Ұшып келем – Сағи Жиенбаев

Бұл бетте «Ұшып келем» атты Сағи Жиенбаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Ұшып келем,
Ұшып келем көгімде,
Ұшып келем
Мөлдір аспан төрінде.
Көкте жүріп қызығамын
Жердегі –
Сонау, сонау
Өзім ұшқан өңірге.

Анау менің
Асу-асу белдерім,
Асқаралы тауларым мен
Көлдерім,
Мен Жерімнен
Қанша биік ұшсам да,
Көз алдымда
Келе жатыр ол менің.

Туған жердің –
Құдіретті күшімен
Жаңа ғана, жаңа ғана ұшып ем,
Қазір, міне,
Келемін мен зымырап,
Аппақ-аппақ
Жұлдыздардың ішімен.

Осы бір сәт
Жарқырайды жанарда,
Жұлдыз болып
Көрінемін ғаламға.
Жердегі адам,
Жерде жанған алау от
Жұлдыз болып
Көрінеді маған да!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері