Орман оты – Сырбай Мәуленов

Бұл бетте «Орман оты» атты Сырбай Мәуленов жазған табиғат туралы өлең берілген.

  • 07.02.2016
  • 0
  • 0
  • 2113
Отырдық бірге орманда
Оңаша басқа кісі жоқ.
Жүзеді биік заңғарға,
Қойнынан түннің ұшып от.
Тұрғандай біреу қолқалап,
Биле деп оған өтініп.
Билейді отты ортаға ап,
Ақ ару қайың секіріп.
Қайыңның биі таусылса,
Ойымды кенет бөле қап.
Елінің ескі салтынша
Оқиды достым өлең ап.
Ақынның үнін кәрі орман
Тыңдайды ұйып тым-тырыс.
Дейді ол егіз жаралған
От пенен өлең бір туыс.
Маздайды оттың жалыны
Маңдайды сипап лебімен.
Өлеңнің күшті сарыны
Ойнайды от боп менімен.
Орнады тыныштық бар маңда
Таза ауа тұнып мөлдірдей.
Отырдық біздер орманда
Өлеңмен отты сөндірмей.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері