терезеден тесіліп,
Қарасам сұлу далаға.
Айды көрем қалғыған
Ұсаған жас балаға.
Жастанғаны жұмсақ бұлт,
Жұмсартыпты жамбасын.
Жатыр жалқау бүркеніп,
Сүйіп ұйқы жолдасын.
Аш көзіңді, алтын ай,
Көміле берме ұйқыға!
Оятамын, қоймаймын,
Жатқызбаймын ұйқыда.
Бөлене бермей бесікке
Аш көзіңді, алтын ай!
Өлеңнен өрнек кестелеп,
Отырмын мен де ұйықтамай.
Ұйықтама, тыңда, алтын ай,
Айтайын қызық сырларды.
Сырласып сұлу далада
Күзетейік қырманды.
Аш көзіңді, алтын ай,
Көміле берме ұйқыға,
Оятамын, қоймаймын,
Жатқызбаймын ұйқыда.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері