Соңғы ауыл

Бұл бетте «Соңғы ауыл» атты Ұларбек Нұрғалымұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Ешкімнің түсіне де енбеген...
Сонау бір қиырдағы ауылдан,
Мен осы қалаға келген ем,
Атама қарамай жарымжан.

Алтайда, ақ боран өтінде,
Кеудеңді қызуға толтырар.
Шынымен, бұл жердің бетінде,
Қазақы соңғы ауыл сол шығар.

Сән қосып тәкаппар тауларға,
Табиғатты арда емген емес пе ол.
Қол бұлғап қалған сол жандарға,
Бұл қала мен болып елестер.

Әй, әттең, білмейді-ау бұл жерде,
Оймақтай орны жоқ ұлының.
Қуықтай бөлме үшін кімдерге,
Құл бола жаздаған құлынын.

Білмейді-ау, жанымның дерті бұл,
Жырымның тілімен от өрген.
Білмейді-ау, жандарды, жер түгіл,
Көр сатып көңілін көтерген.

Салт-дәстүр бұрынғы пішінде,
Өтті деп айтқанмен ол дәуір.
Шаңырақ көтеріп түсімде,
Қалада қаңғып жүр соңғы ауыл.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері