Есте жоқ ескі заманда домбырада жалғыз ғана ішек, тауқұдіретте жалғыз ғана қанат болыпты. Тауқұдіреттің жалғыз қанаты еркегінің оң жағына, ұрғашысының сол жағына бітеді екен. Домбыра не істерін білмей іштен тынады. Тауқұдірет болса күндіз-түні Тәңірге мұңын шағып, қалықтап ұша алатын қос қанат сұрап, «құдірет-ау, құдірет» деп жалбарынумен болыпты.
Күндердің бір күнінде тауқұдіреттің аталығына бір ой келеді, «бүйтіп зарлап жүре бергенше, талпынып тірлік етіп көрейік» дейді де, аналық тауқұдіретпен қолдасып ұшуды ойлайды. Бірінде — оң қанат, екіншісінде — сол қанат, екі тауқұдірет бір-бірімен қолдасып, қанаттарын кере серпеді. Сол кезде жерден бауырлары көтеріліп, қалықтай ұшып жөнеледі. Жер беті дөңгеленіп төменде қалады. Қос тауқұдіреттің қанаттарын жел сүйемелдеп, көк жүзінде рақаттана самғайды. Сонда көңілдері шаттанған қос тауқұдірет қуаныштарын жасыра алмай «құдірет-ау, құдірет, мұныңа да шүкіршілік!» деп Тәңірге ризашылықтарын білдіріпті. Кейін бұл тауқұдіреттерден туған балапандарға тәңірі қос қанат дарытып еді дейді.
Осы оқиғадан құлағдар домбырашы «Қос қанат бірігіп еді — ұшты, егер домбырада қос ішек болса ше?» дейді де, екінші ішек тағып көреді. Сонсоң қос ішекті домбырасын тартып көрсе, ғажайып үн шығады дейді. Домбырашының қуанышында шек болмайды. Тіптен, риза болғандығы сонша — ең алғашқы күйін тауқұдіретке арнайды. Тауқұдіреттің алғашқыда қалай қиналғанын, «құдірет-ау, құдірет» деп Тәңірге қалай жалбарынғанын, сонсоң қолдаса ұшып көкке самғағанын күй тіліне салады.
Шынында да, бұл күйді тыңдап отырғанда, көсіп шертетін тұстары «Құдірет-ау, құдірет» деп сөйлеп қоя бергендей әсер етеді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі