Өлең, жыр, ақындар

Жер жұлдызы

  • 07.02.2016
  • 0
  • 0
  • 1986
(Социалистік Еңбек Ері комбайншы
Аманкелді Исақов туралы жыр)
I
Аманкелді батырды,
Оқушы достым,танып ал.
Сабырлы, сырбаз ақылды
Сыпайы сұлу жаны бар.
Бүркеттей өткір жанары
Жете алар қиыр шетіңе.
Егіндей қалың қабағы
Жалданып түскен екіге.
Класты қанша тауысты-
Қайтеміз бәрін тізбектеп?
Жүдеулі жылдар ауысты,
Болды оған құла түз мектеп.
Адасты түзде,
Арқалап
Әкетпек болды қасқырлар...
Қасқырдай көзі қанталап,
Аранын ашты аш жылдар.
Олардың бәрін жазбадық
Көңілге салар қаяу мұң...
Қайталап қайта қазбадық
Батырдың өмірбаянын.
Қарасудың жерінде
Қоялық бала өсті, деп.
Өмірге ерте келді де
Жетілді делік кеш түлеп.
II
Апталар айды қуалап,
Сүйреді айлар жылды ұзын.
Лашықтан көкке сығалап
Іздеді бақыт жұлдызын.
Біреулер елде мұғалім,
Біреулер хатшы кеңесте.
Солармен баспай бірге адым,
Бұл артта қалды емес пе!
Баласы жарлы Исақтың,
Оқуға жұрттай халі жоқ.
Білмейді есеп-қисапты,
Жұмысқа бірақ жаны жоқ.
Осылай елде гуілдеп,
Ол жәйлі лақап тарады.
Туады қашан күні кеп
Ашылар ма екен таланы?-
Аманкелді оны ойлап,
Қатырып басын жатпады.
Ертемен тұрып жер айдап,
Жер болды оның баққаны.
Азабын соқа тартқызып.
Ауырлап кейде шаршады.
Батар ай түнде жатқызып,
Оятты құлқын таң сәрі.
Жабыққан жадау көңілмен
Өткізді ол солай әр күнін.
Өзінің туған жерімен
Байлады бекем тағдырын.
Жанбаса көкте жұлдызым,
Өкпелеу жерге ертерек .
Жайнату үшін қыр жүзін
Күсті қол,
ащы тер керек.
Кете де берсін басқа жұрт
Бай дала іздеп бас бағып,
Қаламын атамекенде,
Туған жер төсін жастанып.
Азапты жылды кешкен ол
Осы ойға іштей бекінді.
Кір жуып кіндік кескен жер
Кетпе деп тұрған секілді.
ІІІ
-Келеді бір үн қыр асып,
Оятып даусы қырқаны.
Найзағай дер ең күн ашық,
Не болды екен бұл тағы?
-Көрінді әне қарасы,
Қап-қара шойын немене?
Өгіздей бар –ау шамасы,
Әлде бұл әлге кеме ме?
-Өгізден бірақ тұлғалы ....
Денесі біткен сом қалай ?
Айтпакшы тракторлары
Осы бір алып болмағай....-
Басылар емес ел тегі
Гулейді басы құралып.
-Исақтың әлгі тентегі
Келе жатқан мұны алып.
Ерттеп мініп атындай
Алғанын қара үйретіп!
Қалды әне бізге жақындап,
Бұрылды бірден үйге тік.
Таңырқай қарсы ап ертеңін
Көтерді бейғам дала шу.
Трактор мінген «тентегін»
Қарсы алды солай Қарасу.
IV
Cодан бері шұбырып
Талай-талай жыл өтті.
Алды батыр шынығып,
Атын елі жыр етті.
Егінді кешіп белшеден
Еңбектеп өтті жас күні.
Миллиондармен өлшенген
Оның жиған астығы.
Шырқап дара шықты елден,
Аманкелді қазіргі.
Алтындалып түптелген
Кітапта аты жазулы.
Бірақ солай екенмін.
Деп бөспейді бұл кісі...
Айтты бірде шет елдің
Жолыққанын тілшісі.
-Қайда жұмыс орныңыз
Қалай батыр болдыңыз?
Адам білмес мұхитқа
Әлде барып қондыңыз?
Жандыңыз ба әлде отқа ?
Қаздыңыз ба жер астын?
Жүрдіңіз бе солдатта
Қан майданда сел тасқын?-
Осылайша шұбыртып
Қойды ол маған сауалын .
Азғана сәл кідіртіп,
Бердім қысқа жауабын:
-Майданда да болғам жоқ ,
Отта қайнап піскем жоқ.
Мұз мұхитқа қонғам жоқ,
Жер астына түскем жоқ.
Төктім маңдай терімді,
Күттім туған жерімді.
Төктім маңдай терімді-
Өсірдім ну егінді.
Түнге ұласа күндізгі от
Кең далада жағылды.
Маңдай терім жұлдыз боп
Омырауыма тағылды !-
Керіп қалың қабағын,
Бөгелді ол азырақ.
Сондағы оның жауабын
Жұртқа ұсындық жазып ап.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қырғыз әуенімен

  • 0
  • 0

Темірқұл Үметалиевке
Асу-асу бел асып,
Іздеп келдім, Ләйліхан.
Құшағымды кең ашып,

Толық

Тас мешін туралы аңыз

  • 0
  • 0

Бір бүйірде жатқан алыс шалғайда
Топалаңдай тиді мешін Торғайға.
Жеті ағайын болып кенет жетті жұт
Жетеуінен құтылатын жол қайда?!

Толық

Дауыл алдындағы тыныштық

  • 0
  • 0

Шекаралық бағандар
Тұр ұқсаған солдатқа.
Айнала тас, тау заңғар
Иран жатыр ар жақта.

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер