Мен қызғанып қалды екен деп ойлама – Динара Мәлікова

Бұл бетте «Мен қызғанып қалды екен деп ойлама» атты Динара Мәлікова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Мен қызғанып қалды екен деп ойлама,
Терең сырды тебірентер ой ғана.
Сен қарайсың терезеге күбірлеп,
Мен қараймын алабұртып айнаға.
Бір бөлмеде екі түрлі толғаныс,
Бір бөлмеде екі түрлі алданыш.
Бізден бұрын жүрек кетіп барады,
Лүпілімен сезіндіріп жолды алыс.
Алыс жолға беттей алмай күрмелдік,
Жүрексіз-ақ, жүзімізбен түрлендік.
Аяғымыз өзі бастап баратын,
Өмір дейтін қараңғылау көрге ендік.
Жүрек кетті сия алмады бөлмеге,
Сырын айтпай, мұңын айтпай гүлге де.
Мұп-мұздай боп құшақтасып отырмыз,
Ақиқатты айта алмайды түн неге?
Бір бөлмеге шектеледі шындығым,
Жалғаныма жауапты екен бір күнім.
Есім түзу болғанына өкінем,
Жүрегім жоқ болғаны үшін жындымын.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері