Ақын рухымен сырласу

Бұл бетте «Ақын рухымен сырласу» атты Алтыншаш Жақиянова жазған поэзия туралы өлең берілген.

Жас қайыңдар биік - биік тал болып,
Жетім көлді таба алмайтын дал болып.
Мұқағали, тірі болсаң, жүрер ме ең,
Өлең жүгін арқалаған нар болып?!

Онда өзіңді «ата» дер ме ек, кім дер ек,
Ақын қызға берер ме едің бір көмек?
Жас қайыңдай көрінесің жас болып,
Қарттығыңнан таба алмадым бір дерек.

Жүрер ме едің ақсақалды абыз боп,
Маңайыңа жинап алып нағыз топ.
«Мынауың – ақ, мынау - қара» дер ме едің?
Қайран, аға, өзіңе айтар арыз көп.

Жүрер ме едің жырыңды оқып арада,
«Ақын ата» – деп, атар ма ек, жан аға?!
Қайың - талмен, тау - таспенен сырласып,
Күле қарап үлкенге де балаға.

Бұл күніңді тойлап бірге жер - жерің,
Жырыңменен жүректерді тербедің.
Тоғызыншы ақпанда кеп: «Өй, менің,
туған күнім, білесің бе?», – дер ме едің?!

Тамыршылдық жайлап алған жер бетін,
Көрер ме едің бүгінгі күн келбетін?
Қолым қысып қолдарыңмен күректей,
«Құтты болсын бұл кітабың!» дер ме едің?

Зор даусыңмен тамағыңды бір кенеп:
«Поэзияға үлкен талап, сын керек!»
Осыны айтып, қырын қарап отырған,
Алып тұлғаң елестейді дүр бөлек.

Сусындап ел өлеңіңнің нәрінен,
Ақындардың биік тұрсың бәрінен.
Өшпес жырың мәңгілікке тұрады,
Орын алып қазағыңның төрінен.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері