Қасенге
Кетейін сөйлеп-сөйлеп сөз келгенде,
Түзелер қисық ағаш тез келгенде.
Өлеңді мұнда айтпаған, қайда айтамын,
Жақсылар, тату жолдас кез келгенде.
Сен өзің туғаныңнан маймақ едің,
Есіл бойын Көкшолақпен жайлап едің.
Қаңғырып Қызылжардың көшесінде
Қылжаңдап арақ ішкен парнақ едің.
Ассалаумағалейкүм, атың Мұса,
Жүзіңді бір көруге едім құса!
Қуандық-Сүйіндіктің қазығысың,
Кешегі етіп кеткен әкеге ұса.
Тұрлыеке, үміткерміз бір құдайдан,
Қарада хан өтпепті Абылайдан.
Тұсында Абылайдың құтпан болған,
Сөйлейін баян қылып Жолдыбайдан.
Бұрынғының биіндей би қалмады,
Бүгінгінің биінде ми қалмады.
Хатым — құран болмаса молдалардан,
Өлікке тамнан басқа сый қалмады.
Үш жүзге бойың жеткен биік аршын,
Үш жүзден таңдап алған ғашық жарсың.
Именбей ақ төсіңнен аймалатшы,
Иіскеп шыбын жаным сая тапсын.
Атығай қайран елім, қоныстасым,
Бар еді, құрбы-құрдас, шын мұңдасым.
Құданың құдіретімен уақыт жетті,
Барады алыс жолға ғарып басым.
Ұшына орамалдың түйдім сусар
Көп жылқы көкалалы көлде жусар.
Кешегі ел қыдырған есер шақта,
Ән еді Біржан салған «Жанбас сипар».
Ай қараңғы көрінер солған сайын,
Пенде азар кемеліне толған сайын.
Адамға ашу — пышақ, ақыл — таяқ,
Таяқ та мұжылады жонған сайын.
Біреудің аспанда жүр даражасы,
Біреудің көкте қолы, жерде басы.
Жақсының жаман менен айырмасы —-
Ойласаң, жер мен көктің екі арасы.
Ал, дүние, өтеріңді біліп едім,
Білдірмей серілікпен жүріп едім.
Бұл күнде арық қойдан бағам кейін,
Үш жүзді сайран қылған Біржан едім.
Мінсе берік, шапса жүйрік қазан атым,
Құлақ сал «Телқоңырға» жамағатым.
Баласы Қожағұлдың Біржан салға,
Жіберген хат пен қалам, аманатым.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі