Жүрміз ғой ойнап-күліп, сыр ақтарып, – Ерлан Ахмет

Бұл бетте «Жүрміз ғой ойнап-күліп, сыр ақтарып,» атты Ерлан Ахмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жүрміз ғой ойнап-күліп, сыр ақтарып,
жоспарды жасап алып, бір апталық.
Біреулер жетіп жатса мұратқа нық,
біреулер қалып жатар жырақтанып.

Адам бар мәз болатын күндігіне,
бесінде ашылмайтын түндігі де.
Адам бар байлық, мансап қуаламас,
тоқмейіл тыраштанған тірлігіне.

Көреміз «мен, мен ғана» дегендерді,
түйені түгіменен жегендерді.
Білеміз мақтанудан қашар дәйім
еңбекпен еленетін ерендерді.

«Бес саусақ бірдей емес» білеміз ғой,
тірі адам тіршілікте жүреміз ғой.
Адам боп қалғанымыз абзал болар,
маңдайға жазылғанын көреміз ғой.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері