Туған жер және махаббат

Бұл бетте «Туған жер және махаббат» атты Бақыт Жасқалиева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жарық жерге сен түскенде іңгәлап,
Туған жерде тамыр жайып адам өсіп шыңдалад(ы).
Ержеткенде қарыз қылып, сол бір сәттік сағыныш
Жүрегіңнен тартады екен туған жерің мұндалап.
Тағдырыңның мініп заңғар кемесін,
Өмір сені жарға соқса қасарысып көнесің.
Туған жердің кіндігіне махаббатпен байланып,
Тәуекел деп үміт артып келешекке сенесің.
Құмда жүрсең көзден ұшып қайдағыңды көресің,
Орман-тауда еске аласың жазық дала белесін.
Шыңда тұрып, айналаңа оймен өлшеп қарайсың,
Салыстырып тек онымен туған жердің төбесін.
Жан-жүректі билеп тәтті мұң-арман,
Сағыныш атты шыға алмай еш құмардан.
Қайда жүрме қимастықпен туған жерді аңсайсың,
Іздегендей ойда жоқта айрылып қап сыңардан.
Бірің Қырым, бірің Шығыс, жүргін мейлің Сібірде,
Талай жерге тәнті болып жан-жүрегің жібір де.
Бірақ бәрібір ұмыта алмайсың сол жерді,
Ыстық саған туған жерің түбінде.
Арманыңның ұстап мініп тұлпарын,
Көңіліңнің ұшыр мейлі, сан қияға сұңқарын.
Болып толған кезіңде де бәрібір
Туған жерге азаймайды ғашық көңіл іңкәрің.
Алатауды мақтар біреу туған жерім-төрім деп,
Ақжайықты дәріптер төгілді оған терім деп.
Туған жерін қаны тамған әлінше әркім сүйеді,
Жылуымен жүрегінің көркі оның керім деп.
Арман қылып мөлдір аспан, таң алдын,
Айбатымен дірілдеткен хан алдын.
Мен, жарандар!
Исатай мен Махамбеттің ізі қалған көне жер,
Мен солардың қаны сіңген топырағынан тарадым.
Күйлерінен төгіп сазын даламның,
Әлдиіне құлақ түрдім ғаламның.
Мен, жарандар!
Күй құдіреті Құрманғазы жаяу кешкен жерлердің,
Жел ұшырған топырағынан,
Жел ұшырған топырағынан жаралдым.
Құдірет – талант сан-саласы санамның,
Түсінуге жетер ме екен ой-өрісі адамның.
О, жарандар!
Дина әжемнің салған сазы ма деп қалам,
Қоңырлатып салған әнін анамның.
Бой өсірдім лебіне еріп самалдың,
Сүрлеу болып құба жонға таралдым.
Құм-шоқылы, жазық дала, шағырлы,
О, туған жер, тек өзіңнен нәр алдым!
Сен біреуге
құм шөлейтті – сары дала саналдың,
Меңіреу, мылқау тар қапаста
жылдар бойы қамалдың.
Бірақ бәрібір мұңайта алмас өзіңді,
Өр ұлдарың Исатай мен Махамбет
Сен соларды бетке ұстап – ар қылып,
Тек солармен сен тарихқа
жамау болып жамалдың.
Туған жерім
Бар махаббат, барлық өзім – тек сендік,
Жүрегімді жыр ғып жағып,
Бар әлемге атыңды мен паш етем.
Мен Нарынның,
Мен Нарынның топырағынан жаралдым!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері