Жошы ханның маңдайына біткен жалғыз ұлы құлан аулауға құмар екен дейді. «Құлан аулау қоян аулау емес, қауіп-қатері көп» деп хан оны аңға жалғыз жібермейді екен. Күндердің күнінде ханзада әкесінен ұрланып, аңға бір өзі шығып кетеді, бір жерлерге келгенде жайылып жүрген бір үйір құланды көреді. Қуанғаннан екі көзі жайнап, қорамсағынан сұр жебесін суырып алады да, жазықсыз жануарларды қынадай қырады. Қырудың қызығына түсіп кеткен ол, оғының таусылғанын да білмей қалады, ханзаданың қауқарсыз халін сезген көсем құлан оны қос өкпеден қос аяқтап теуіп, айдалада өлтіріп кетеді.
Ұлы хабар-ошарсыз кеткен соң, бір сұмдықты білген хан жаманатты естуге дәті бармай былай деп жар салады: «Кімде-кім баламның өлгенін есіттірер болса, аузына қорғасын ерітіп құямын». Мұндай сөзді естіген соң жаман хабарды барып айтуға кімнің батылы жетсін! Ешкім тіл қатып, тіс жармайды.
Бір күні тақта отырған ханның алдына қызметшісі жүгіріп келеді: «Алдияр тақсыр, ханзаданың хабарын білем деп есік алдына бір кісі келіп тұр» дейді ол. Хан: «Кірсін!» деп әмір етеді. Ішке қолында домбырасы бар бір кісі енеді. Хан: «Жолаушым, білгеніңді жасырмай түгел айт!» — дейді. Сонда күйші қолына домбырасын алып: «Менің білгенімді екі шек пен бір тиек айтып береді», — деп күмбірлетіп жөнеледі.
Күйдің алғашқы шумақтарынан шапқан аттың тұяқ дүбірі естілгендей болады. Көзінің қарашығындай жалғызы үй жанына кеп қалды ма деп жүрегі тулап қоя береді. Ханның жүзіне қан жүгіріп шырайлана түседі. Бірақ осы мезетте үстіңгі шектен жан дүниеңді әлем-тапырық еткен орны толмас өкініш пен қайғының сұмдық сарыны құлаққа келген еді. Домбыра адамша жылап, адамша егілді. Хан қабағын демде қара бұлт жайлап, еңсесі түсіп қоя береді. Қол созған жақсы үміті көзден ғайып боп, көңілін қапалықтың ауыр мұңы басады. Ендігі сәтте күйші құланды көрген ханзаданың қуана салған әнін, ажал алып зуылдай ұшқан сұр жебенің дыбысын, өлімнен қашқан аңдардың тұяқ дүбірін суреттегенде, ханның ойы отызға бөлінеді. Күй тілін түсінуді бұған несін жазды екен тәңірі! Күй шарықтап шырқау шегіне жетті — кенет арындаған екпін кілт үзілді де, домбыра көмейінен жан тәсілім еткен жанның ақырғы демі естілгендей болды. Ханның өңі сазарып қоя берді де, орнынан атып тұрды. Екі көзіне қан толып, бармағын тістелей берді. Күйші бұл кезде бастапқы қаралы тақырыпқа қайта оралып, күй екпіні әлсіреп, қайраты кеміп, дүниеден көшіп бара жатқан пенденің жете алмай кеткен арманын айтып, жанары сөніп бара жатқандай еді. Хан жас жуған жүзін екі алақанымен басып отырып қалды. Бірақ есін тез жинап алды да, өз әмірін екі етпей орындамақшы боп: «Жалғыз ұлымның жапанда мерт болғанын естірттің, жазаңды ал ендеше», — дейді де, — «жақсыны да, жаманды да айтпасын, осымен өмір бақи үні өшсін» деп домбыраның
көмейіне балқыған қорғасын құйдырады.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі