Кентазы деген қалмақ ханы болыпты. Орта жүздің Абылай деген ханы болыпты. Сол Кентазы сол тұста қазақ жеріне екі рет шабуыл жасапты. Елін, малын айдап кетіпті. Енді үшінші рет шабады дегенді естіп: «Бұған не жасаймыз, жауласуға күшіміз жетпейді. Елші жіберіп, теңдік сұрайық», — деген тоқтамға келіпті. Ханның сөз білетін он уәзірі бар екен. Әр уәзір өзін қосқанда он-оннан жүз кісі жинап, жүз кісі елші жібермек болады.
Сол күндері Келдібек деген байдың жылқышысы айтады екен:
— Осы биенің ішінде не тас бар, не тұлпар бар. Еркек туса, бір сүтті биенің құлынын өзің бауыздап же де, соған телі, — дейді.
Келдібек бір күні үйіне келсе, баласы ойында болады. Баласын шақырып алып:
— Абылай хан Кентазыға кісі жібергелі жатыр. Тоқсан тоғыз кісі болды, бір кісі жетпей тұр. Соған баруға қалайсың? — деп сұрайды.
— Балалармен ойнап жүрген бұл да бір қызық дәурен еді. Дегенмен, үлкендердің қасына еріп, жол жүріп, жөн білейін, — деп баласы келісім береді.
Тел емген құлын бұл күнде Телқоңыр тай аталыпты. Баласы тайды мініп ханға келеді. Хан елшілерін шығарып келе жатқанда баланың астындағы тай ақ көбік шашып ойнайды.
Хан баланы шақырып алып:
— Сен осы топқа басшы боласың ба, жоқ әлде қосшы боласың ба? — дейді.
Бала:
— Мен атқосшы боламын, — дейді.
Абылай хан елшілерге:
— Мына бала сендерге еріп барады, жинақ болған жерде бала деп алмай, тастап кетіп жүрмеңдер, — деп тапсырады.
Жүз кісі Кентазы еліне келеді. Ханның еліне келген соң, хабар беру керек болады. Сонда бала тұрып:
— Мен барайын, — дейді. Бала барып ханға хабар береді.
Хан уәзірлеріне:
— Елшілерді он, жиырмадан бөліп, әр жерге түсіріңдер, — дейді.
Бала:
— Менің адамыма бір жерден орын бермедің. Мен ат бағамын, аттарыма бір жерден орын бер, — дейді. Аттарға бір сарай беріледі.
Хан:
— Бұлардың тай мінгізіп жіберген баласы несі? Келемеж қылғаны ма? Адамдарын өлтіріп, аттарын жылқыға қосып жіберсе қайтеді, — дейді.
Сонда ханым:
— Тай дегенің тұлпар болмасын, бала дегенің сұңқар болмасын. Хандығыңды сақта, — дейді.
Сыншы тоқсан тоғыз кісіні сынап, ештеңе таба алмайды. «Енді аттарын сынап көрейінші» деп сарайға келеді. Сарайға келсе, бала шалқасынан ұйықтап жатыр екен. Екі қолы, екі аяғы екі жақта. Демалғанда аузынан бір сарыбас жылан бір кіріп, бір шығып жатыр екен. Сыншы шошып кетіп, көрген-білгенін ханға баяндайды:
— Сарайда бір бала жатыр. «Аузым барғанша сөйлеймін, қолым барғанша сермеймін, аяғым барғанша жүремін» деп жатыр, — дейді. Хан бұған мән бермейді.
Хан бір күні елшілерін жинап, қызметін сұрайды. Елшілер абдырып қорқып, жауап бере алмайды. Сонда бала босағада тұрып:
— Неге айтпайсыңдар,
Ханнан ханның несі артық,
Қарсы болғандығы артық.
Елден елдің несі артық,
Еркіндігі артық, — дейді.
Сонда хан:
— Әй, мынау сырнайдай сарнаған, бұлбұлдай сайраған қай бала? — дейді.
Бала сонда тұрып:
— Өзімнің атым — Қазыбек,
Әкем аты — Келдібек.
Руым — қаракесек.
Абылай ханның елшісімін.
Бір шаптың, екі шаптың,
Енді теңдік сұрай келдім.
Берсең қолыңнан,
Бермесең жолыңнан ала келдім, — дейді.
Сол кезде хан дірілдеп қоя береді. Баланың қолтығынан ұстап:
— Төрге шық, — дейді.
Бала:
— Үлкеніміз тұрғанда, кішіміз төрге шықпаймыз, — дейді.
Хан уәзірлеріне:
— Мен өмірімде сыйлық та, олжа да беріп көрмеп едім. Бұлардың бас-басына сыйлық беремін. Бұрынғы жаулап алғанымның тірісін тірідей, малын малдай беремін, — дейді.
— Баладан мұнша қорыққаның не? — деп сұраған уәзірлеріне:
— Баланың екі иығыңда екі аю маған қарап: «тырп етпе!» дейді. Балаға қаз дауысты Қазыбек деген атақ беремін, даусы қаздың даусыңдай сұңқылдап шығады екен, — дейді.
Хан елшілерді шығарып салып келе жатқанда, амандасар жерге келгенде, шабыннан келген бір жігіт ханға келіп:
— Мен келгенімде жақсы ат, жақсы киіммен келдім. Атымды, киімімді тартып алғанымен қоймай отыз тісімді сындырды, — депті.
Хан:
— Ат дегенің — бір жылқының баласы ғой, киім дегенің — бір тоқтының терісі ғой. Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде, — дейді.
Сонда Қазыбек тұрып:
— Тіс — адамның болаты емес пе, ат — адамның қанаты емес пе, тон — адамның киімі емес пе, бер мынаның теңдігін! — дейді.
Хан астындағы атын, үстіндегі тонын, қолындағы семсерін беріпті.
Айбике
ХІХ ғасырдың шала сауатты адамдарына айтатын ертегіні бүгінгі сауатты ұрпаққа қайталап, санасын улаудың қажеті қанша? Қаздауысты Қазыбек туралы, жалпы тарихи тұлғалардың қай-қайсы жөнінде де нақты деректерге негізделген ақпараттар тарату керек. Құдайға шүкір, қазіргі таңда елемізде де, шет елдерде де архивтер ашылып, бірсыпыра деректер жарыққа шығып жатыр. Ұлт қаһармандары жайлы ертегі айтуды тоқтату керек. Ол білім емес.
Айсұлу
Айбике, Қазыбекті жақынан танитын адам сияқты айттыңыз ғой) Cіз естімеген нәрсе жоқ дегенді білдірмейді)
Алма
Жалпы ертегі, аңыз, әңгіме жақсы ғой) Бірақ Айбике сөзіңде жан бар. Деректерді ашып жаңарту керек. Ал екінші жағынан бұл да бір дерек қой. Оны шала сауатты айтады ма профессор айтады ма? Бізге дейін түрлі жолмен жетіп келгеніне шүкір етіп қуанайық. Қатты сауатты болсаң сонымен айналысып, ақ қараны ашып бер. Ал жоғарыдағы әңгіме шындыққа қатты жанасады. Тарихымызды ескерсек.
Сұлтан
Айбйке дұрыс айтады
Арман
Қызық әңгіме екен. Негізі тарихты қағазға жазбағандықтан нұсқалар көп. Жүйеге салып ешкім жазбағандықтан. Соның өзі тарих. Шетелдегілер қайдағы жоқ Қазыбекті жазып жүреді ма екен? Қуады осы Айбике сияқтылар? Қандай Архив? Мына кешегі тарихымыздың өзі бұрмаланған. Кешегіні қояберші, бүгінгі астананың төрінде орналасқан экспоның ішінде, бәйтеректің өзінде қазақтың тарихы туралы ертегілер айтылып жатқанда. Одан бөлек астында да аңыз деп жазылып тұрған жоқ па?
Даулет
Бұны жазған адам, ешқандай тарихтан хабары жоқ адам екен. Біріншіден қалмақта Кентазы деген хан болған емес. Екіншіден, ол Қазыбек би бала кезінде қалмаққа барғанда Абылай хан туылғанда жоқ. Үшіншіден қазақ қалмақ шабуыл жасайды деп ешқашан қорыққан емес, сол қорықпағандығынан шабуылға ұшырап Ақтабан шұбырын болған. Жазбада Қазыбек бала айтыпты мыс елімді бір емес екі рет шаптың , енді теңдік сұрай келдік болмаса соғысамыз деп айтты дейді. Ал, әңгіменің басында Қазақ елі қорқып елші жіберіп бітім сұрапты деп жазыпты, ал өздері қорқып бітім сұрап барса, олар қалайша соғысатын жеріңді айт деп шарт қояды. Рас, қалмақтар қазақтардың шет жатқан аулдарын шауып мал -жанын тұтқындап алып кеткен. Сол кезде қазақтар қалмақтарға қарсы соғыс ашамыз деп жиналған, бірақ ел ағалары, билер сабырлыққа шақырып бірінші елші жіберіп бітім жолмен шешейік, оған келіспесе қалмаққа шабуыл жасаймыз деп, арнайы елші жіберген. Сондықтан Қазыбек атамыз кесек, еркін , қорықпай сөйлегені. Ал өздері қорқып зорға барса , олар қалай қорықпай сөйлейді? Бұндай тарихи әңгімелерді шығарып жазған адамның , болмаса топтың көздеген мақсатын түсінбедім. Өте сауатсыз адамдар екен. Әңгіме желісінде өтіріктің көп екенін қалай білмейді? Болмаса әдейі қазақ тарихын арнайы бір мақсатпен бұрмалау. Бұндай әңгімені сайтқа жариялаған, оған рұхсат бергендердің барлығы ақымақ екен.
Алма
Арман, нұсқалар көп қой. Оның бәрін ысырып тастау тарих ғылымына қайшылық болады. Сауатсыз іс болады. Сол себепті барлық нұсқалар қаралу керек.