Дауыл күнгі дария – Сырбай Мәуленов

Бұл бетте «Дауыл күнгі дария» атты Сырбай Мәуленов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 07.02.2016
  • 0
  • 0
  • 3651
Тұнып жатқан көкке атып толқындарын,
Дауыл бұрқап дарияның соқты жарын.
Нажағайдың жарқ еткен сәулесінен,
Айдынында ойнайды отты жалын.
Көбік қайнап сапырып дарияны,
Салып қиқу сақылдап жарға ұрады.
Шұлғи тартқан сулығын шу асаудай,
Арындайды толқынның арғымағы.
Туған жердің толқынын толтыра ішіп,
Құшағыма дауылын кеттім қысып.
Арпалыста атуға дұшпанымды,
Аспанынан нажағай алдым құшып.
Асып толқын жатқанда иегінен,
Тұрмын қарап дарияның жиегінен.
Туған елдің күшіндей толқын атқан,
Дауыл күнгі дарияны сүйемін мен.
1946


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері