Жүрек үні
Отан – ана, туған ел, ата мекен,
Өр өлеңге өзіңді балап өтем.
Сол үшін белді будым, нар тәуекел,
Ер жігітте екі сөз бола ма екен?
Арманға жетем бе деп жалықпасам,
Балдырған сырларымды халыққа ашам:
Балаң жыр болашаққа шашуым деп, –
«Ақырын жүріп, мен де, анық басам!..»
Ырыс елі, бұл ауыл, тоқтық елі,
Тыныштық қой – мұндағы көп тілегі.
Туыссырап бір үйге келсең де сен,
Күллі ауыл мейманымыз деп біледі.
Жолаушым, орақ кезінде,
Арқаға келсең аралап;
Шалқыған ұқсап теңізге,
Шалықтап жатар бар алап.
Алтын нұр аймалап алапты,
Шапағат сәулесін таратты.
Шығыстан шырайлы күн шығып,
Таң атты, таң атты, таң атты!
Көкшетауым, Көкше деген ат қандай!
Көрген адам қалмас, сірә, шаттанбай;
Сексен көлі сексен ауыл секілді,
Тарқамас той төрінде өтіп жатқандай.
Япырмау, неткен ғажап өңір едің,
Тапқандай саған келіп көңіл емін.
Тотыдай тоғай жапқан төңірегің,
Толайым дүниенің төрі ме едің?!
Армысың, ардагер жер, ардақты шың,
Сен сері – сымбаттысың, салмақтысың;
Рахатқа батырасың келген жанды,
Сіміртіп самал – саумал, шәрбат – шырын.
Толқытып толқындарың торғын жайған,
Айнакөл, ажарыңа болдым қайран.
Суреті жүрген көптен жүрегімде,
Япырмау, бұл бейнеңді көрдім қайдан?!
Айдыны асау, айбынды қандай көл еді,
Ақынның талай арналған әйбат өлеңі;
Айнашым менің, Арқаның кенже бөбегі,
Ажырап қалған аспанның әлде бөлегі?!
Ғашықтар! Қудай жүзіп жүресің де,
Ойнайсың су шашысып, күлесің де;
Сендердей: Айна да қыз «гүл» есімді,
Жұмбақтас – жампоз жігіт, білесің бе?!
Үлпілдеген үкілі қоғалары,
Үзілдіріп көк айдын, көгал әні;
Көктем сайын келетін керуенімен,
Көкшетауға көп үйрек көкалалы.
Көктем мен көк мұз айқасып,
Көмекке Көкек жеткенде;
Көксоқта болар кәрі қыс,
Көндіге алмай от демге;
Сүйем сені! Арым таза, сөзім шын,
Көңілімнің Көкшетауы өзіңсің!
Асылынан алқа таққан көріктің,
Бақытымның Бурабайы деп ұқтым.
Сен ұялшақ қыз едің, Мен ұяңдау ұл едім.
Сен деп соғып жүрегім, Сел боп тасып жүр едім.
Сен алманың гүлі едің, Мен қайыңның бүрі едім.
Жанымда боп бір бақта, Жайнауыңды тіледім.
Е-е, достым, елес пе еді ол, ертек пе еді,
Еске алсаң еспе көңіл елтед тегі;
доп қуып кететінбіз, асық атып,
үй-үйдің тентектері.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі