Кеншілік пен ақындық – Кәкімбек Салықов

Бұл бетте «Кеншілік пен ақындық» атты Кәкімбек Салықов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Кеншіліктен ақындығым нашар ма?
Әлде ақындық кеншіліктен асар ма?
Екі ана,
Екі әке,
Қос жұмыс,
О, табиғат!
Менен жүгің қашар ма?!
Мен дайынмын,
Сен үйе бер қос арба,
Шынымды айтып
Тағы да сыр ашам да.
Мен өлеңге бала жастан ғашықпын,
Кенші болдым өмір жолын ашарда.
Біз дегендер –
Соғыс жылғы балалар,
Көңіл нарқын қас-қабақтан шамалар.
Содан болар, самай ерте күмістеп,
Терең тартты маңдайдағы салалар.
Кейде менің маңдайыма сор бейім,
Кейде өтеді біздің үйде той кейін,
Азаматтық жүгім ауыр болған соң,
Ақындыққа тиіп жүр ғой жол кейін.
Толқып айтсам толғанысты кезімді,
О, туған ел!
Сенсің билер сезімді!
Әкем үшін бір ісіңді тындырып,
Анам үшін жырлап өтем өзіңді!

1970


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері