Күй – құдірет

Бұл бетте «Күй – құдірет» атты Бақыт Жасқалиева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жан бойымды қуалайды жалын – дем,
Селт еткіздің қара жердей сабырлы ем.
Күймен тербеп алып шықтың аспанға
Сиқыр сазбен бағындырған – барыңмен.
Полонезге салып бір сәт сыңсытып,
Көз жасымды ағызғанда ыршытып.
Саржайлаудың жанға жайлы самалы
Жан-дүниемді алды уатып, тыншытып.
Ажар етіп аспандағы Ай нұрын,
Атыс, шабыс құлақта үні – қайғының.
Алғанбысың жүрегіңе сыйғызып
Исатай мен Махамбеттің айбынын?!
Төпеп, төгіп нөсер болып өткенде,
Жайдың оғы тіліп түсер көктен де.
Табындырған күй талантын мұра ғып,
Құрманғазы саған беріп кеткен бе?
Асқақ күйден қойып көпшік тірегін,
Нұрлы өмірден танбай ұққан тілегін.
Дина әжем қалдырған ба мұра ғып,
Махаббатқа толы Ана жүрегін?!
Ұлт аспаптар оркестрін алып кеп,
Күй тартқанда қошеметтер – жарық көк!
Саған қарап бүкіл әлем ұғар ед
Қазақ деген неткен ғажап халық деп!
Құдірет күйін қазағымның баптаған,
Атын естіп бала кезден жаттағам.
Нарын құмнан түлеп ұшқан ақсұңқар
Саған жерлес болғаныма,
Саған жерлес болғаныма
Мақтанам!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері