Жан – жайлау

Бұл бетте «Жан – жайлау» атты Бақыт Жасқалиева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Айтпадым сөзін өзгенің,
Көрінсе дағы көзге мін.
Отырмын – шыңырау кұдықтай
Құм көмген бұлақ көздерін.
Ісімді менің септер кім,
Күндерді күйкі өткердім.
Жыр-көңіл жабырқамашы,
Сынып қайта көктермін.
Біріндей көп-көп таныстың,
Отына жанбай намыстың.
Отырған кезім көп көріп,
шабытты шалқар шақырып
алаулар әсер қайда деп
өзіммен-өзім алыстым!
Жапанда жалғыз бір шыбық,
Шуақты іздер құлшынып.
Бір құлап кейде бір тұрам,
Өз деміме тұншығып.
Әр таңды күттім асыға,
Жылытса деп күн шығып.
Жанымдай – жайлау кеңістік
Сәтін бір аңсап күтемін
Кеудемді керіп тіршілік!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері