Өлең, жыр, ақындар

Мен Ромеомын, сен Джульетта

Мен Ромеомын, сен Джульетта:
Сезімді тағдыр түзіпті-ау.
Еске салғандай сол сюжетті,
Бұл өлең аздап бұзықтау.

Құшағыңды сенің бір көрсем еді,
Түнделеп келіп гитармен.
Он үштен жасың үлкен, себебі.
Қылмыстық кодекс, кет әрмен!

Қате ұғып, бірақ ысырма мені,
Қажетсіз маған секс-пир!
Ондай сюжетті ұсынбап еді
Уильям біздің Шекспир!

Автор, финалды таза қатырдың!
Қаскөйлік қылдың арсыздай.
Уын ішіп бұл махаббатыңның
Жүрген жоқпын ба онсыз да, әй?

Монтекки менен Капулетти
бір-біріне әзір қатыссыз.
Құда болатын екі әулетті
тату қылайық атыссыз!

Шатыстырмайық қыз аларды,
Отастырсын кеп қызды енді.
Атыстырмайық біз оларды,
Атастырсын тек біздерді.

Жарқ еткен неке — тың сюжет басы,
Басталсын өмір-родео!
Ұлы жүздің, хех, Джульеттасы,
Кіші жүздің ұлы Ромео.

Жолмен кетейік алабөтен,
Шекспирше жасап маңыз жоқ.
Жастай өлмей-ақ,
бола ма екен
қалуға мәңгі аңыз боп?

Жаңа өлең емес, жаңа өмір ғой.
Мен сені сүйем, білгейсің.
Себебі, мен Ромеомын ғой.
Джульеттамын демей кім дейсің?



Пікірлер (1)

Джульетта

Өте керемет өлең қазіргі кезде қаншама ақын бар. ромео мен джульетта екіуі кандай керемет өлең.?

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз