Менсіз күнің

Бұл бетте «Менсіз күнің» атты Бақыт Жасқалиева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Болғаннан соң мен алыс, жат өзгелік тұрақта,
Мың қиналар жан-дүниең жауабы жоқ сұраққа.
Көрер күнің, атар таңың, алдағы арман-мақсатың,
Елес болып шықпай қойдым есіңнен
Жүрсем-дағы жырақта.
Отырдың кеп саяладың мөлдір бұлақ жағасын,
Одан таза, одан әсем жерді қайдан табасың?
Сылдыр ағыс – тәнті қылған жүрегіңді түрткілеп,
Қай-қайдағың еске түсіп болды алмаса мазасын.
Баса алмай-ақ іште жанған сол бір алау өртіңді,
Қара жерге жата қалдың исі аңқыған сан түрлі.
Тым-тырыс маң, қайыспас жер тағы еске салғандай
Отыратын моп-момақан боп менің осы қалпымды.
Тауға шығып сергімекке жаның құмар талпындың,
Қаз-қаз бастың, өрмеледің жарты жолда алқындың.
Екуміз де кеттік ағып екі айрылған өзендей,
Өзге жанға айырбастап ұмыта алмас бал түнді.
Ұзақ жүріп орман бардың: шынар, арша, ақ қайың,
Мен шығардай алдыңнан әр қадамнан сәт-сайын.
Желмен баяу жапырақтар сыбдырлайды сыр айтып,
Десем-дағы көңіліңнің терезесін қақпайын.
Қыр қуалап, асыр салып, аунаған шақ көк шалғын,
Көк шалғында есіңде ме келген сырды ақтарғым.
Менің от боп жанған ыстық кеудемдегі демімді
Шілдедегі қырдың ыстық ақ самалы деп қалғын.
Ылай ездің, кірпіш құйдың,
жолдар салдың сан қырдан,
Егін ектің, мал да бақтың, шөп тұрғыздың шалғыннан.
Барлық істе аянбадың, бар күшіңді жұмсадың,
Қорытындысы шығатындай мен боп күліп алдыңнан.
Айлы аспан, жұлдызды көк, салқын самал тынық түн,
Бебеу қағып, күй естілді құлақ түрдің – құнықтың.
Құлақтан кіріп бойды алғанда шым-шымдап,
Сағынышыңның маған деген басылмасын –
шын ұқтым.
Кеш демалыс жасырғандай жанда жарың – елік тап.
Театрда жаз күлкіңді әрең тұрдым көріп қап.
Сахнада өмір – адам, тағдырымен тартысып,
Ызалы әуен, қазалы күй елжіретті ерікті ап.
Жала – өсектің қайтпас құнын бір ашумен сездірдім,
Сенің-дағы жан күйімнің пернелерін дөп басқан.
Шекспирдің талантына бас идім,
Өзің деп мен Оттело үшін Дездемона боп өліп қап.
Жүрем әркез сеніміңнің, көңіліңнің сәні боп.
Жылу берген өміріңе, жүрегіңді жанып от.
Құлағың сал, енді бірде тұрармын,
Естай салған Қорлан қыздың әні боп.
Ар-ұяттың мініп қайық, кемесін,
Ту ғып ұстап төзіміңді келесің.
Ақ үмітті ақ сенімге жалғап ап,
Жан жарасын жазғың келер аймалап,
Ал жүрегің іздейді мені,
Ал жүрегің іздейді мені «қайдалап».
Қайрат деген мініп алып бір атқа,
Өрлігіңді салдың шыңдап қынапқа.
Қайсарлықты қамшы етіп сабалап,
Асқақтықпен мені ұмытпақ болғанмен,
Ал жүрегің көнбей қойды-ау бірақ та!
Күн, жер, әлем, махаббаттың атыменен ант етші,
Менсіз күнің күн емес қой,
Менсіз күнің күн емес қой – Рас па?


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері