Алматы – Әлия Іңкәрбек

Бұл бетте «Алматы» атты Әлия Іңкәрбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Алматы деген — ар ма екен,
Алматы деген қар ма екен?
Жоқ іздеп жүрген рухтардың
Жанының табы бар ма екен?

Тұманы мұңдай арбаған,
Шытырман жолды таңдаған,
Алматы — ақын жүрегі,
Алматы — бәлкім, арман ән?!

Баурына басса тау-ғалам,
Жауардай болып жаумаған,
Секілді жаңбыр Алматы,
Тамшысы жырдан аумаған!

Ішінде сан мың тармақтың,
Ұйқасың болып қалмақпын.
Алматы дедім Аспанды,
Алматым менің, ардақтым…

Маңдайда бағы бар мекен,
Қанша арман сенде қалды екен,
Жастығымбысың, Алматы?
Алматы демек, алда екен!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері