Мәулана Жалаладдин Руми жомарттық туралы былай деген екен: «Жомарттықта және көмектесуде ағып тұрған судай бол. Мейірім мен рақымдылықта күн сияқты, өзгелердің кемшілігін жасыруда түн сияқты бол. Ашушаңдық пен қызбалықта өлі сияқты бол. Қарапайымдылық пен кішіпейілділікте топырақ сияқты бол. Жұмсақтықта теңіздей бол. Я қандай болсаң солай көрін, я қалай көрінсең, сондай бол.»
Халық жадында құрметпен өзінің қайырымдылығы мен жомарттығына сай аты жайылған Атымтай жомарттан ( Хатим-Тай ) достары «Өзіңізден де жомарт біреуді көргенсіз бе?» деп сұрайды. Сонда ол: «Иә, көрдім» деп, мына оқиғаны айтып береді:
Бір жетім жас жігітке қонақ болған едім. Маған қой сойып, дастарханын жайды, сый-сияпат көрсетті. Қой етінен бір жері маған қатты ұнады. Ант етіп, «Мына жері өте дәмді екен» дедім. Жігіт бірден сыртқа шығып кетті. Он қойы бар екен. Біреуін сойып қойған, қалған тоғызын да бірден сойып жіберді. Маған ұнаған жерлерін пісіріп, алдыма алып келді. Мен болған жайдан хабарым жоқ. Қайтарда есіктің алдындағы қанды көріп, мән-жайды түсіндім де, ұрсып:
«Он қойдың бәрін сойғансың ба? Мұның не?» дедім.
Жігіт «Онда тұрған несі бар? Сізге бір нәрсе ұнап қалған екен. Ол нәрсе менің қолымда, сізден аяп қалғаным дұрыс бола ма?» деді.
Бұл оқиғаны тыңдап отырған достары:
«Жетім жігіттің сый-сияпатына сіз де оған бір нәрсе берген шығарсыз?» деп сұрады. Сонда Атымтай жомарт жауап беріп:
— Иә, бердім, бірақ аса маңызды саналмайды, — деді.
— Не бердіңіз?
— Үш жүз түйе мен бес жүз қой.
— Олай болса, сіз одан да жомарт екенсіз.
— Жоқ, ол жігіт менен де жомарт. Өйткені ол малының бәрін берді. Ал мен малымның тек азын ғана бердім. Кедей адамның жарты нанын толықтай қонаққа бергені маңызды ма, әлде бай кісінің үлкен табынынан бір түйесін қонағына сойып бергені ме?
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Жайнур
макалалар сондай тартымды, мағыналы , осы шығармалардың бәрін ұғынып, түсінетіндер аз болса керек