Өз-өзіммен сырласу

Бұл бетте «Өз-өзіммен сырласу» атты Алтыншаш Жақиянова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Күзі қалды өмірдің көктемі өтіп,
Өлеңімді келемін өткел етіп.
Жанға тыным бермедім ала жаздай,

Алғам жоқ па жазымды өкпелетіп.
Қай белеске, тағдырым, сүйремедің,
Жүрегімді найзамен түйреледің.
Бірін - бірі түртпектеп, іштен шалар

Қашан мына тірлікке үйренемін.
Үйренесің,

Жүресің өлмеген соң,
Жазың қайта жадырап келмеген соң.
Үйренесің көрге де үш - ақ күнде,
Өмір саған ырықты бермеген соң.

– Қайда барам?
Бұрылмас мойын артқа,
О бастан - ақ жаралған екем жатқа.
Туған жерді ұмытқан сорлы жүрек,

Келген жерді ұмыту қиын боп па?
Жүрек түбі сыздайды, шаншылайды,
Көзден кейде төгілер тамшы - қайғы.
«Уақыт өтіп барады, асыққын», – деп,

Шабан атты шабытым қамшылайды.
Жыр жазамын қай уақта ақын болып,
Нем бар еді аулыңа жақын қонып.
Қайран өлең, сорыма жаралдың ба?

Қалтыраймын күзімде жаным тоңып.
Жастайымнан өлеңмен сусап өстім,
Ұрпақ өсіп, жемісін жиса дестім.
Бала - шағам аман боп, бал немерем,
Қызығы боп жүрсем ғой осы кештің.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері