Өлең, жыр, ақындар

Есте қалған екі оқиға

Менің әкем Ахан Дүйсенұлы — бүкіл өмірін осы Успен руднигінде жұмысшылықпен өткізген адам. Ұзақты күн жүріп жұмыс істегендегі табысы шиеттей жеті бала мен қарт анамызды асырауға жетпейтін. Жеті баланың ішіндегі ең үлкені — менің өзім 1892 жылы ғана туғанмын. Бір біздің үй емес, барлығы да нашар тұратын еді. Жоқшылыққа төзе алмағандықтан ғой деймін жұмысшылар қожайындармен ойбайласып-бойбайласып төбелесіп жататын-ды.

Адам жас уақыттағысын ұмытпайтын көрінеді ғой. Күні бүгінге дейін көз алдымда көрініс беріп, есімнен кетпейтін екі оқиға бар, оның бірі мынау.

1905 жылдың күзі, қаңтар айының бас кезі. Жоқшылық зардабын шеккен осы Успеннің жұмысшылары бір күні тік көтеріле жұмысқа шықпай қойсын. Жұмысқа тек қазақтар ғана емес, орыстар да шықпай қойды...

Біз онда жаспыз. Менің 13-14-тегі ғана кезім. Ондай жанжал түгілі, әлі жұмысқа да түсе қоймағанмын. Кәзірде тірі Күржебайдың Сембегі, Тышқамбайдың Аманбегі сияқты балалар жиналып алып алыстан ғана төбелестің қызығын қарап жүрміз. Бір кезде күллі жұмысшы жиналды. Жиналған жұмысшылар лек-легімен қожайынның үйіне қарай ағылып барады. Қожайынның тастан салған үйін жиналған жұрт қоршап алды. Қоршаудың ішінде даң-дұң сөз. Оның не сөз екенін де білетін біз жоқ...

Ең алғаш бұл Успен руднигінде қызыл жалау сонда ғана желбіреді. Көтеріліс басталғаннан кейін бір күн рудник канторының ең биігіне қызыл шүберек байланған ұзын сойылды қадап қойды. Біз онысы не екен деп таңғалып жүрміз. Сөйтсек, онымыз қазіргі қызыл ту екен ғой.

Сол жолы жұмысшылар қожайынның дүкендерін өз беттерімен ашып, керек нәрселерін қолымен алған ғой. Әй, балалар да конфетке бір тойды-ау!

«Сол көтеріліске қатысты, қожайынға қарсы тұрды» деп менің әкем Ақанды, Көшкенбайдың Ысқағы, Аманбектің Аға- ламы сияқты бірнеше кісілерді жұмыстан шығарып тастады. Сол ереуілді басқарушы Топарнин дегенді Успеннен мүлде қуды. Оның өзін көрдік. Ол кезде қырықтың шамасындағы адам сияқты еді. Ұзын бойлы, қошқартұмсық кісі еді. Қазақтар «Қошқар тұмсық» дейтін.

Әкемді бірсыпыраға дейін жұмысқа алмады. Күнкөріс нашарлады. Жұмыс істейтін адам жоқ. Содан әкем десятникке пара беріп, мені жұмысқа орналастырды. Яғни менің 15 жастағы кезім, 1907 жылы еді...

Екіншісі мынау еді:

1909 жылы осы арадағы урядниктің Балабек деген отряжнигі болды. Оны қазақтар «Салқара» деп атайтын. Өйткені ол үстіне үнемі ақ киім киіп, сәнді жүретін. Бір күні сол Салқара қожайындардың лавкасында тұрса, үстіне көксау Ысқақ пен Қалқымбетов Ахмет дейтін жұмысшылар кіріп келеді. Бұл екеуінің жұмыстан шыққан беті екен. Үсті-бастары былғаныш болады. Төрт-бес кісі айналуға келмейтін тар лавканың ішінде Ысқақ пен Ахметтің кірлі киімдері Салқараның үстін былғап кетеді. Бұлар менің үстіме күйені әдейі жақты деп ойлаған
Салқара, бұл екеуіне дүрсе қоя береді.

— Мен сені білемін иттің баласы, Ысқақ, — деп әсіресе Көшкебайдың Ысқағына әкіреңдей түседі.

— Балабек, әкеден әкенің артықшылығы жоқ, артық болсаң, менен сенің өзің ғана артықсың. Әкіреңдеме! — деп Ысқақ айтады. Дүкенші екеуін айырмақшы болған екен, Салқара бой бермейді.

— Мен сенің кім екеніңді білемін. 1905 жылғы қожайындарға, патшаға қарсы болған сен болатынсың. Енді, міне, істеп тұрғаның...

Бірақ Ысқақ ешқандай қарсылық көрсете қоймайды. Ахметте: «Осы ит бір пәле жасап жүрер» деп ештеңе демейді. Салқара үдей түседі. Бойын ыза кернеген, ашуға булыққан болу керек сол жерде Ахмет:

— Әй, Балабек, қой енді. Салқарадан сан қара бола салуың да ғажап емес, — дейді. Осыған ерегіскен Салқара Ысқақ пен Ахметті апарып абақтыға жауып тастасын.

Мұны естіген жұмысшыларды ашу-ыза кернеді. Бәрі бір жерге топталып жиналды да, абақтыға қарай бет алды. Абақтының күзетшісі қарсыласып жуытпайын деп еді, оған қалың топ ерік берсін бе? Өзін қуып жіберді де, абақтыны бұзып, тұтқындарды босатып алды. Осы кезде Салқара мен урядник шықты. Олар көпшілікке мылтық ата бастады. Оқтың өтіне тұруға кімнің батылы барсын, ығыса түсті. Олар қынаптарынан суырып алған қылыштарын жарқ-жұрқ еткізіп шегініп ығыса қашқан халықтың соңына түсіп берсін. Өзіміз ол кезде жаспыз ғой. Және бұрын ондайды көрмеген қорқақпыз. Шегіне қашқандардың алдында оқ бойы ілгері келеміз. Сол кезде сол рудникте көптеген жұмыс істеген, денсаулығы нашар, көксау Байбөрі деген кісі жүгіре алмай топтың артында қалып қояды. Артынан қуып жеткен урядник қылыштың сыртымен бастан ұрып жібергенде мұрттай ұшады. Мұрттай ұшқан оның ұртына қылыштың ұшын тығып алады. Әлгі байғұс соның зардабынан үш ай төсек тартып жатты... Жұмысшылар болысқа, пристопқа арыз берді. Бірақ не керек, аяқсыз қалды.

Осы күні біздің үйіміз Успен руднигінің шығыс терістігінде тұрады. 1907 жұмысқа түскеннен 1956 жылдың апреліне дейін жұмыстан қол үзгенім жоқ. Тек тақауда ғана пенсияға шықтым.

Жұмыстан үйге, үйден жұмысқа бара жатқанда, біздің үйден 75 метрдей жер тұратын Байбөрінің құлаған ояңын көремін. Сол уақытта бір мезет әлгі оқиға есіме түсіп кетеді де, бүкіл оқиға көз алдыма келеді.

— Бүгінгі күн ертең жоқ!... Пай-пай, өтіп бара жатқан өмір-ай десейші! Мінеки, екі өмірдің куәсі болып отырғанымыз мынау!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз